Ақтауда әлеуметтік желілерге жүргізілген тұрақты мониторинг барысында 2026 жылғы 13 маусымда өткен шара кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің бірі әкімдікпен алдын ала келіспестен гүлдерді тегін тарату акциясын өткізгені анықталған. Осыған орай кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Каспий теңізінің жағалауында әр сенбі сайын тұрғындар мен қала қонақтарына арналған би кештері өткізіледі. Барлық мәдени-көпшілік іс-шаралар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылады.
Осы факті бойынша Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп кәсіпкермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижесінде кәсіпкер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Елордалықтарды «автоматпен» шошытқан қыз айыппұл арқалады
Қала әкімдігі қоғамдық орындарда кез келген жарнамалық іс-шараларды, промоакцияларды өткізу, сондай-ақ гүл, киім-кешек, азық-түлік пен басқа да тауарларды тегін тарату тек уәкілетті мемлекеттік органдардың алдын ала келісімінен кейін ғана жүзеге асырылатынын еске салды.
Ведомство өкілдері белгіленген талаптарды сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.