Алдағы жылдары көмір генерациясын дамытуға басымдық беріледі. Астанада өткен VII Көмір өнеркәсібі форумында энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көмір химиясын дамыту, жаңа инвестиция тарту мен саланың кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі кеңінен талқыланды.
«Қазақстанның көмір өнеркәсібі: энергетикалық қауіпсіздіктің стратегиялық негізі» тақырыбындағы жиынға тиісті мемлекеттік орган қызметкерлері, Парламент депутаттары, салалық қауымдастықтар мен жетекші көмір өндіруші кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Форумды ашқан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр энергиясына сұраныстың артуы, цифрлық экономиканың дамуы мен жаңа өндірістердің іске қосылуы жағдайында сенімді базалық генерацияның маңызы күшейгенін айтты.
Министрдің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекіткен. Құжат жаңа энергетикалық нысандар салуды, қолданыстағы стансаларды жаңғыртуды әрі олардың қуатын арттыруды көздейді.
«Жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу көмір өндіру көлемінің өсуімен, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы мен логистиканың дамуымен қатар жүруге тиіс. Тұрақты отын базасы болмаса, жаңа стансалар күткен нәтижені бере алмайды», деді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, Ұлттық жоба аясында көмірге қатысты ұзақмерзімді отын балансы жасалып, ішкі нарықтағы тұтынушыларды көмірмен қамтамасыз етудің тұрақты тетіктері қалыптастырылады. Бұл жылу беру маусымында энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мәжіліс депутаты Арман Қалықов көмір өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістерге тоқталды.
Халық қалаулысының пікірінше, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне енгізілген түзетулер жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру рәсімдерін жетілдіруге, геологиялық барлауды дамытуға әрі цифрлық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, экологиялық заңнама өндірістерді, озық технологияларды пайдалануға әрі табиғи ресурстарды ұтымды игеруге ынталандырады.
«Өндірістегі әрбір көрсеткіштің артында адамдардың денсаулығы мен әл-ауқаты тұр. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі, лайықты жалақы мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі әрдайым басты назарда болуы керек», деді депутат.
Форумда көмірді тек энергия көзі емес, қосылған құны жоғары өнім өндіретін шикізат ретінде пайдалану мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтің айтуынша, еліміз көмір химиясын дамыту арқылы жаңа өндірістер құрып, экспорттық әлеуетін кеңейтуді көздеп отыр.
«Бүгінде елімізде көмір негізінде металлургиялық кокс пен синтетикалық отын өндіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса көмірден газ, аммиак, карбамид пен басқа да өнім түрлерін шығару бағытындағы бастамалар қарастырылып жатыр», деді вице-министр.
Осы мақсатта 2026–2031 жылдарға арналған көмір химиясын дамыту жөніндегі жол картасы әзірленген. Мемлекет пен ұлттық компаниялар ұзақмерзімді оффтейк-келісімдер жасау мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец көмір саласының тұрақты дамуы үшін нарықтық қағидаттарды сақтау маңызды екенін айтты. Көмір нарығы – бәсекелі нарық. Сондықтан оны баға белгілеу арқылы әкімшілік жолмен реттеу дұрыс емес», деді ол.
Николай Радостовец көмір өндіру саласы мемлекеттен тікелей субсидия алмайтынын, соған қарамастан өңірлердегі жұмыспен қамтуды, салық түсімдері мен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол көмір химиясына инвестиция салатын кәсіпорындарға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді әрі көмір қабаттарынан метан өндіру бағытындағы жобаларды қолдауды ұсынды.
Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов көмір өндіру көлемінің өсуі жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарларымен қатар жүруі керектігін айтты. Ұлттық жоба аясында елде шамамен 7,8 ГВт көмір генерациясын іске қосу көзделген. Бұл үшін 7,5 трлн теңгеге жуық инвестиция қажет. Алайда сала алдында тұрған басты мәселелердің бірі – кадр тапшылығы.
«Әсіресе моноқалалардағы кәсіпорындар мамандардың басқа жаққа кетуі мен жастардың аз келуіне байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін тек жалақыны көтеру жеткіліксіз. Қалалардың инфрақұрылымын дамыту қажет», деді Талғат Темірханов.
Сарапшы сондай-ақ көмір генерациясын дамыту жоспарлары мен еліміздің парниктік газдарды азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерінің арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігіне назар аударды.
Іс-шара барысында «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак кәсіпорынның жаңғырту бағдарламасын таныс-тырды. Оның айтуынша, алдағы жылдары елімізде электр энергиясына сұраныс айтарлықтай өседі. Осыған байланысты компания өндірістік қуатын арттыруға кіріскен.
Қазір кәсіпорын «Ақылды карьер» тұжырымдамасын іске асырып жатыр. Өндірісте бұрғылау-жару жұмыстарын басқару, көлік қозғалысын бақылау, отын мен энергия ресурстарын есепке алу жүйелері енгізілген. Алдағы кезеңде өндірістік процестерді басқарудың жаңа цифрлық жүйелері іске қосылады.
2032 жылға дейінгі даму жоспары аясында компания шамамен 360 млрд теңге инвестиция салуды көздеп отыр. Нәтижесінде, өндірістік қуат жылына 42 млн тоннадан 58 млн тонна көмірге дейін ұлғайтылмақ.
«Елдің энергетикалық қауіпсіздігі көмір саласының дамуымен тікелей байланысты. Заманауи технологиялар мен ұзақмерзімді жоспарлау саланың алдағы сын-қатерлерге төтеп беруіне мүмкіндік береді», деді Евгений Мастернак.
Форум қорытындысында қатысушылар көмір генерациясын дамыту, көмір химиясын ілгерілету, көлік инфрақұрылымын жетілдіру мен кадрлық әлеуетті күшейту жөніндегі ұсыныстарды қамтыған қарар жобасын талқылады. Сарапшылардың ортақ пікірінше, көмір өнеркәсібі алдағы онжылдықта да елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі болып қала береді.