Бүгін әлем чемпионатының К тобы аясындағы алғашқы тур матчында Португалия мен Конго Демократиялық Республикасы құрамалары кездеседі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу АҚШ-тың Техас штатындағы «Хьюстон Стэдиум» аренасында өтеді. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-ге жоспарланған.
Бұл матч қос құрама арасындағы алғашқы кездесу болмақ. Бұған дейін Португалия мен Конго ресми турнирлерде де, жолдастық ойындарда да бір-біріне қарсы алаңға шықпаған.
Португалия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде сенімді ойын көрсетіп, 13 ұпаймен өз тобында бірінші орын алды.
Мессидің хет-тригі Аргентина құрамасына жеңіс сыйлады
Ал африкалықтар әлем чемпионатына тікелей іріктеу арқылы өте алмады. Дегенмен команда қосымша іріктеу турнирі арқылы жолдамаға қол жеткізді. Конголықтар Ямайкамен кездесіп, қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Франция құрамасы Сенегалды 3-1 есебімен тізе бүктірді
Әлем біріншілігіне дайындық барысында Конго екі жолдастық матч өткізді. Алдымен Даниямен 0:0 есебімен тең түссе, кейін Чилиге 2:1 есебімен жол берді.
Айта кетейік, 23 маусым сағат 22:00-де Португалия құрамасы Өзбекстан ұлттық құрамасымен кездеседі. Ал 24 маусым сағат 07:00-де Конго Колумбия құрамасымен ойын өткізеді.
Еске сала кетейік, әлем чемпионатының матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар ойындар qazaqstan.tv, qazsporttv.kz ресми сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында және «Birge.tv» платформасында онлайн форматта қолжетімді болады.