ПЕТРОПАВЛ. 29 маусым. Биыл ақпарат және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Қызылжар өңірінде айрықша атап өтілді. Айтулы дата С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында ұйымдастырылып, ең таңдаулы қалам иелері марапатталды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызмет хабарлады.
«Төртінші билік» иелері бас қосқан айтулы шараға аймақ басшысы Ерік Сұлтанов арнайы қатысып, құттықтады. Ол бүгінгідей жахандану кезеңіндегі байланыс пен ақпараттың маңызына тоқталып, жақсы жаңалықтардың жаршысына айнала беруге тілектестік білдірді.
Алқалы басқосуда өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын жүзеге асыруға белсене қатысқан республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі 30-ға жуық сала қызметкерлеріне облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары және ақшалай сыйлықтары салтанатты түрде табыс етілді.
Бір топ БАҚ өкілдері Инвестициялар және даму министрлігі байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің, Қазақстан Журналистер одағының марапаттарына ие болды.
«Экспресс К» республикалық газетінің меншікті тілшісі Елена Чернышева «Жылдың үздік журналисі», «24.кз» телеарнасының жергілікті операторы Төлеген Иманов «Жылдың үздік операторы», «Добрый вечер» газетінің шеф-редакторы Диана Слинькова «Жылдың үздік редакторы» атанды.
Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.
Мұндай құрмет қалалық әкімдік, облыстық сот, прокуратура, ішкі істер департаменті, әскери институт басшылығы тарапынан да көрсетілді.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.