100 қадамның 19 қадамынан өрбіген ой
Бүгінде мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі үшін, ең алдымен, заңның үстемдігі қамтамасыз етіліп, оны қадағалап, жүзеге асыратын сот пен құқық қорғау органдарының қалтқысыз жұмыс істеуі қажет. Мұны мықтап ескерген Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауларында, заң мен құқық қорғау ісіне қатысты алқалы жиындардың бәрінде бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, кемшіліктерді бүкпесіз ашып көрсетіп, алда атқарылатын істерді айқындап, бағыт-бағдарларды ұдайы көрсетіп беруде. Мәселен, Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұр Отан» партиясының биылғы жылы өткен ХVІ съезінде сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі күні сот жүйесінің ең осал буыны судьяларды іріктеу болып отыр. Судьяларға қойылатын талаптар тиімді емес. Соның салдарынан судьялар корпусында сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп жатады. Судьялар жабық корпорация іспеттес қоғамдық сыннан алшақ болмауы тиіс. Қоғамдық сын сыбайлас жемқорлық кеселіне ем болып табылады», деп сот саласына қатысты ащы сын айтты, аса бір маңызды мәселені көтерді.
Сондықтан бұл шешімдерді жою үшін Үкіметтің кеңейтілген отырысында жария етілген бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 қадам» деп аталған жоспарында құқықтық салаға: «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» деген тұтас бір тарау арнап, алдағы уақытта атқарылуға тиісті нақты 19 қадамды атап көрсетті.
Аталған бұл жоспар-бағдарламаны зер салып, оқып қарағанда байқағаным, онда сот саласына қатысты төмендегідей ең бір өзекті міндеттер қойылған:
- азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін бұрынғы бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау сияқты бес сатының орнына бірінші, апелляциялық, кассациялық секілді үш сатыдан тұратын жүйеге көшу;
- судьялыққа үміткерлерді іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту;
- судьялардың есеп беру тәртібін күшейту;
- сот процестерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету. Ол үшін барлық сот процестеріне бейне және таспа жазу шараларын міндетті түрде енгізу;
- алқабилер соты қатысатын салаларды көбейту.
Бұған қоса, адамның және азаматтың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына беру, еліміздегі инвестициялық дауларды қарайтын жеке сот істерін жүргізу секілді мәселелер де қамтылған.
Бұл айтылған міндеттер кенет ойдан шығарылып, аяқ астынан пайда болып отырған жоқ. Мұның алғышарттары Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында жасалынып, Мемлекет басшысының республика судьяларының съездерінде, құқық қорғау тақырыбына қатысты басқа да жиындарда сөйлеген сөздерінде айтылды. Басқаша айтқанда, бұл Президенттің өзі бас болып, жүргізіп келе жатқан құқықтық реформаның заңды жалғасы, жобаланып, белгіленген міндеттердің сабақтас та сатылы түрде жүзеге асуы болып табылады.
Мен өзім сот саласында қырық жылға жуық қызмет етіп, зейнеттік демалысқа шыққан судьямын. Кешегі кеңес өкіметінің тұсын айтпағанда, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде сот пен құқықтық салада жүргізіліп келе жатқан барлық реформалық өзгерістердің тікелей куәгерінің бірімін. Бұл саладағы әрбір іс, әрбір жаңа қадам-қарекет жаныма жақын. Жетістігіне қуанамын, кемшілігіне қынжыламын. Еліміздің сот жүйесін дамытуға бағытталған жаңалықтарға БАҚ арқылы үн қосып, жанашыр да тілектес ой-пікірімді білдіріп отырамын. Қолдан келер көмегімді де аямаймын.
Мәселен, сонау 2004 жылғы 3 маусымда республика судьяларының IV съезінде судьялыққа үміткерлер 25 емес (қанша білікті және білімді болғанымен бұл жастағы азаматтың өмірлік тәжірибесі, көрген-білгені аздық етеді) 30 жастан қабылданса, ал, абыройлы еңбек етіп, үлкен беделге ие болған, денсаулығы жарамды, білікті де тәжірибелі судьялар 70 жасқа дейін қызметінде қалдырылса деген ұсыныстар айтқанбыз.
Осыған байланысты «ҚР сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңға (34-1-бап.): 1. Судья Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған кезде оның шекті жасқа толғанға дейін судья лауазымында одан әрі болуына Жоғары Сот Кеңесінің келісімімен Жоғарғы Соттың Төрағасы рұқсат етеді. 2. Судья лауазымында болуға оның шекті жасқа – 65 жасқа толуына дейін жол беріледі, бұл айрықша жағдайларда осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін», деген өзгеріс енгізілді. Заңға әлгіндей өзгеріс енгізілгенімен қазіргі күнге 70 жасқа дейін сот жүйесінде жемісті қызмет істеп жүрген бірде-бір судья туралы естіген емеспіз. Ақиқатында, мәселеге байыпты түрде қарайтын болсақ, көптеген шетелдердегідей зейнеттік демалысқа шыққанына қарамастан тәжірибелі де кәсіптік біліктілігі жоғары судьяларды қызметке қалдырып, пайдаланса одан республиканың сот жүйесі пайда таппаса, зиян шекпес еді. Керісінше, ондай ардагер судьялардың көргені мен білгені, бай тәжірибесі кейінгі жас судьяларға ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті.
Ал екінші айтқан ұсынысымыз жақында мақұлданып, ендігі жерде судьялық қызметке талап қылған азамат 30 жастан қабылданатындай заңға өзгеріс енгізілетін болды. Осы сияқты 2013 жылғы 20 қарашада шақырылған Қазақстан судьяларының кезекті VI съезінің қарсаңында баспасөз арқылы судьялыққа таңдап, іріктеу міндетін түгелдей білікті заңгерлер мен басқа да сала өкілдерінен жасақталған, штаттық негізде жұмыс істейін Жоғары Сот Кеңесіне беру, үміткерлердің ата-тегін тексеру, судьялардың жалақысын шетелдердегідей жоғары деңгейге көтеру, облыстық, аудандық сот төрағаларын судьялардың іс қарауына араласпай, тек ұйымдастыру шаруаларымен айналысатындай етіп тағайындау, заңды бұзған судьяларды қатаң жазалау деген секілді қадау-қадау мәселелерді көтергенмін. Өйткені, тәуелсіз еліміздің мақсат-мұраты жолындағы іс-әрекеттерге үн қатып, үлес қосу әрқайсымыздың азаматтық, перзенттік борышымыз бен міндетіміз.
Ал енді жоғарыда айтылғандай, Елбасымыз белгілеп көрсеткен 100 қадамдық Ұлт жоспарындағы: «16-қадам. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру. Бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу», делінген. Сот төрелігінің қолжетімді, істі қарау сатыларының мейлінше ықшамды болуы аса құптарлық қадам. Олай дейтініміз, осыған дейін әділдіктің түбін іздеген талай жұрт сот төрелігінің бес сатысынан өтіп әуре-сарсаңға түсіп келді. Оған қаншама уақыт, жүріс-тұрыс кетеді. Қосымша қаражат-қаржы шығындалады. Талайлардың жүйкесі жұқарады.
Таяуда мен «Егемен Қазақстанда» жарияланған Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахматуллиннің газет тілшісі А.Тасболатовқа берген сұхбатынан («Сот сатылары оңтайланып, сот төрелігінің сапасы артады», 14 шілде, 2015 жыл) мынадай жолдарды оқыдым: «Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия сот жүйесінің сатыларын оңтайландыру туралы бастаманы қолдап отыр. Енді келесі жылдың басынан бастап бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы Сот болады деген шешім қабылданып отыр. Бұл шешімді Мемлекет басшысы да мақұлдап отыр. Еліміздің Конституциясына және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, сондай-ақ, кейбір заңдарға тиісті өзгерістер енгізгеннен кейін сот жүйесі жаңа үлгіде жұмыс істейтін болады», дейді.
Демек, ендігі жерде, алдағы уақытта сотқа түскен істер қассациялық деңгейде Жоғарғы Сотта қаралатын болады. Дұрыс-ақ дейік. Осыған байланысты менде бірқатар сұрақтар туады. Қадағалау сатысын – кассациялық сатыға ауыстырып, оны Жоғарғы Сотқа бергеннен не ұтамыз? Бұған дейін де бірнеше рет осындай өзгеріс жасалып, яғни қадағалау сатысы біресе облыстық сотқа, біресе Жоғарғы Сотқа беріліп, одан дұрыс нәтиже шыққан жоқ қой. Басқасын айтпағанда, «ҚР сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заңға (2012 ж. 16 ақпанда №559- IV) өзгеріс енгізілгенге дейін қадағалау құзыреті облыстық соттан Жоғарғы Сотқа беріліп, ол 2011 жылғы сәуірде Жоғарғы Соттың 6 бірдей судьясының қызметтерінен босатылуы сияқты жайттарға апарып соқтырды емес пе? Бұл Президентіміздің «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында белгілеп көрсеткен билікті орталықсыздандыру, яғни жергілікті жерге беру (децентрализация) саясатына қайшы келмей ме? Оның үстіне мұндай өзгеріс Жоғарғы Соттың штаттық құрылымын ұлғайтып, елдің бюджетіне салмақ түсірмей ме? Әрине, бұған байланысты мұның ешқандай қиындығы болмайды, облыстық соттардан кассациялық сатысында жұмыс істеп жүрген тәжірибелі де білікті судьяларды Жоғарғы Сотқа қызметке тартып, мәселені оп-оңай шеше саламыз деген жауап айтылуы мүмкін. Ондай жағдайда ол судьяларға Жоғарғы Соттың судьясы ретінде жоғары жалақы тағайындап, пәтер беруге, отбасын көшіру шығынын төлеуге тура келеді. Сайып келгенде, айтарлықтай қосымша қаражат жұмсалынады.
Осы орайда Жоғарғы Соттың төрағасы болып тұрған кезінде Б.Бекназаровтың былай деп жазғаны еске түседі: «Үш буынды жүйеде заңды күшіне енген сот актілерін тексеру тек Жоғарғы Соттың ғана құзыретінде болды. Еліміздің басты сотына азаматтардың және заңды тұлғалардың шағымдарымен түсіп жатқан мыңдаған сот актілерінің заңдылығын сапалы тексеру оңай болған жоқ. Мәселен, 2011 жылы Жоғарғы Соттың әр судьясының өндірісінде, ай сайын, тұрақты түрде 70-80 істен кем болған жоқ. Әрбір судья апта сайын 20-30 шағымды сараптап, сот алқасында баяндауға тиіс болды. Ал егер осы істердің басым көпшілігін Жоғарғы Сотқа жолдамай, адамдарды Астанаға сабылтпай, облыстық соттарда қарап, қателіктерін дер кезінде жойып отырса, бұл халық үшін де, сот үшін де тиімді болар еді» («Ең ұлық мәртебе – ел сенімі», «Егемен Қазақстан», 5.01.2013 жыл. Авторы – А.Тасболатов).
Жоғарыда аталған А. Рахматуллинмен болған сұхбатта облыстық соттарда жылына кассациялық деңгейде 24-25 мың істің қаралатыны айтылған. Ендеше, әділдік іздеген осыншама жұрт істі кассациялық сатыда қаратамыз, Жоғарғы Сотқа жүгінеміз, деп тағы да Астанаға шабылып, әуре-сарсаңға түспей ме?
Мәселен, қазір облыстық соттар азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық алқадан, қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқадан және кассациялық алқадан тұрады. Апелляциялық алқалардың әрқайсысының төрағалары бар. Ал кассациялық алқаны облыстық сот төрағасы басқарады. Дұрысы енді апелляциялық сатылардың төрағаларын қалдырып, кассациялық сатыға да бөлек төраға тағайындап, облыстық соттың төрағасына сот төрелігіне араласпайтындай, тек сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мен сот практикасын талдау міндеттері жүктелсе дұрыс болмай ма? Мұндай өзгерістер аса бір артық шығынды, штатты көбейтуді қажет етпейді. Қайта судьялардың тәуелсіздігін нығайта түседі.
Біздің ойымызша Қылмыстық процессуалдық кодекске өзгеріс енгізу арқылы, Жоғарғы Сотқа соттылық (подсудность) бойынша бақылау тәртібімен ерекше бір істерді қарау құзыретін қалдыру керек. Сонан соң оның республика көлеміндегі сот тәжірибелерін жинақтап қорытып, нормативтік қаулылар шығарумен, ғылыми-кеңесшілік қызметтермен, сондай-ақ, 18-қадамда айтылғандай Сот төрелігі институтын Мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан өз қарамағына алып, судьялардың білімін көтеріп, біліктілігін арттыру, магистратурада болашақ судьяларды оқытып, даярлау істерімен айналысқаны тиімді болмақ.
Ал бесінші сатыға, яғни пленарлық отырыс деңгейінде іс қарауға қатысты айтарымыз: бұл жай формальды түрде енгізілген инстанция болатын. Тәжірибеде ондай деңгейде қандай да бір істің қаралғанын кездестірген емеспіз. Сондықтан оны мүлде алып тастау қажет. Сондықтан бұл мәселені әлі де жан-жақты ойластырған, жетілдіріп, ширатқан, мейлінше ұтымды үлгісін таңдаған жөн-ау деген ойдамыз.
Ал 100 қадамдық маңызды жоспардың: 17-қадамында көрсетілген – «Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту; Міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу. Судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Бір жылдық тағылымдамадан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді», делінген. Судьялыққа үміткерлердің (кандидаттардың) бір жылдық тағылымдамадан өтуі кеңес өкіметінің тұсында да болған. Тағылымдамадан өтіп судьялыққа тағайындалған судьяны келесі саты үш жылдық – сынақ мерзіміне жіберіп содан сүрінбей өткенді ғана тұрақты судья етіп тағайындаған жөн. Бұл мерзімде оның судьялық қызметке қабілеттілігі не қабілетсіздігі айқын байқалады.
Осы арада айта кететін жайт, біздің үнемі айтып жүргеніміздей, судьялыққа үміткерлерді таңдап, іріктеу, сондай-ақ, аудандық, облыстық сот төрағаларын тағайындауға ұсыну міндеттерін түгелдей білікті заңгерлер мен басқа да сала өкілдерінен жасақталған, штаттық негізде жұмыс істейін Жоғарғы Сот кеңесіне беру керек. Осы сияқты Сот жюриін де Жоғарғы Сот кеңесінің жанынан ұйымдастырған жөн болар еді. Сонда Жоғарғы Сотты бірыңғай сот төрелігімен айналысатындай етіп, судьялыққа кадрлар таңдау, аудандық, облыстық сот төрағалары, алқа төрағалары лауазымдарына кадрлар резервін жасақтау, ұсыну тәрізді машақаттан құтқаратын боламыз.
Сондай-ақ, 19-қадамда: «Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту» жайы айтылған. Мәселен, кешегі кеңес өкіметінің тұсында судьяны халық сайлайтын. Сондықтан ол өзін сайлаған халықтың, жұртшылықтың алдына есеп беретін. Ендігі жерде судьялар кімнің алдында және қалай есеп береді? Осының жолы, тәртібі, реті, орындалу тетігі нақтыланып, таратылып көрсетілсе құба-құп болар еді.
Келесі 20-қадамдағы: «Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу. Судьялардың бейнежазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс», деген де аса қажетті талап. Бұл сот төрелігінің барынша ашық, жария болуына қызмет етеді деген үміттемін.
Жалпы, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтар болсақ, бізде жұрттың ешбір күдік-күмәні болмайтындай әділетті де шынайы сот төрелігіне қол жеткізу үшін Ата Заңымызда және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көрсетілгендей: «Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады», деген талап мүлтіксіз қатаң орындалуы тиіс. Осыған қоғам, мемлекет болып күш салуымыз керек.
Бекет Тұрғараев,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері.
АСТАНА.