• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 13:37

115 мың студент жатақханаға мұқтаж: мәселе қалай шешілмек?

Елімізде 33 мың студент жатақханаға мұқтаж. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Respublica партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттың айтуынша, елімізде студенттердің 80 пайызы жатақханамен қамтылған.

«Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2025-2026 оқу жылының басында Қазақстанда 678 мың студент білім алған. Олардың 364 мыңы – аймақтардан келген студенттер. 115 мың студент ресми түрде жатақханаға мұқтаж, ал олардың тек 95 мыңы ғана нақты түрде жатақханалармен қамтамасыз етілген. Бұл ресми деректер бойынша кемінде 20 мың студенттің баспанаға мұқтаждығын білдіреді. Алайда, Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес жатақханалардағы орын тапшылығы 33 мың орынға жетеді», деді депутат.

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету тек білім беру саласы үшін ғана емес, сонымен бірге өңірлік даму мен еңбек нарығы үшін де маңызды екендігін атап өткен Нұргүл Тау бірыңғай ұлттық цифрлық платформа енгізуді ұсынды.

«Осыған байланысты мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарын қамтитын студенттік тұрғын үйдің бірыңғай ұлттық цифрлық платформасын әзірлеуді ұсынамыз. Платформада өтінім беру, электронды кезек, онлайн брондау, цифрлық келісімшарт және жатақхана орындарының нақты уақыттағы есебі көзделуі тиіс», деді Нұргүл Тау.

Сонымен қатар ол жоғары оқу орындарының қызмет тиімділігін бағалау жүйесіне студенттерді жатақханамен қамту көрсеткішін енгізу мүмкіндігін қарастыру керектігін айтты. 

Қайтарылған активтер есебінен Шымкентте жаңа жатақхана ашылды

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда 5 мыңнан астам студентке жатақхана жетіспейтіндігін атап өткен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жыл соңына дейін 20 жатақхана пайдалануға берілетіндігін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар