Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салу талабын сақтауын қамтамасыз етуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл норма «Құқық бұзушылық профилактикасы» заңының 75-бабы 3-тармағында көзделген.
Адамның түр-сипатын көзбен тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киімдерді кию құқықбұзушылық болып саналады.
Тыйым ауа райы жағдайларына және медициналық ұсынымдарға қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де тыйым салынбайды.
Қоғамдық орындарда тұмшаланып жүру: Алматы полициясы даулы видеоға қатысты мәлімдеме жасады
Жауапкершілік Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында белгіленген. Атап айтқанда, алғашқы құқықбұзушылық үшін ескерту қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Қазіргі уақытта аталған құқық бұзушылық бойынша 1 179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын және бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылатынын атап өтеміз. Ішкі істер органдары Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып, азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген ережелерді сақтауға шақырады», делінген хабарламада.
Полиция бет-жүзді тұмшалайтын киімдерге тыйым салынғанын ескертті