• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2015

Уақыт және ақпарат құралдары

376 рет
көрсетілді

Көкшетау медиа орталығында республикалық «Бас редакторлар» клубы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Бүгінгі күн – бұқаралық ақпарат құралдары» тақырыбында семинар өткізді. Оған өңірдегі республикалық БАҚ өкілдері, облыстық және аудандық ақпарат құралдарының басшылары қатысты. Басқосуда республикалық «Бас редакторлар» клубының президенті Бибігүл Жексенбай Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халқы­мыз­ға Жолдауынан және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындай­тын міндеттер және бүгінгі күнгі БАҚ-ты дамытудың өзекті мәселелері» тақы­рыбында баяндама жасады. Онда Қазақ­стан Президентінің бес институттық реформасын отандастарымыз бен шетелдік қауым қызу талқылап, қолдау көрсетіп жатқаны, бұл орайда бұқаралық ақпа­рат құралдарына маңызды міндет­тер жүктелетіні атап көрсетілді. Қабыл­да­нып жатқан мемлекеттік және ұлттық бағдарламаларды халық санасына жет­кізіп қана қоймай, олардың орындалуына бұқаралық ықпалды арттыру ел дамуына ерекше екпін беретіні айқын. Осыған орай, шешен Малайзияның соң­ғы жиырма жылдағы серпінді да­му­ын өзге мемлекеттермен салыс­тыра талдап көрсетті. Бұл тәуелсіз Қазақ­станның жігерлі қадамдарымен ұқсас екендігі де айтылды. Әлемдік сарап­шылар осы үрдісті халықтың ақпаратқа қолжетімділігімен байланыс­тыруы тегін емес. Өмір және ғаламдық кеңістіктегі болмыс жылдам өзгеруде. ХХІ ғасыр ақпарат әлеуетіне сүйенген ғасыр. Сондықтан, отандық журналис­тика бәсекелестік алаңында алдыңғы саптан көрінуі тиіс. Белсенділік бастауында кәсіби шеберлік тұратыны белгілі. Республикалық «Новое поколение» газеті бас редакторының орынбасары Юлиана Жихорьдің «Бүгінгі күннің дәстүрлі БАҚ-тары» баяндамасында газеттер мен журналдардың қазіргі күнгі бағыттары кеңінен сипатталды. Ақпаратқа деген сұраныс электрондық өнімдердің өтімділігін көрсетуде. Бұл орайда бәсекелестік бірінші орынға шығады. Қазіргі кезде барлық газеттер дерлік оқырмандарына өзінің электрондық нұсқасын ұсынуда. Бұл орайда да халықтың талдамалық әрі сауатты ақпаратты күтетіні анық. Қазір екінші толқыны жүріп жатқан жекешелендіру науқаны дәстүрлі БАҚ-тардың қоғам тынысындағы мазмұнын өзгерте алмайтыны да белгілі. Семинарға қатысушылар Түрік елінің «ЖИХАН» ақпараттық агент­тігінің өкілі Йылдыз Доганның «Қазақ­стандық БАҚ-тың шетелдік мен­шік­ті тілшілері қосынымен ынтымақ­тасты- ғының аймақтық тәжірибесі» тақыры­бындағы баяндамасына журналис­тер айрықша қызығушылық танытты. Бірін­шіден, баяндама мазмұндылығымен тартымды болса, екіншіден, Йылдыз бауырымыздың таза қазақ тілінде сөйлеуі бүгінгі күннің журналистеріне ой салғаны анық. Әлемдік ақпараттық кеңістіктің алғашқы ондығында тұрған «ЖИХАН» жер жүзінің 85 еліне төрт тілде ақпарат таратып, 35 елде өкілдігін ұстайды. Сонымен қатар, агенттік журнал шығарып, радио, телехабарларды таратып отыр. Мұның өзі заманауи БАҚ тек ақпараттық ықпалмен шектеліп қалмауы керектігін білдіреді. Йылдыз Доган ағылшын тілінің маманы. Алайда, Қазақстанда журналистік қызмет атқарғанына жиырма жылдан асып барады. «Бұл кәсіп мені жазуға, суретке түсіруге, бейнеаппаратты мең­геруге, бірнеше тілде сөйлеуге үй­ретті», дейді ол. «Хабар» агенттігі АҚ «Білім және мәдениет» арнасы бас редакторының орынбасары Бауыржан Шамшатов «Қазіргі заманғы телевизиялық журна­листиканың өзекті мәселелері» туралы ой қозғады. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». КӨКШЕТАУ.