АСТАНА. 28 маусым. Павлодар қаласында құтырған ит тістеп алғаy ер адам қаза болды. Бұл туралы Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Басқарма таратқан мәліметтерге қарағанда, ер адамды құтырма вирусын жұқтырған ит қауып алған. Ол аурухаға түскеннен бір апта өткен соң көз жұмды. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының емдеу-алдын алу бөлімінің жетекшісі Салтанат Төлегенова: «Ауруды аман сақтап қалу үшін дәрігерлер қолдан келген барлық көмекті жасады. Алайда, өкінішке қарай, ер адам қайтыс болды», – деді.
Бөлім жетекшісінің сөзіне қарағанда, Павлодар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскелі ер адам жансақтау бөлімінде жатқан. «Аурудың жағдайы өте ауыр болды, себебі, дерті тым асқынып кеткен. Күн өткен сайын дерт дендей берді. Соңғы күндері ер адам дыбыстарды естіп-біліп жатты, бірақ ес-түсінде кейде өзгерістер болды», – деді аурухана маманы.
Өлімнің нақты себебін дәрігерлер өлікке тексеру жүргізгеннен кейін мәлімдейді.
Бұдан бұрын, дәлірек айтқанда, мамыр айында Ребровка ауылының 48 жастағы тұрғыны мен оның әйелі және 19 жастағы ұлын құтырма ауруын жұқтырған үй иті қауып алғаны жөнінде хабарланған болатын. Құтырған ит әйелдің оң иығынан киімінің сыртынан, ал баласын білегінен тістеп алған. Ең көп зардап шеккен – отағасы, құтырған ит оның құлағын тістеген. Туыстарының айтуынша, ит оны 17 мамыр күні қауып алған. Дегенмен, ол дәрігерлердің көмегіне тек бір айт өткен соң жүгінген. Аурудың негізгі белгілерінен бөлек, ер адам судың сылдыры мен денесіне тиген кез келген нәрсені ауырсынған.
Ер адамның жұбайы мен ұлы қарым-қатынасқа түскендер ретінде есепке алынып, оларға екі рет құтыруға қарсы вакцина егілген. Алдын ала жасалған жорамалдарға қарағанда, ит құтырма ауруын ауыл үйіне кіріп кеткен жабайы түлкіден жұқтырып алған болуы мүмкін. Отбасына шабуыл жасағаннан кейін қожайыны итті атып өлтірген.
«Бұл дерт Павлодар өңірінде соңғы 30 жыл бойы мүлде тіркелмеген. Тек жануарлардың ауырғандары ғана кездескен. Құтырма ауруының алдын алудың жалғыз жолы – егу. Алайда, осы жағдайда ер адам бұл шаралардың барлығын қажетсінбеді», – деп атап өтті облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Гүлмира Құлмағамбетова.
Еламан Қоңыр.
Дерек: Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Сурет: egemen.kz.