• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2015

Күрделі кезеңнің кереғар көріністері

295 рет
көрсетілді

Әлемдік қаржы сахнасындағы жеңіс Аспанасты елі әлемдік қаржы сахнасында тағы да айды аспаннан шығарды. АҚШ-тың жанталаса қарсылық көрсеткеніне қарамастан ҚХР жаһандық қаржы қозғалысында көшбасшы болатын мүмкіндігі мол Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкін (АІІВ) құрмақ. Бұл жаңа қаржы орталығына мүше болғысы келетіндер қатары күн сайын көбейіп келеді. Вашингтон Аспанасты елі құрған АІІВ болашақта Бейжіңнің сыртқы саясаттағы ықпалды құралына айналатындығынан қауіптенеді. Сондықтан Ақ үй ҚХР-дың Азия қаржы рыногында күш алып, басқа құрлықтардағы қаржы ойындарында шешуші рөл атқаруына тосқауыл қоймақ. Осы мақсатпен Вашингтон қолдан келгеннің бәрін жасап бақты. Бұл ретте ол ең алдымен өздерінің сенімді одақтастарына сүйенді. АҚШ өзінің еуропалық және азиялық одақтастарына бұл банк­тен «ауылын аулақ салуын» ескертіп-ақ бақты. Бірақ «өз көйлегім өзіме жақын» қағидасын ұстанған одақтастары Ақ үйді «сатып кетті». Сөйтіп, Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкіне мүше болу үшін бірінші кезекте Германия, Франция және Италия ниет білдірсе, АҚШ-тың ең сенімді жақтастары Австралия, Жаңа Зеландия және Канада мемлекеттері де осы қатардан көрінбек. Тіпті, Вашингтонның айтқанынан шықпайтын Лондон да бұл жолы АҚШ-тың мүддесіне кереғар бағытты ұстанды. Азия құрлығындағы қаржы сахнасында Бейжіңнің толық үстемдік құрғанын АІІВ банкіне Жапонияның мүше болуы да дәлелдейді. Бұған дейін Азия даму банкінде Жапония мен Америка басымдық танытып келген еді. Енді Азия даму банкіне бірден-бір бәсекелес АІІВ болғалы тұр. Жаңа қаржылық орталықтың бұл міндетті абыроймен атқаратынына сарапшылардың сенімі мол. Өйткені, қазірдің өзінде бұл банкке мүше болуға ниет білдірген мемлекеттердің қатары артып отыр. Әрине, бұл ретте АІІВ-ға мүше болуға барынша ықыласты болып отырған дамушы мемлекеттер екенін ерекше атап өткен жөн. АІІВ белсенді жұмыс істей бастаған кезеңде АҚШ-тың дамушы елдер арасындағы беделі бұрынғыдан да төмендейтіні анық. Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкінің негізгі құрылтайшысы ҚХР жаңа қаржы институтына миллиардтаған доллар ақша салумен бірге, бас құрылтайшы ретіндегі өзінің вета қою құқығынан да бас тартты. Бұл қадам банкке мүше болушы мемлекеттердің болашақ қаржы институтына деген сенімін арттыра түсті. Банкті басқару және басқарушы органның құрылымын белгілеу жөніндегі келіссөздер әлі аяқталған жоқ. Осы кешенді мәселелер бойынша кезекті пікір алысу наурыз айының соңында Қазақстанда өткізілмек. Бейжіңнің мәлімдеуі бойынша, құрылтай келісімшарты маусым айында дайын болып, Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкі жыл соңында толық қуатында жұмысқа кіріседі. Алдын ала белгілі болып отырғанындай, дауыс беру құқығының 75 пайызы 27 азиялық мемлекеттің, ал қалған 25 пайы­зы басқа құрылықтағы мүше мемлекеттердің үлесіне берілмек. Сарапшылардың айтуынша, АІІВ-тің құрылуына басты себеп қазіргі кезеңде Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға Бүкіләлемдік банктің және Азия даму банкінің әлеуетінің жетпей жатқандығында болып отыр. Экономистердің пікірінше, бұл мақсатқа жыл сайын орта есеппен 750 миллиард доллар қаржы қажет. Ал бас экономист Вэй Шанцзин­нің айтуы бойынша, өткен жылы Азия даму банкі 22 миллиард доллар ғана қаржы салған. Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкінің уақытша президенті міндетін Цзинь Лицюнь атқаруда. Ол АІІВ банкінің жұмысына әлемнің ең тәжірибелі қаржыгерлерін тартуда. Олардың ішінде бұрын Бүкіләлемдік банк­те және Халықаралық валюта қорында қызмет істеген мамандар да баршылық. Мәселен, АІІВ-те қызмет атқару үшін Цзинь Бүкіләлемдік банктің бұрынғы заңгері Натали Лихтенштейнді тартып отыр. Қазірдің өзінде әлемнің 35 мемлекеті АІІВ-ке мүше болды. Наурыз айының соңғы күніне дейін олардың қатары бұдан да артады.  Бейжіңнің болжамы бойынша, Оңтүстік Корея да, АҚШ-тың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы басқа да одақтастары АІІВ-ке мүше болмақ. ҚХР алғашқыда АІІВ банкінің жарғылық капиталы 50 миллиард доллар деп белгілесе, енді оны екі есе арттыруды көздеп отыр. Әлемдік қаржы сахнасындағы Қытайдың бұл жеңісін Ақ үй мойындауға мәжбүр болды. Оған Вашингтонның Бүкіләлемдік банкке және Халықаралық валюта қорына жаңа қаржы институтымен ынтымақтаса жұмыс істеу жөніндегі көзқарасы дәлел болса керек. Пикассоның бір суреті – 140 миллион доллар Әлемдегі ең ірі Christie’s атты аукцион үйі италиялық сенатордың мұрагерлерімен ұзаққа созылған сот үрдісін бастады. Италиялық сенатордың мұрагері аукцион үйін ұрланған көгілдір гауһар тасты сатты деп айыптауда. Bloomberg агенттігінің хабар­лауын­ша, сенатор Ренато Аньолил­лоның мұрагерлері Нью-Йорк қаласының сотына Christie’s аукцион үйі салмағы 34,65 карат болатын «Кішкентай ханзада» атты көгілдір гауһар тасты заңсыз сатты деп шағым түсірген. Олардың айтуынша, 2013 жылы 39,3 миллион долларға сатылған бұл гауһар тас сенатордың әйелінен ұрлап алынған дейді. Сенатордың әйелі 1978 жылы жұбайы өлгеннен кейін бұл гауһар тасқа ие болып қалған көрінеді. Christie’s аукцион үйі өкіл­дерінің айтуынша, аталмыш гау­һар тас барлық құқық нормалары сақтала отырып, заңды түрде саудаға түскен. Атақты асыл тасты аукционға шығарған адам оның толық иесі екендігін дәлелдеген көрінеді. Аукцион үйі иелерінің айтуынша, сенатор мұрагерлерінің бұл шағымы «марқұм болған сенатор мұрагерлерінің арасындағы көптен жалғасып келе жатқан мұрагерлікке таластың» салқыны сияқты. Жақында әлемге әйгілі Christie’s аукцион үйі даңқты Пабло Пикассоның бір картинасы 140 миллион долларға сатылатындығын хабарлады. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, аталмыш аукцион үйінде 11 мамырда өткізілетін аукционға Пикассоның 1955 жылы салған «Алжирлік әйелдер» сурет сериясының «О» нұсқасы қойылмақ. Қылқалам шеберінің «Алжирлік әйелдер» атты сурет сериясы 15 картинадан тұрады. Тиісінше, олар «А»-дан «О»-ға дейін белгіленген. «О» белгісімен нұсқаланған 15-ші картина бұл серияның ең үздік туындысы болып есептелінеді. 1997 жылы өткен аукционда бұл картина 31,9 миллион долларға бағаланған болатын. Мигранттар мүддесін қорғау үшін Словенияда шетелдерден келетін жұмысшылардың құқығын қорғау жөнінде жаңа заң қабылданды. Бұл заңның қабылдануына шет елдерден келіп жұмыс істейтін мигранттардың мүддесінің ешбір қорғалмай келгендігі себеп болды. 2008 жылы Словенияда шетелдерден келіп жұмыс істейтін азаматтардың саны 88 479 адамды құраған екен. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 17 457 адамға дейін құлдырапты. Мамандардың айтуынша, бұл елде жұмысшы-миг­ранттардың құқығын бұ­зу фактілері белең алған. Кәсіп­одақтардың мәлімдеуінше, шеттен келген жұмысшылардың жалақылары уақытында бе­ріл­- ­­мейді. Жұмыс уақытынан тыс атқарған еңбегі үшін ақы тө­леу деңгейі төмен, жұмысқа жарамсыздығы жөніндегі анық­тама алған жұмысшыларға ешқандай өтемақы берілмейді. Сол сияқты еңбек демалысы үшін берілетін өтемақы да төленбейді. Қара жұмысқа сұраныс көп болатын кәсіпорындарда шеттен келген жұмысшылардың күші көп пайдаланылады. Олар­- дың жалақысы көп ретте «конвертке» салынып төленеді. Жұмыс берушілер салық және басқа да әлеуметтік жарналарды төлемеу үшін шет елдерден келген жұмысшыларды есепке алмайды. Олар денсаулық сақтау, сақтандыру орындарын­да тіркелмейді. Міне, осындай­ заңсыздықтардың алдын алу мақ­са­тында Словенияда «Жұмыспен қамту, өзін өзі қамту және шет­елдіктердің жұмысы» атты жаңа заң қабылданды. Бұл заң бойынша жоғарыда айтылған көптеген келеңсіздіктерге тосқауыл қойы­лады деп күтілуде. Сонымен бір­ге, Словения республикасының жұмыспен қамту жөніндегі депар­- таменті шетелден келетін жұмыс­- шылардың құқығын бұзу факті­лерінің алдын алу мақсатында полиция, прокуратура және басқа құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыстар атқармақ. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».