• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2015

Бұл – ұсақ-түйек емес

305 рет
көрсетілді

Көкшетау ежелден еліміздің солтүстік аймағындағы есті, басты саналған еңселі шаһарларымыздың бірі еді. Ұлттық шаралар да, ұлтжанды дәстүрлер де осы қаладан бастау алып жататын. Алайда, тәуелсіздік жылдары осы қаланың бұрынғы елжанды белсенділігі төмендеп, патриоттық сезімі самарқауланып қалған секілді. Петропавлдан келе жатсаңыз шаһар­дың терістік қақпасынан кіресіз. Осы жерде алдыңыздан үлкен көпір кездеседі. Сол кө­пірге шықсаңыз, Омбы жолына түсетініңізді екі бірдей тақтаға, екі тілде, екі бөлек жерге жазып қойыпты. Ал осы көпір арқылы Астанаға да шығып кетуге болатыны еш жерде көрсетілмеген. Екі бірдей тақта тек Омбыны ғана көрсетіп тұрған соң, Ас­танаға шығаратын жол басқа екен деп ойлағанбыз, сөйтсек, Көкшетаудың шенеуніктері еліміздің бас қа­ласына осы кө­пір шығаратынын көрсетуді «ұмытып» кетіпті. Соған қара­ған­да, бұларға Астанадан гөрі Омбы маңыздырақ секілді көрініп қалды... Осыдан кейін көкшелік шенеуніктердің елжандылығы кемшін бе деп ойлауға қақымыз бар ма? Біздіңше, бар. Одан әрі... Көкшетаудың ортасымен жүріп келе жатып, шаһар­дың ішінен Астанаға шығаратын жол мына жақта деп көрсеткен бірде-бір бағдар тілді таба ал­мадық. Бұған да таңғалмасқа лажың жоқ. Көкшетау ауыл-аймақ емес, әжептәуір қала, тіпті, облыс орталығы емес пе? Ендеше, адамдарға барынша ыңғайлы болу жағы ескерілуі керек еді ғой. Петропавл жақтан келетін жолға Көкшетаудың аумағынан 10-15 шақы­рымдай алыстағы ақ тақтаның фонына «Көкшетау» деп жазып қойылған. Мұнысы – қалаға әлі біршама қашық болса да сағатына 60 шақырыммен тепеңде дегенді білдіреді. Ал өйт­песең, аңдып тұрған «жол-полдар» жоқ жерден шыға келіп, жолыңды кеседі... Ал жоғарыдағы сұрақтарды қойсаңыз, «біз біл­мейміз, оны әкімдікке айтыңыз», деп ат-тондарын ала қашады. Осылар ұсақ дүние сияқты, алайда, осындай ұсақ-түйектен елге деген, жерге деген сүйіспен­шілік оянатынын немесе, ке­рісінше, жеккөрушілік туатынын көк­шетаулық шенеуніктер ескерсе екен дейміз. Сонымен бірге, жол полициясы қызметкерлеріне айыппұл салудан бөлек, сыпайы, әдепті, елжанды болу жағын да ескертіп отыру артық болмас еді. Әйтпесе, астаналық нөмірді көрсе болды, жүгіре шығып тоқтату деген не әдет? Өкініштісі ондай әдет қызылжарлық полиция қыз­меткерлерінде де бар екен. «Бұларың не, осындай қызметте істеп, абыройлы болып жүргендерің еліміз тәуелсіздігінің символы – Астананың арқасында емес пе десең, «Ваши наших тоже остановливают», деп қолдарын сілтейді. Бұған не дейсің? Пат­риоттық сезім емес, «ваши, наши» деген бөлініс бастарына сіңіріліп қалған секілді. Демек, ішкі істер қызметінде дәл баяғыдай саяси сабақтар болмаса да тәртіп, әдеп сабақтары, патриоттық шаралар жиі өтіп тұруы керек екені анық байқалады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.