АСТАНА. 15 мамыр. Түнде УЕФА Еуропа лигасының жартылай финалы аясында қарымта ойындар өтті. «Днепр» өз алаңында «Наполиді» жеңіп, тарихында алғаш рет еурокубок бәсекелерінің финалына шықты. Ал сырт алаңда «Фиорентинадан» басым түскен «Севилья» қатарынан екінші рет турнирдің шешуші сынына жолдама алып отыр. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
«Днепр» (Днепропетровск, Украина) – «Наполи» (Неаполь, Италия) 1:0 (0:0)
Гол: Евгений Селезнев 58 (суретте).
Бірінші ойынның есебі: 1:1.
Ойын Украина астанасы – Киевтегі ұлттық олимпиялық стадионда өтті. «Наполидің» Еуропадағы беделі баршаға аян. Сондықтан бұл матчта басымдық сөзсіз Италияның командасына берілді. Алайда, ұжымдық ойынның үлгісін көрсеткен «Днепр» тек өздерінің емес, тұтас Украина футболының тарихындағы жарқын нәтижеге қол жеткізді.
«Фиорентина» (Флоренция, Италия) – «Севилья» (Севилья, Испания) 0:2 (0:2)
Голдар: Карлос Бакка 22, Даниэл Каррису 27.
Бірінші ойынның есебі: 0:3.
Бұл ойынның тағдыры алғашқы матчта-ақ шешіліп қойған еді. Өз алаңында жауапсыз 3 гол соққан испандар Италияға көтеріңкі көңіл-күймен келді. Көпшілік болжағандай, «Фиорентина» қарымта ойында да айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Нәтижесінде қақпаларына тағы да жауапсыз 2 гол жіберді. «Севилья» Еуропа лигасының қазіргі жеңімпазы екенін айта кетейік.
Финалдық ойын 27 мамырда Польша астанасы – Варшавада өтеді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: championat.com.