Әлемдік қаржы дағдарысының қиындығын бірінші кезекте ірі құрылыс компаниялары, жылжымайтын мүлік саласы сезінгені кеше ғана. Дүние жүзін шарпыған күйзеліс еліміздегі үлескерлерді де айналып өткен жоқ. Банкротқа ұшыраған компанияларға қосылып шарасыз қалған, айлакерлерге алданған үлескерлер баспаналы болудан үмітін үзген кезде Мемлекет басшысының пәрменімен Үкімет тағдыршешті қадамдарға барғаны аян.
Кеше Елбасы Алматыдағы үлескерлердің бір бөлігіне өз қолымен пәтер кілттерін тапсырып, “Ахсель” холдингінің құрылыс компаниясы тұрғызған “Ахселькент” қалашығына “Ақкент” деген әдемі атау сыйлады.
Алматының ақ таңы кеше шыжғырып атқанына қарамастан, жүздеген үлескер ертелетіп жаңа қоныстарына қарай асыққан екен. Өйткені, Елбасының қолынан кілт алып, Елбасының тікелей ықпалымен үйлі болу бақыты екінің біріне бұйырмаған. Нұрсұлтан Әбішұлын алыстан байқаған ел шілденің аптап күніне күйіп тұрғанын әп-сәтте ұмытып, қуана қарсы алды. Көптің шынайы ықыласын сезінген Елбасы бірден қоныс тоймен құттықтауды бастады.
– Сіздер қазір қуанышты сәтті бастан кешіріп тұрсыздар! 1436 алматылық бүгін пәтер алғалы тұр. Мынау қалашықтың атын мен “Ақкент” деп атадым, “ақ қала” деген сөз. Алматының әдемі жерінде тұрған бұл кешенде мектеп те, балабақша да болады. Дүкендеріңіз де болады. Алатаудың баурайында, Алматының ең әдемі жерінде орналасқан қалашықта елге барлық жағдай жасалады, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы:
– Дүние жүзін шарпыған қаржы дағдарысы кезінде сіздер үлескерлер болып, өздеріңіз құрылыс компанияларын тауып алып, өздеріңіз ақшаларыңызды беріп, аяғында не ақшасыз, не пәтерсіз қалдыңыздар. Бұл жерде мемлекеттің ешқандай міндеті жоқ еді. “Өздеріңіз қалай берсеңіздер, солай табыңыздар” деп қоя салуға болады. Дүние жүзіндегі тәртіп солай. Оған қарамай, еліміз дәл осы жерге 16,5 миллиард теңге бөлді. Ақша ешқайдан келіп түспейді. Сондықтан далада қалдырмаған мемлекетке сіздер риза болуларыңыз керек барлық жағдайда. Мемлекеттің жағдайы көтерген соң осындай қадам жасап отыр. Егерде Қазақстанның жасап жатқан жұмысы, күрделі экономикалық реформалардың жемісі болмаса, мемлекеттің қалтасында қаражаты болмаса, бұл мәселе шешілмейтін еді. Бұл тәуелсіздіктің алтын бесігі болған қалаға деген қамқорлықтың бір бөлігі болып саналады, – деді. Нұрсұлтан Әбішұлының ақиқат сөзіне үлескерлер риясыз ықыласпен қол соғып, қошемет білдірді.
Елбасы үлескерлердің қаражатын қалтасына басып кеткендер жазасыз қалмайтындығын, кінәлі адамдардың мүлкі тәркіленіп, тиісті шаралар қолданылатындығын атады. Талай жандардың тағдырына күйзеліс әкелген құрылыс компанияларының жетекшілері табылып та, тергеліп те жатқанын айтты.
Осыдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыдай шырайлы шаһар ешқашан мемлекет назарынан тыс қалмайтындығын атады.
– Мәселен, мұнда жолайрықтар құрылысы, метро, спорттық және мәдени нысандар салынуда. Бұл қалада Азиада ойындары өткелі отырғандықтан, алматылықтар үшін көптеген спорт нысандары тұрғызылып жатыр. Сол сияқты Спорт сарайы мен Медеу күрделі жөндеуден өтуде. Коммуникациялар мен жолдар тәртіпке келтірілуде. Спортпен шұғылданып, демалысты сәнді өткізу үшін жағдай жасалынуда – мұның бәрі мемлекеттің Алматы мен Алматы тұрғындарына деген анық қамқорлығы, – деген Елбасының сөзіне ешкім күмән келтірмес.
Осы күндері Алматы Азиада алдындағы қарбалас дайындықты бастан өткізіп отыр. Негізгі көшелердің бәрі қайта қопарылып, жаяу жүргіншілер жолдары түбегейлі қайта жасалынуда. Кәрі ағаштар кесіліп, Абай даңғылы қайта жасанып жатқан жайы бар. Медеу мен Шымбұлаққа бастайтын Достық даңғылы да қайта туғандай жаңғыртылды.
Мұндай заманауи, тамаша үйлер бұрын-соңды Алматыда салынбағанын атаған Елбасы бұл тұрғын үйлер бірінші кезектегі екендігін, жыл соңына дейін несиеге және өз қаражатына сатып ала алатындар үшін тағы да 2 300 пәтер пайдалануға берілгелі отырғандығын жеткізді.
Расында түрік бауырлар салған тұрғын үйлер түгелімен аяқталып, иесіне ең басты керек-жарағына дейін сайланып берілді. Яғни, Ақкенттің тұрғындары баспаналарына кіріп алғаннан кейін жыл бойы бір-бірлерінің мазасын алып, тағы да жөндеп, тарсылдатып-тасынып жатпайды.
Бас жоспар бойынша Райымбек даңғылы мен Ясауи көшелерінің қиылысында батысқа жантайып, 44 гектар жерді алып жатқан Ақкент қалашығында 89 тұрғын үй бой көтеруі тиіс. Жоба мәресіне жеткен кезде қаланың ішіндегі қалада 35 мың адам тұрмыс кешетін болады.
Елбасы атағандай, кешеннің ішінде мектеп, екі балабақша, емхана мен басқа да халыққа қажетті нысандар кезегімен тұрғызылмақ. Кешеннің құрылысы “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ тарапынан қаржыландырылып отырғандығын атап өткен жөн.
– Мен де сіздермен қосылып қуанып тұрмын. Тәуелсіздігіміздің арқасында елдің көрер рахаты мен қызығы мол болады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Осыдан кейін Елбасы үлескерлерді өзіне тән әдемі қалжыңына бөлеп, бүкіл 1436 адамға қатарынан кілт тапсырып тұра алмайтындығын айтып, дегенмен қоныс тойын тойлаушылардың бір дестесіне пәтер кілттерін ұсынды. Мұндай бақытты жандардың қатарында мінберге көтерілген Қатира Далабекова, Сергей Перов, Жанар Бадаубаева, Клара Ыбраева, Бақытжан Әлімбаев Мемлекет басшысының қолынан кілт алып, қосыла қуанып тұрған Нұрсұлтан Әбішұлына алғыстарын білдірді.
Баспаналы болу бақытына үлескер Бақытжан Әлімбаев жеті айлық Нұрсұлтан атты нәрестесін көтеріп келген екен. Құртақандай қолын толқи қысқан Нұрсұлтан Әбішұлына нәресте де ұмтылып, микрофон арқылы қалашықтың ең кішкентай тұрғынының даусы жаңғырықты…
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өткен жылы қалада 16 мыңнан астам үлескер болса, биыл оның жартысынан көбі үйлі болып, енді 7400 адам кезегін күтіп тұрғанын мәлімдеді. Жыл соңына дейін тағы да 4 600 үлескер үйлі болмақ. Ал келер жылы 2 800 салымшы өз баспаналарына қол жеткізеді де, үлескерлердің мәселесі әкімдіктің күн тәртібінен түбегейлі түсетін болады.
Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.