АСТАНА. 2 наурыз. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы «Қуаныш» орталық базары өртенді. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі баспасөз қызметі хабарлады.
Өртті ауыздықтауға 16 дана негізгі өрт сөндіру техникасы, 134 жеке құрам мен өртті сөндіруге су жеткізіп тұру үшін «Ақжол» және «Түркістан су» ЖШС-терінен 2 дана 20 және 8 тонналық көліктер жұмылдырылған. Өрт 600 шаршы метр аумақты жайлаған.
Оқиға салдарынан аталған базардың бір кәсіпкері дене күйігін алып, Түркістан қалалық ауруханасына жеткізілді. Өрт орнын оқшаулау және базардағы мүліктерді талан-таражға түсірмеу үшін Түркістан қаласының ішкі істер басқармасынан 231 қызметкер жұмылдырылған.
Қызыл жалын 7 сағат 48 минутта оқшауланып, 09 сағат 37 минутта толықтай сөндірілді.
Өрттің шығу себебі мен келтірілген материалдық шығынның көлемі анықталуда. Анықтау жұмыстарын облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері жүргізуде.
Жолдыбай Базар.
Дерек: Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі баспасөз қызметі.
Сурет: alashainasy.kz.