• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2015

«Мектепке жол» акциясы: Жан-жақты қамқорлық көрсетіледі

280 рет
көрсетілді

Өңірде «Балаларға бірлесіп көмектесейік!» ұранымен өтіп жатқан «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясының өтуі жайлы сұрағанымызда облыстық білім басқармасының кәмелеттік жасқа толмағандар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Айгүл ОСПАНОВА былай жауап берді: – Жаңа оқу жылында 70 мыңнан астам оқушы өз білімдерін одан әрі жалғас­тырады. Олардың 9 мыңға жуығы тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан болса, 700-дейі жетім және ата-ана­ның қамқорлығынсыз қалғандар ­санатынан. Кешенді жүргізілген рейдтер кезінде ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған ата-аналардың балаларына баса назар аударылып, мектепке барудан бас тартқан 10 оқушы анықталды. Оларды қалталы азаматтар кеңсе тауарларымен, спорт киімдерімен қамтамасыз етті. Әр аудан бойынша аз қамтылған отбасылардың саны белгіленіп, шаруашылықтарға бекітіліп берілді. Бірінші қыркүйекке дейін 4500 оқушыға жергілікті қазына, 7600 оқушыға бюджеттен тыс кіріс есебінен 50 миллион теңгенің көмегін беру жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенованың жетекшілігімен өткен ұйымдастыру комитетінің таяудағы мәжілісінде қосымша шешімдер қабылданып, ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлу міндеттері жүктелді. «Мектепке жол» акция­сы аясындағы жақсы бастама­лар жан-жақты қолдау тауып­ келеді. Солардың біріне Петро­павл қаласының әкімі Марат Тасмағамбетовтің Саве­льевтер отбасына 70 мың тең­генің мате­риалдық қол ұшын бергенін ай­туға болады. Тілдерді дамыту, мал дәрігерлік, табиғат ресурс­тары және табиғат реттеу бас­қармалары да өздері қамқор­лыққа алған оқушыларға кеңсе тауарларын жеткілікті түрде сатып әперді. Мұндай мысалдар көп. Шараның алғашқы кезе­ңінде тұрмысы төмен отба­сылар­дың 171 баласына 791 мың теңге­нің материалдық көмегі берілді. Өзекті мәселелердің бірі – қа­жетті оқулықтармен, оқу құрал­­­­дарымен жеткілікті қамту. Бүгін­де мектеп­терден оқулық­тарға қатысты өтініштер қабыл­данып, бұл мақсат үшін жергілікті қазы­надан 400 миллион теңге қарас­тырылған. Осынша қаражатқа жаңа оқулықтар алынып, тегін таратылатын болады. Өткен жылғыдай биыл да оқушыларды оқулықтармен толық қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл жөніндегі шара үш кезеңге бөлініп – «Кітап қорын тексер!», «Мектеп оқулы­ғы», «Сыйлыққа – оқулық!» атау­ла­рын иеленген. Осыған орай білім беру бөлімдері бойынша кітап қорлары тексеріліп, мони­торинг жүргізілді. Оның барысында мектептер арасында оқу құралдарымен алмасу жолдары белгіленді. Сол сияқты оқушылардың қолданыстағы кітаптарын ұқыптап ұстап, өзінен кейінгі іні-қарындастарына сый­лау, мектепке жанашыр демеуші­лерді, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін кеңінен тарту шаралары көзделген. Жаңа оқу жылының алғаш­қы күні бірінші сынып оқу­шыларына Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың атынан «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітабы сыйға тартылмақ. Білім күні Елбасының атынан табысталатын бұл кітапқа мектеп табалдырығын тұңғыш атт­а­ғалы отырған 8 мыңнан астам сол­түстікқазақстандық ие болады. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.