• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2015

Ақыртас

3025 рет
көрсетілді

[caption id="attachment_73698" align="alignleft" width="560"] спуск.p65[/caption] «Ақыртас» тарихи кешені қасиетті қазақ жеріндегі ежелгі ескерткіштердің бірі. Көненің көзіндей осы тарихи ескерткішпен толығырақ танысу көптен ойда жүрген шаруа еді. Соның сәті биылғы жылдың сәуір айында түсті. Жолбасшымыз «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, мәдениет қайраткері, ескерткіштер тарихының білгір маманы Тәкен Молдақынов. Сонымен, Тараз қаласынан шығып, шығысқа қарай жол тарттық. Оң қол жақта Алатаудың қарлы шыңдары асқақтайды. Біз көзбен көруге ынтығып келе жатқан Ақыртас бұл маңнан онша қашық та емес. 40 шақырым жүрсек, Ақшолақ теміржол бекетіне жетеміз. Ақыртас заулаған машинаға осы бекеттен сүт пісірім жерде жатыр. Тәкең жол-жөнекей әңгіме тиегін ағытып, адамзат өркениетінің елең-алаңынан жеткен тарихи жәдігерлер санатындағы құндылықтардың зерттелуі мен зерделенуі арқылы сол өркениетті жасаушы халықтар мен қауымдардың тарих толқынындағы орны мен өресін анықтауға болатынын, Ұлы Даланың ұлағатын пайымдау үшін асқар тауы мен шалқар көлі, қара орманы мен құланды даласы бар қабырғалы бабаларымыздың өткен өмірі мен кешкен ғұмырын бағамдау үшін олардың өз қолымен жазып кеткен жартастағы жазулары мен жер астындағы жәдігерлеріне, көкейінде көптеген көмбелеріне жүгінетінімізді, Адамзат өркениетінің елең-алаңында-ақ қорғанды қала, қоршаулы құрылыстар тұрғызған бабаларымыз, жаңа дәуір мен орта ғасырлардың межесінде де қала құрылысын қарқынды жүргізіп отырғанын, ежелгі Мауреннаһрдың, Испиджабтың, Тараздың, Жетісудың аумағын алып жатқан қалалар мен қамалдар шоғыры сол тарихи кезеңдерден жеткен жәдігерлер екендігін, өзіміз танысуға келе жатқан Ақыртастың Египет пирамидаларымен, Афина Акропольдарымен, Рим Колизейімен, Перудегі Майя мәдениетінің тылсым мұраларымен деңгейлес алып құрылыс нысаны екендігін шабыттана ортаға салды. Әңгіме арасында, түрлі деңгейдегі бас қосулар мен пікір алмасуларда Ақыртас сияқты бірегей кешеннің әлемді аузына қаратқан небір керемет тарихи жәдігерлердің қатарында аталуға әбден лайықты екендігі, сәті түсіп, өткен 2014 жылы БҰҰ-ның, Ғылым, білім және мәдениет жөніндегі бөлімшесі – ЮНЕСКО-ның, Доха қаласында өткен кезекті сессиясының шешіміне орай, аталған ұйымның кез келгеннің қолы жете бермес тізіміне – Бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар тізіміне, киелі Әулиеата – Тараз жеріне орын тепкен 5 жәдігердің бірі болып, Ақыртастың да енгендігі сөз болды. Кейінгі есеп бойынша Қазақстанда 45 мыңға жуық архитектуралық, археологиялық және тарихи жәдігерлер бар десек, күні кешеге дейін солардың екеуі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен көшпенділер мәдениетінің озық нұсқасы Таңбалы петроглифтері ғана аталған тізімде болып келген. Әрине, ауызды құр шөппен сүрте беруге болмас. Ақыртасқа жұрт назары ауған 140-150 жылдан бері бірталай зерттеу жұмыстары жүргізілді. Патшалық Ресей тұсында басталған зерттеу жұмыстары Кеңес өкіметі кезеңінде жалғасын тапты. Ал еліміз Тәуелсіздік алған­нан кейінгі жылдары бұл жұмыс қарқынға қарқын қоса жүргізілуде. Тіпті, шетелдік, атап айтқанда, француз, италия ғалымдарымен бірлесіп, аэрофототүсірілім жасалуы да біраз құпиялардың сырын ашқандай болды. Сондықтан, да, Ақыртастың айшықты болашағы алда екендігіне сеніміміз мол. Тарихи ескерткіштерге бай еліміздің ешкімге ұқсамайтын ежелгі мәдениетін, оның адамзат өркениетіне қосқан қомақты үлесін әлемге танытуға Ақыртас та өз үлесін қосады әлі, – деп сөзін түйіндеді Тәкең. Осы арада мен де әңгімеге араласып, бұл кешеннің Орталық Азияда теңдесі жоқ қайталанбас нысан екенін, оның ғажайып көрінісін жұртшылықтың тамсана айтып жүргенін, кейінгі ұрпаққа аманатын таспен қашап қалдырған бабаларымыздың алып тастардан Ақыртас сияқты кешен тұрғызуы табиғатпен үндестік таба білген халқымыздың, қала құрылысын игеруде де ешкімге дес бермегендігін әңгімеледім. Осылай пікір алмасып отырғанда ел аузын­да аты аңызға айналған ғажайып кешен­ге жетіп те қалыппыз. Міне, біз қала-кешеннің бас қақ­пасының алдында тұрмыз. Ел қоныстанған аумақтан сәл қағаберіс оңашалау тұста орналас­қан, жаңа шығып келе жатқан күн сәулесіне көмкерілген алып құрылыстың көрінісі тым айбатты көрінеді екен. Кешен құрылысының жүргізілген уақыты жөнінде алуан түрлі пікірлер айтылып келе жатқанымен, қалай болғанда да, оның есте жоқ ескі заманнан қалған бір белгі, бірегей мұра екендігіне ешкім де шүбә келтірме алмайды! Тіпті, сан ғасырларға ұласқан сапырылыстар, одан қалаберді табиғаттың тосын жағдайлары мүжіген, ақырында тіршілік қамын жеген пенделердің баға жеткісіз ескерткіш тас­тарды күнделікті кәдесіне жаратқан әрекет­терінен кейін де, асылдың сынығындай сыры жойылмаған көненің аманаты уақыт сынына бәрібір төтеп беріп, айбынды кескін-келбетін сақтап қалғаны таңдандырады. Біздің қазақта естіген бір басқа да, көрген бір басқа деп жатады ғой. Талайдан бері атына сырттай қанық, көне жәдігер – ежелгі Ақыртастың таң шапағымен астасқан бейнесі шынында да мені үлкен әсерге бөледі. Кешенді асықпай аралап жүрміз. Мұнда кешеннің бірыңғай алып қызыл құмтастардан қаланғаны бірден көзге ұрады. Көлемі шамамен 205х185 метрден тұратын құрылыстың атшаптырым ішкі ауласы бар. Іргесінде екі су қоймасы, яғни хауыздары болған. Бұл, құрылыстың әуел бастағы жобаға сәйкес, келісті де кең, салтанаты кемел сарай болып бой көтеруге тиісті ғимарат екендігінен хабар бергендей. Қазба жұмыстары барысында зерттеушілер, Ақыртасқа тиіп тұрған тұстан тағы да осындай екі шаршыдан тұратын болашақ құрылыс алаңын тапқан. Олардың аумағы жоғарыда сөз болған аэрофототүсірілім бейнелерден де анық байқалады. Ал, қосымша құрылымдардың үшеуі дәліз тәрізді ұзын. Екінші бөлігі 12 тұрғын және 5 шаруашылық орын-жайдан тұрады. Үшінші бөліктің сыртқа өз бетімен шығу жолы бар он үш орын-жайы ауланы айнала топтастырылған. Төртінші бөліктің тұрғын бөлмелері де ауланың айналасында. Бұдан бөлек, 18 тұрғын бөлме, екі дәліз және үш шағын орын-жай да осында. Қазіргі зерттеулер Ақыртас ғимарат­тарының одан шамамен 400 метрдей қашықтықтан алын­ған қызыл құмтас пен ерекше табиғи қасиеті бар қосынды – саздан салынғанын айғақтап отыр. Ақыртас кешеніндегі құрылыс қабырғаларының қалыңдығы 3,5 метрден 4 метрге дейін жетеді. Ал ғимарат іргетасының биіктігі 4 метр екен. Бұл кешен құрылысының зәулімділігін айғақтай түссе керек. Ғалымдар сондай-ақ, осы күнге дейін сақталып қалған су құбыры жүйесінің оңтайлы құрылымының нәтижесінде, кешеннің 5-6 шақырым қашықтықтағы тау етегінде тебіндеп жатқан бұлақ суымен қамтамасыз етілгенін де ғылыми негізде дәлелдеп берді. Ақыртас қабырғаларының қазіргі кезде сақталған сілемдері 160,146 және 140 метр шамасында. Қабырғалары қалың, ірі тас блоктардан қаланған. Қорғанның оңтүстік және солтүстік қақпалары бар. Тұрғын үйлер ішкі ауланың төңірегіне топтастырыла салынған қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенінен тұрады екен. Ал енді осынау бірегей тарихи ескерткішке қай кезде назар аударыла бастады деген сауалға келер болсақ, шығыстанушылар, архитекторлар және археологтар оған ХІХ ғасырдан бастап көңіл бөлген. Ақыртасты 1864 жылы алғашқы рет полковник Черняевтің әскери экспедициясы құрамында жұмыс істеген суретші М.С.Знаменский зерттеп, оның сол кезге дейін сақталып келген, биіктігі 2,5-3 метрді құраған қабырғаларының панорамалық суретін сызып жариялаған. Ал, арғы дәуір құжаттарына көз салсақ, Ақыртас туралы тұңғыш деректерді 1222 жылы даос тақуасы Чань Чунь қалдырған. Ол өзінің жолжазбаларында былай деп хабарлайды: «Жолда бізге тас қала кездесті: тастар қып-қызыл түсті, көне әскери құрылымның іздері бар. Батысқа қарай бағытталған Үлкен аю жұлдызы секілді орналасқан көлемді зираттық үйінділерді көрдік». М.С.Знаменский Ақыртастың алыстан қарағандағы жалпы сұлбасын қағазға түсірумен шектелсе, одан кейінгі кезеңде Ақыртас кешенін В.А. Каллаур, П.И.Лерх, Д.И.Иванов, В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, Н.А.Аристов және Г.И.Пацевич тәрізді өлкетанушылар мен ғалымдар зерттеген. П.И.Лерх кейбір блоктардың жекелеген өлшемдерін жүргізіп, даос тақуасы қалдырған деректермен салыстыра отырып ескерткіштің жалпы сипаттамасын берген. Кешендегі маңызды ғылыми-зерттеулердің бірін геолог Д.Л.Иванов жүргізген. Ол құрылыс пен тас қашалатын орынның жоспарын егжей-тегжейлі сипаттап қана қоймай, қабырға блоктарын суреттеп, Ақыртастың тарихи маңыздылығына өте жоғары баға берген. Ақыртас кешенін зерттеушілер, оның қай дәуірдің туындысы екендігін, құрылыстың нақты арналым – нысанасы неге саятындығын әлі күнге дейін дөп басып, дәлелдей алмай отыр. Мәселен, зерттеуші П.И.Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы деген болжам айтса, академик В.В.Бартольд несториан ғибадатханасының қалдығы деген тоқтам жасайды. Ал белгілі қазақ сәулетшісі Т.К.Бәсеновтің жазуына қарағанда, Ақыртас құрылысы бітпей қалған зәулім сарайдың іргетасы... 1996 жылғы зерттеулер барысында қазақ және француз мамандары, Ақыртас VIII-XI ғасырларға жататын керуен сарайдың орны болуы мүмкін деген болжам жасаған. Өйткені, құрылыс жобасы Ирак пен Сирия жерлеріндегі орта ғасырлық құрылымдарға өте ұқсас деп болжанған. Соған қарап Ақыртас VIII ғасырдың ІІ жартысында, яғни 751 ж. қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастаған құрылыс болуы бек мүмкін деген жорамал жасалады. Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан кейін, академик К.М.Байпақов бастаған ғылыми топ кең көлемді археологиялық жұмыстарды француз ғалымдарымен бірлесіп жүргізуді қолға алды. Соның нәтижесінде түбегейлі жүргізілген ғылыми-зерттеулер Ақыртас брахман ғибадатханасы немесе несториан монастрі болған деген болжамдарды жоққа шығаруға мүмкіндік берді. Осы жағдай құрылыс VIII ғасырдың ортасынан бұрын салынбағанына ғалымдардың көзін жеткізді. 1998-1999 жылдары Сарай кешенінің жанынан кішігірім керуен-сарай табылды. Кешеннен оңтүстік-батысқа қарай 1 шақырым жердегі биікте, бір-бірінен 50 метр­дей қашықтықта орналасқан, бұрыштарында төрт мұнарасы бар қамал және қолбасшының бекінісі (VIII -Х ғғ.) орналасқандығы анықталды. Осы арада соңғы кезде Ақыртастың құрылысы мен Мысырдағы Хеопс пирамидасы арасындағы ұқсастыққа тарихшылардың ерекше ден қоя бастағанын да айта кеткеніміз жөн. Мысалы, Мысырдағы ең әйгілі Хеопс пирамидасының, жалпы Гиза аңғарындағы барлық пирамидалардың соғылу тәсілдеріне көз жіберер болсақ, олардың ірі тас блоктары 100 метрден аса биіктікке, құрылыстың іргесіне төгілген құм-топырақтан тұратын жасанды үйінділердің көмегімен бөрене арқылы сүйреп шығарылған дейтін де болжам бар ғой.... Аталмыш тәсіл Ақыртас құрылысында да еркін пайдаланылған. Оған куә – алып құрылыстың екі қанатына қолдан тұрғызылған және күні бүгінге дейін сақталып қалған екі жасанды биіктік. Ақыртас пен Мысыр пирамидалары арасын­дағы ұқсастық қазақ тарихшылары үшін анау айтқан жаңалық емес. 1967 жылы 22 шіл­деде «Ленинская смена» газетінде Хеопс пирамидасының геометриялық координаттары мен Ақыртас қалашығы координаттарында өзара сәйкестік бар екендігі туралы мақала жарияланды. Тіптен мақала авторына сенсек, қалашық құрылысына зерттеу жүргізген инженер Виктор Луппорт: «Ақыртастың құрылысы орналасқан жерден 200 метр тереңдікте ежелгі өркениеттің бізге белгісіз храмы жатыр» деген батыл болжам айтқан. Тегінде, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық мұражайының күтіміндегі көне жәдігерлер Қазақстан мен Орталық Азияның ғана емес, жалпы адамзат өркениетіне тән маңызға ие құндылықтар екендігі даусыз. ХІ-XII ғасырларға тиесілі Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесене-кешендері мен Шығыс моншасы, жұмбақ сырға толы Ақыртас қалашығы – Ұлы Дала өркениетінің қайталанбас көркем үлгілері. Осынау ғажайыптардың құпия сырлары толық ашылып болды деуге әлі ерте... Ежелгі тарихымыздың сырына тереңірек үңілгіміз келсе, Ақыртасты мемлекеттік және халықаралық деңгейде жүйелі зерттеуге тиіспіз. Кейінгі жылдарға тән зерттеулер мен зерделеулер, жоғарыда айтқанымыздай, Ақыртас ертедегі Майя мәдениетінің Перу ормандарында мүлгіген әйгілі пирамидаларымен тамырлас деген тұжырымдарға ұласа бастады. Бұған негіз де жоқ емес. Төс табанға және қабырғаларға қаланған тас блоктардың әрқайсысының салмағы бір тоннаға жуық. Олар тегістеле жонылып, мұқият өңделген. Бір-біріне геометриялық дәл аралықты сақтай отырып қатарласа көтерілген тас бағаналар Афина акропольдарының сілемдерінен елес береді. Ақыртас тұрпатынан Рим Колизейінің сәулетіне тән белгілерді де аңғарасың. Осындай ұқсастықтарды жүйелеп бағамдаған адамға – б.д.б. І ғасырларда Ғұн Тәңірқұты Чжи-Чжи (Шөже) ежелгі Рим қолбасшысы Красстың тұтқынға түскен легионерлері мен Парфия шеберлеріне Талас пен Аса өзендерінің аңғарына, бүгінгі қазақ даласындағы қалалардың – анасы, қалалардың – атасы, адамзаттың батысы мен шығысына тән өркениеттер алмасуының алтын бесігі, Елбасының дуалы аузыменен: «Тараз – тарихымыздың алтын арқауы» атанған Тараз қаласын салдырғанда, осы Ақыртасты да бірге көтерген жоқ па екен деген ойға жетелейді?! VIII ғасырдың бел ортасында, дәлірек айтсақ, 751-жылдың жазында Тараздан таяқ тастам жердегі Атлах қаласы маңында өткен әлемге әйгілі «Атлах шайқасындағы» араб армиясының жеңіске жетуі – ежелгі Хань әулетінің Орталық Азияға көз алартуын біржолата жойып, Ислам өркениетінің Ұлы мекенімізге дендеп еніп, өркендеуіне даңғыл жол ашты. Осы кезеңде бой көтерді деп есептелетін Ақыртас кешеніне ұқсас Орталық Азия аумағында екінші тарихи мұра жоқ. Өкінішке қарай, біздің бүгінгі күнімізге дейін осынау орасан мықты, сәулетті де әлеуетті құрылымнан, Дала инженерлері ақыл-ойының інжу-маржаны санатындағы аса құнды тарихи мұрадан тек нүкте сызықпен белгіленген іргетас пен ғасырлар бойы өз салмағымен топыраққа сіңіп кеткен блоктар ғана жетті. Ұзақ уақыт Әулиеата уезінің басшысы болған, өзі әуесқой өлкетанушы В.Каллаурдың 1905 жылы жазып кеткеніндей, сол кездегі тұрғындар Ақыртастың үйінді-қаланымдарын жаппай тасып әкетіп, өз керектеріне «жаратып» отырған. Ол көбінесе көпірлердің, түрлі мақсаттағы ғимараттардың іргетастары мен қабырға қаланымдарының материалы ретінде қолды болып отырған. Ал, атақты «Түрксібтің» құрылысына – теміржол өткелдеріне қаланып кеткен Ақыртас тастары күні бүгінге дейін менмұндалайды... Мысалы, 1938-1939 жылдары аталған жәдігерден 5-ақ шақырым қашықтықта орналасқан жалғыз Ақшолақ стансасында ғана, Ақыртастың тастарынан екі қойма мен бірнеше ғимараттардың іргетастары қаланыпты. Құс ұшар биіктіктен қарасаңыз ескерткіштің архитектуралық құрылымы осы заманғы радио­кестеге ұқсас болып келеді. Кейбір зерттеушілердің, уфологтар мен білім-парасаты биік деңгейдегі зиялы қауым өкілдерінің болжамы бойынша, Ақыртас өте қуатты табиғи энергияның «қозғалтқышы» санатында. Кейде мұнда жер-жерден пікірлес уфологтар ғылым докторлары, профессорлар жиналып, Ақыртас құпиясы жайлы өзара сыр бөліседі, ғарыш және ғарышпен байланыс жайлы да өте қызық әңгімелер айтылады... Алғашқы кешенді зерттеулер мен қайтадан қалпына келтіру жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында іске асырылған болатын, тарихи мұраның құлаған, шашылған тас­тары орын-орнына қойылып, ғасырлар дауылы көмкерген тұрпаты аршылып, тазаланып қалпына келтірілді, электр қуаты жеткізіліп, басына еңселі ғылыми-ақпараттық орталық салынды. Өкінішке қарай, түрлі себептермен бірнеше жылға созылып кеткен үзілістен кейін, сәті келсе биылғы 2015 жылы Ақыртастың жұмбақ әлеміне «үңілудің» екінші кезеңі басталмақ. Иә, айта берсек Ақыртас кешеніне байланыс­ты әңгіме түгесілмек емес. Сонау көне заманнан бүгінгі күнге там-тұмдаған қалдығы ғана жеткен бірегей кешеннің қазіргі көрінісінің өзі, әрі-бері өткен жолаушылардың да, оған арнайы атбасын бұрып тамашалаушылардың да, жәдігерді оқтын-оқтын зерттеп, зерттеген сайын жаңа бір тосын жаңалыққа тап болып, сиқырлы кешеннің құпиясына үңіле түскен ғалымдардың да қызығушылығын арттыра түсуде. Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Жамбыл облысы.