Кеше «Қазақ газеттері» серіктестігіне Иран Ислам Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Әли Әкбар Джоукар бастаған делегация келіп, ұжым басшылығымен кездесті. Басқосу барысында Қазақстан мен Иран арасындағы тату көршілік қарым-қатынас, тарихи-мәдени байланыстарды жандандыру, сондай-ақ ақпараттық әріптестікті нығайту мәселелері әңгіме арқауына айналды.
Серіктестіктің бас директоры Дихан Қамзабекұлы тарихы тамырлас, ортақ рухани құндылықтарға ие қос мемлекет арасында жолға қойылған бауырластық қарым-қатынасқа оң бағасын бере келе, алдағы уақытта да барлық салада өзара ықпалдастық пен ізгі байланыстар нығая береріне сенім білдірді.
«Қазақ жұрты үшін парсы өркениеті мен мәдениетінің орны айрықша. Жуырда ғана біз ортақ ұлық мерекеміз – әз Наурызды кең көлемде атап өттік. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі Ұлыстың ұлы күніне ерекше маңыз беріп, Наурызнама онкүндігін тойлауды игі дәстүрге айналдырды. Екі халықтың рухани құндылықтарында дүниетанымдық жақындық бар. Қазақ тілінде парсы сөздері көп кездесетіні секілді парсы тілі де түркі сөздерінен кенде емес. Бұл – біздің байланысымыз ықылым замандар тереңіне кететінін әрі өзара достық пен бауырмалдыққа негіз болатынын айқын көрсетеді. Сондай-ақ біз өркениет тарихы терең Иран жерінде тыныштық орнап, өңірдің берекесі артуына тілектеспіз», деп атап өтті Д.Қамзабекұлы.
Елші Әли Әкбар Джоукар мырза Қазақстан мен Иранның қарым-қатынасы тек дипломатиялық деңгеймен шектелмейтінін, бұл терең тарихи, мәдени және өркениеттік тамырларға негізделген байланыс екенін атап өтті. Сондай-ақ өзара экономикалық, сауда-саттық алыс-берісті де назардан тыс қалдырмай, жандандыра беру уақыт талабы екенін айтты.
Кездесу соңында тараптар алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықтың жалғаса береріне сенім білдірді. Дихан Қамзабекұлы Иран елшісіне жуырда жарық көрген Әбіш Кекілбайұлы туралы кітапты сыйға тартты.
«Қазақ пен парсы халықтары қарт Каспийдің қос тарапын жайлап отырмыз. Сол теңіздің бергі жағасында, қасиетті Маңғыстау жерінде дүниеге есігін ашқан қазақтың әйгілі жазушысы Әбіш Кекілбайұлы өз еңбектерінде Иран туралы да көп дерек келтірген. Бұл кітапта да сіздің еліңіз туралы мәліметтер аз емес», деп атап өтті серіктестік басшысы.