• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2015

Кесенеге тәуелсіз комиссия керек

288 рет
көрсетілді

 

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қа­зақ­­­­­­стан және Орталық Азия тарихындағы таңдаулы жәдігер­­лердің бірі. Кесене – «ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне» енген Қазақ­­станның алғашқы мәдени нысаны. Елбасы­­ Н.Ә.Назар­баев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабын­да «Қазақ халқы­ның ұлы перзенттерінің мүрделері осы жерде жатыр. Сондықтан осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас біріктірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын ауда­рып отырғанымыз дұрыс», деп атап көрсеткен болатын.

Түркі дүниесінің тұмарына, мемлекетіміздің мақтанышына айналған осы ұлы ғимараттың жай-күйі бүгінгі күнде нашарлап, апатты жағдайға жетіп отыр. Үкіметке осы мәселені көтеріп Парламент Мәжілісінің депутаттары тарапынан бұған дейін бірнеше депутаттық сауалдар жолданған болатын. Мемлекет тарапынан да кесенені қалпына келтіру жұмыстарына қажетті қаржы бөлініп келеді. Соңғы бес жылда кесененің жағдайын тексеру мақсатында бес рет ведомстволық комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілген. Бірақ одан тиісті нәтиже жоқ. Себебі, кесенені қалпына келтіру жұмыстары «Қазқайтажаңғырту» РМК-ге тапсырылады. Ал бұл ұйым ғылыми-зерттеу жобасын өздері жасайды әрі оны жүзеге асырады және атқарылған жұмыстарды өздері қабылдап алады. Тәуелсіз ғалымдардың жүргізген сараптамасы бойынша, бұл ұйымның атқарған жұмыстары тиісті талаптарға сай келмейді екен. Кесененің өн бойында ылғалдану, тұздану процесі жүріп жатқандығы қалпына келтіру жұмыстарының ғылыми негізсіз жүргізілгендігінен деп саналады. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Кесе­­ненің күрделі күйі», «Киелі кесене сынақ алаңына айналмауы тиіс» деп аталған мақалаларда баяндалған. Осыған байланысты Ясауи ке­сенесіне ғылыми-зерттеу жұ­мыс­­­тарын жүргізіп, сараптама жасау үшін еліміздің білікті сәу­лет­шілері мен құры­лысшыларын және Ясауи ке­сенесі сияқты ғи­­мараттары бар Әзербайжан, Мы­сыр, Өзбекстан, Түркия, тағы да басқа мемлекеттерден шет­елдік сәу­летшілерді, ғалымдарды, рес­таврация мамандарын тарта оты­рып, тәуелсіз комиссия құру қажет деп санаймын. Сол комис­сия­­ның қорытындысы бойынша жөн­деу және қалпына келтіру жұмыс­­тары жүргізілетін болса, қазіргі апаттық жағдайдан құтылар едік. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты.