Ұлытау облысының шалғай ауылдарында медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы игі бастаманың аясында облыстың екі ауданындағы елді мекендерде жаңа медициналық пункттер пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысандардың қатары толықты.
Жаңаарқа ауданына қарасты Айнабұлақ ауылында бой көтерген жаңа медициналық пункттің ашылу салтанатына аудан прокурорының орынбасары Жігер Малтиков, аудан әкімінің орынбасары Әсет Аманжолов, аудандық аурухананың басшылығы мен ауыл тұрғындары қатысты. Ауыл жұртшылығы үшін көптен күткен нысанның ашылуы жергілікті тұрғындардың қуанышын еселей түсті.
Заманауи талаптарға сай салынған медициналық пункт қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Енді ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмекті алу үшін аудан орталығына сабылмай, өз ауылында сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алады.
Жалпы, ауданда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта бір фельдшерлік-акушерлік пункттің, бес медициналық пункттің және бір дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталып, барлық қажетті рұқсат құжаттары рәсімделген. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсетуге лицензиялар алынған.
Бұдан бөлек, Жаңаарқа аудандық ауруханасының 90 орындық стационарлық ғимаратында жоспарға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай игі бастама Ұлытау ауданының Шеңбер ауылында да жалғасын тапты. Мұнда да жаңа медициналық пункт ел игілігіне берілді. Ашылу рәсіміне Ұлытау ауданы прокурорының міндетін атқарушы, әділет кеңесшісі Сәбит Серимбетов, Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Нысамбаев, аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек және ауыл ақсақалдары қатысты.
Ұлытау ауданында да денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Кейінгі жылдары аудан көлемінде бірқатар медициналық нысанның құрылысы қолға алынып, нәтижесінде тоғыз фельдшерлік-акушерлік пункт пен үш медициналық пункттің құрылысы толық аяқталды. Қажетті құжаттары рәсімделіп, медициналық қызмет көрсетуге лицензиялар алынды.
Сонымен қатар аудан орталығында бір мезетте 100 келушіні қабылдай алатын және 20 төсектік орынға арналған жаңа аудандық аурухананың құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмысының 70 пайызы аяқталған. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жаңадан ашылған қос медициналық пункт ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі саналады. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған нысандар халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрғындар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті өз елді мекенінде дер кезінде алып, денсаулығына қатысты мәселелерді жедел шешуге жағдай жасалмақ.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған мұндай маңызды жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға қызмет ете бермек.