• RUB:
    6.63
  • USD:
    487.73
  • EUR:
    558.99
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:20

Цифрлық білімнің артықшылығы неде?

Қазір білім саласы да цифрлық технологиялардың ықпалымен түбегейлі өзгеріп келеді. Онлайн платформалар, электронды оқулықтар, жасанды интеллект жүйелері мен виртуалды зертханалар оқыту үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Цифрлық білім уақыт талабына жауап беріп қана қоймай, оқушылар мен ұстаздарға жаңа мүмкіндіктер ұсынады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жария­лап, отандық білім жүйесін инно­вациялық және икемді модельге көшіру міндетін қойды. Бұл стратегиялық қадам цифрлық эко­номика жағдайында бәсекеге қабілетті, жаһандық цифр­лық кеңістіктің мүмкіндігін тиімді пайдалана алатын жаңа ұрпақ­ты қалыптастыруға бағытталған. Болжамдарға сәйкес жасанды интеллект пен цифрлық техноло­гия­ларды енгізу 2030 жылға қарай білім жүйесінің өнімділігін 10–15%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Зер­делеп көрсек, цифрлық білім­нің ең үлкен артықшылығының бірі – білімнің қолжетімді болуы. Бұ­рын сапалы білім алуға белгілі бір қалада немесе оқу орнында болу қажет еді. Қазір интернет арқы­лы әлемнің кез келген нүктесінен үздік университеттердің дәрісін тың­дап, түрлі курсқа қатысуға мүмкіндік бар. Бұл, әсіресе, шалғай ауылдағы оқушылар мен ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін маңызды.

Онлайн оқу дәстүрлі білім фор­масына қарағанда әлдеқайда икемді. Студенттер сабақ материал­дарын өздеріне ыңғайлы уақытта меңгере алады. Сонымен қатар жол жүруге, жатақханаға немесе қосымша шығынға кететін қаражат азаяды. Бұл білім алушылардың уақытын тиімді пайдалануға жол ашады.

Астанадағы №113 Келешек мектебінің информатика пәні мұғалімі Меруерт Орынбайдың айтуынша, бұл жаңашылдықтың тиімділігі әрдайым бірдей деңгей­де көріне бермейді. «Бұл құбылыс­ты мұғалім ретінде екі қыры­нан қарастыру маңызды. Ең алдымен, цифрлық білім – оқытудағы үлкен мүмкіндік. Электронды күнделік арқылы оқушының үл­герімі мен қатысуын бақылау жү­йеленді, ата-анамен байланыс нығайды. Ақпараттың ашықтығы білім үдерісін айқын әрі түсінікті етеді. Сонымен қатар онлайн платформалар сабақтың мазмұнын байытып, әр оқушының деңгейіне сай тапсырма беруге жол ашады. Бұл, әсіресе, оқушылардың жеке қабілетін дамытуға ықпал етеді. Цифрлық орта оқушылардың қы­зығушылығын арттырып, білімді визуалды және интерактивті түрде қабылдауына мүмкіндік береді. Мұғалімге де бұл – уа­қытты тиімді пайдаланып, шы­ғар­машылықпен жұмыс істеу­ге жағдай жасайтын құрал. Әсіресе тестілеу мен кері байланысты автоматтандыру – педагог жұмысының сапасын арттыратын маңызды факторлардың бірі. Алайда тәжірибеде цифр­лық білімнің кейде формальдылық сипат алып кететін тұстары да кездеседі. Кей жағдайда платформалар тек есеп беру немесе «міндетті белгі қою» құралына айналып, оқытудың мәніне терең әсер етпей жатады. Техникалық қиындық, ин­тернеттің тұрақсыздығы немесе мұғалім мен оқушының цифрлық сауатының әртүрлі деңгейде болуы да бұл үдерістің тиімділігін төмендетуі мүмкін. Сондықтан цифрлық білімнің нәтижелі болуы, ең алдымен, мұғалімнің кәсіби ұстанымына байланысты. Егер педагог цифрлық құралдарды тек талап үшін емес, оқушының білімін арттыру мақсатында қолданса, онда бұл сөзсіз мүмкіндікке айналады. Цифрлық білім – технология ғана емес, оқытудың жаңа мәдениеті. Оны дұрыс бағытта пайдалану арқылы ғана біз сапалы әрі заманауи білім бере аламыз», дейді ол.

Цифрлық технология әр оқушының қабілеті мен қа­жет­ті­лігіне қарай білім алуға жағ­дай жасайды. Арнайы бағдар­ламалар оқушының үлгерімін талдап, оның әлсіз және күшті тұстарын анықтай алады. Соның негізінде жеке оқу жоспары құрылып, білім сапасы артады. Бейнесабақтар, анимациялар, интерактивті тапсырмалар және виртуалды шынайылық элементтері оқу үдерісін тартымды етеді. Күрделі тақырыптарды көрнекі түрде түсіндіру арқылы оқушылардың қызығушылығы артып, ақпаратты есте сақтау деңгейі жоғарылайды.

Қазіргі еңбек нарығында цифр­лық сауат аса маңызды құзы­рет­тің бірі саналады. Білім алу барысында оқушылар компью­тер­лік бағдарламалармен жұмыс істеуді, ақпарат іздеуді, онлайн коммуникация жасауды және деректерді талдауды үйренеді. Бұл дағдылар олардың болашақ кәсіби өмірінде үлкен артықшылық береді.

Цифрлық платформалар баға­лау, құжат жүргізу, оқу материалдарын тарату сияқты көптеген үдерісті автоматтандырады. Мұғалімдер оқушылардың үлгерімін нақты уақыт режімінде бақылап, олардың қажеттілігіне жедел жауап бере алады. Нәтижесінде, оқыту сапасы жақсарады. Цифрлық білім адамның өмір бойы білім алуы­на мүмкіндік береді. Кәсіби білік­тілікті арттыру, жаңа маман­дық меңгеру немесе жеке қызығу­шы­лықтарды дамыту үшін онлайн курстар мен білім платформаларын пайдалану кеңінен таралған. Бұл қоғамның интел­лек­туал­дық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Шынында, цифрлық білім – қазіргі заманның маңызды жетістігінің бірі. Ол білімге қол­жетімділікті кеңейтіп, оқыту сапасын жақсартып, жеке тұлғаның мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасайды. Болашақта цифрлық технологиялардың одан әрі дамуы білім жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, қоғамның тұрақты дамуына қызмет етері сөзсіз. Сондықтан цифрлық білімді тиімді пайда­лану – бүгінгі күннің басты міндеттері­нің бірі.

Соңғы жаңалықтар