Алғабас ауылдық округінде тұратын толықша келген қараторы жігіттің «ОКА» көлігімен зырғытып, бірде Орал қаласында, енді бірде Жымпитыда жүргенін талай көрдім. Сонда екі аяғынан айырылғандығына қарамастан денесіне таңылған шағын арбамен көлікке еш қиындықсыз ырғи мініп алатындығына іштей таң қалатынмын.
Жақында І топ мүгедегі, алғабастық азамат Сансызбай Жұмашұлы Қанатовпен аудан орталығында жолығысып, бетпе-бет әңгімелесудің де сәті түскендігі бар.
– Біздер әке-шешеміз Жұмаш және Жамиғадан екі қыз, үш ұл болдық, деп әңгімесін бастады Сансызбай. – Анам Жамиға қолы епті, тоқуды, тігіншілікті жаны сүйетін жан болса, әкем Жұмаш механизатор, клуб меңгерушілігі саласында еңбек ете жүріп ән айтуды, серілікті өміріне серік етті.
1977 жылы Алғабас орта мектебін бітірген Сансызбай Оралдағы құрылысшы, тас қалаушы мамандығын игеретін кәсіптік мектепке құжаттарын тапсырады. Арнайы маман иесі атанып, ауылға оралған Сансызбай 1979 жылға дейін Алғабаста құрылыс саласында тұрақты еңбек етеді.
1979 жылдың күзінде Сансызбай Қанатов кеңестік әскер қатарына азаматтық борышын өтеуге шақырылды. Достары, ағайын-тума Сансызбайды әскер қатарына шығарып сала тұра, аман-есен ортаға оралуын тіледі, жолына сәтті сапарларын айтысты. Бірақ, қол-аяғы балғадай, еңгезердей азаматтың алдағы өмірде орталарына кескен томардай болып, қос аяғынан айырылып ораларын ол кезде ешкім де білмеді, ешкім де түк сезбеді де.
Жамбыл облысының Отар бекетінде алты айлық әскери оқу-жаттығуда болған Сансызбай Қанатов бар құрам Семейдегі әскери сынақтағы оқу-жаттығуға аттанады. Әскерде танк жүргізушісі болған Сансызбай әскери сынақ өтіп жатқан нүктелерге танктерді жеткізіп берумен шұғылданатын. Бірде осындай жұмысты атқарамын деп асығып жүріп бара жатқан пойызға жүгіріп барып мінем дегенде қолы тұтқадан шығып кетіп, пойыздың астына құлағаны. Сөйтіп, Сансызбай айжарым уақыттай аурухананың жан сақтау бөлімінде есін жия алмай жатып, ақыр соңы қайраттылығы, жүрек соғысының күштілігі арқасында қос аяғын беріп екінші өміріне қайта оралды.
Алтай өлкесінде, Семей, Алматы қаласындағы ауруханаларда жатып емделген Сансызбай елге 1981 жылдың мамыр айында кеңестік әскери қызметтің І топ мүгедегі ретінде оралды.
Әлі есінде Сансызбай әскери госпитальда жатқанда қасында үнемі отырып, емдік, қүту қызметтерін жасайтын әзербайжан қызы өмірден түңілмеу, қиындықты жеңе білу, өмірге құштарлық жөнінде көп әңгіме айтқаны бар.
Міне, осындай жігерлі сөздер, көңілге демеу боларлық достар, тумалардың ақыл-кеңестері арқасында Сансызбай өзінің екінші өмірін қайсарлық, құштарлықпен жігерлі бастады. Алғабас ауылына оралған соң Сансызбай өзінің жанын түсіне білетін, сүйеу, қамқоршы боларлық жан ақыраптық Гүлнармен көңілдерін жарастырып, 1983 жылы шаңырақ құрды. Бүгінде Сансызбай зайыбы Гүлнармен әкесі мен шешесі Жұмаш пен Жамиғаның салған шаңырақтарының отын өшірмей, тату-тәтті өмір кешуде. Орталарындағы ұлдары Ерген өздерінің алданыштары, отбасы тірегі.
– Зайыбым Гүлнар бағыма орай жөні түзу, түсінігі мол адал жар болды. Үйдегі шаруа, қорадағы азын-аулақ малдың, құстың бағым-күтімі осы Гүлнардың міндетіндегі іс. Ал, өзім болсам үйде қарап отырмай әуел бастан қаныма сіңген қасиетім майлы бояумен портреттер салу, сандық, үстел, отырғыш жасау, аяқ киімдер тігу, жөндеумен шұғылданамын. Бағаларын әркім, яғни тапсырыс берушілер өздері қояды. Бергендерін аламын, менікі уақыт өткізу, сосын күнделікті шай-пұл болса деген ой ғой, – дейді Сансызбай әңгімесінде.
Сансызбай І топ мүгедегі ретінде ешқашан мойып көрген емес. Үйде қол қусырып қарап отыруды әдетіне айналдырмаған. Тіпті, 51 мың теңгелік мүгедектік зейнетақысына алақанын жаймай-ақ тиісті орындар арқылы несиелік қаражат алып, белгілі бір кәсіппен айналысайын десе құзырлы органдардағы басшылар «Мүгедектерге несие қаржы берілмейді» дейтін көрінеді. Өмірге құштар жанға бұл да үлкен кедергі, тосқауыл екені рас.
Шүкір, 2001 жылдан өзіне сенімді серігіне айналған «ОКА» көлігі Сансызбайдың үшінші тұлпары болса, жуырда ұлы Ерген төртіншісін өзі таңдап жүріп, әкесіне тарту етіпті.
Өмірге құштарлық танытып, кездейсоқ келген қиындықты жеңе білген Сансызбай Қанатов зайыбы Гүлнармен ұлы-келіні Ерген, Алтыншашпен бір шаңырақтың астында, қос немерелері Алтынзер, Ақеркенің бал күлкілерін қызықтап күн кешуде.
Мүсірбек АЙТАШЕВ.
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы.