• RUB:
    6.13
  • USD:
    479.26
  • EUR:
    546.21
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 08:20

Адам құқығы – басты құндылық

Биыл жалпыхалықтық референдумда қабылдаған жаңа Ата заңымыз шын мәнінде еліміздің түбегейлі саяси бетбұрысын, экономикалық бағыт-бағдарын, қоғамдық даму үдерісін айқындап бергені анық. Конституция туралы сөз болғанда көпшілік оны мемлекеттің негізгі заңы, билік тармақтарының жұмысын айқындайтын құқықтық құжат ретінде ғана қабылдайды. Әрине, бұл – оның басты қызметінің бірі ғана. Бірақ Ата заңның мәні мен мазмұны мұнымен ғана шектеліп қалмайды.

Қай елдің Конституциясын алып қарасаңыз да, ең алдымен мем­лекет пен қоғам арасындағы жауапкершіліктің кепілі ре­тінде биік тұрады. Біздің жаңа Ата заңның да әрбір нормасының түпкі мақ­саты – адамның құқығы мен бос­тан­дығын қорғау. Ашығын айтсақ, қазір­гі басты құжатта адамға қатысты құқық­тар мен нор­малар біршама түсініктірек, әрі ныса­нына жақындай түскен. Бір сөзбен айтқанда, нақтылық бар.

Осы ретте еліміздің Адам құқық­тары жөніндегі уәкілі Артур Ластаевтың жаңа Конс­титуцияның жобасын талқылау кезінде сөйлеген сөзі ойға оралып отыр. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты бірқатар маңызды норма нақтылана түскен.

Атап айтқанда, күзетпен ұстау тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылатыны бекітілген. Ал соттың санкциясынсыз ұстау мерзімі заңмен айқындалады. Сонымен қатар Конституцияда әрбір адамның өз құқықтары мен бостандықтарын заңды тәсілдермен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғау құқығы сақталған. Қылмыстық қол сұғушылыққа заң аясында қарсы тұру мүмкіндігі адамның өмір сүру құқығын толықтыра түседі. Өйткені бұл тетік адамның өмірін заңсыз және негізсіз қиюдың алдын алуға бағытталған.

– Цифрландыру үдерісінің қарқынды дамуына байланыс­ты Конституцияда жеке өмірге қол сұқпаушылық, заңмен қорғалатын құпиялар мен дербес деректердің қорғалуы жөніндегі кепілдіктер де нақтыланған. Сондай-ақ сөз бостандығына қатысты нормалар халықаралық құқықтағы қағидаттарға сәй­кес жетілдірілген. Қазіргі ақ­параттық кеңістікте пікір білдіру еркіндігі мен жария айтылған сөз үшін жауап­кершілік арасындағы теңге­рімді сақтау ерекше маңызға ие. Мұндай тепе-теңдік өзге азамат­тардың құқықтарын қорғау­ға әрі қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Әлемдік құқық­тық тәжірибеде бұрыннан қалып­тасқан қағида бар: бір адам­ның құқығы екінші адам­ның құқығы басталатын жерде аяқталады. Яғни бұл – халықаралық құқық­тың мойындалған алтын стандарты. Аталған қағидат жаңа Конституциямызда да нақты көрініс тапқан, – деді ол.

Уәкілдің айтуынша, Конс­титу­ция жобасындағы адам құқықтарына қатысты нормалар халықаралық құқықтың негізгі құжаттарымен де үндеседі.

– Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтары әркімге туғаннан тиесілі, абсолют­ті әрі ажырамас құқық­тар ретінде таныла­ды. Ха­лықаралық құжат­тар­дағы құқықтық ұғым­­дар­мен сабақтастықтың сақ­талуы құқықтық реттеудің ­жүйе­­лілігін қамтамасыз етеді. Жал­пы алғанда, құжат сапалы, жан-жақты сараланған. Онда халықаралық стандарттар, ұлт­тық ерекшеліктер, мемле­кетті одан әрі дамытудың озық қағидаттары ескерілген, – деді А.Ластаев.

Әрине, бұған дейінгі мемлекет ретінде өмір сүруіміздің құқықтық өзегі болып келген Ата заңымызды тым осал дей алмай­мыз. Дегенмен қоғам бір орында тұрмайды. Экономика өзгереді, қоғамдық қатынастар жаңарады, түрленеді, азаматтардың талап-тілегі де жаңа сипатқа ие болады. Мұндай жағдайда Консти­туцияның да заман сұранысына жауап бере алуының маңызы өте зор.

Жаңа Конституциямыздың адамға жақындай түскеніне тағы бір мысал келтіре кетсек, балалардың құқығы мәселесі де жүйеленген. Мәселен, еліміздің Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева Конституция жобасын талқылау барысында азаматтардан келіп түскен бала­лардың құқықтары мен мүдде­леріне қатысты өтініштер мен ұсыныстарды ерекше назарда ұстағанын айтады.

– Атап өткім келетіні, бала­ларға қатысты Консти­туциялық нормаларды түбегейлі қайта қарау қажеттігі жөнінде ұсы­ныстар іс жүзінде болған жоқ. Керісінше, азаматтардың басым бөлігі, яғни қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қолданыстағы балалар құқықтарын қорғауға бағыт­талған негізгі кепілдіктерді сақ­тауды қолдады. Маңыздысы, бұл кепілдіктердің барлығы Конс­титуцияда толық көлемде сақ­талған. Сонымен қатар қо­ғам­дық талқылау барысында балалардың игілігі мен ­да­муына тікелей әсер ететін өзге де бірқатар норма бойынша ұсыныстар айтылды және олар Ата заңымызда көрініс тапты, – дейді Д.Зәкиева.

Осылайша, Конституциямыз балалардың негізгі құқықтық кепілдіктерін толық сақтай отырып, қоғам сұранысына сай келетін және өскелең ұрпақтың мүдделеріне бағытталған заманауи даму бағдарларын айқын­дап берді.

Ал заң ғылымдарының докторы, Мәжілістің экс-депутаты Үнзила Шапақ Консти­туциядағы халық­аралық шарт­тарға қатыс­ты нормалар еліміздің халық­аралық міндеттемелерін сақтай отырып, оларды ұлттық құқық жүйесінде қолданудың тәртібін нақтылайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл өзгерістер құқық­тық тұрақтылық пен айқын­дықты қамтамасыз етуге бағыт­талған. Қысқасы, Қазақстан халықаралық құқықтан бас тартып жатқан жоқ. Керісінше, онымен біте қайнасып азаматтарды құқықтық қорғау ауқы­мын кеңейте түсті.

– Конституция мен ха­лық­аралық құқықтың ара-қаты­насын белгілеу Ата заңның еліміздің тұтас құ­қықтық жүйесінің ірге­тасы болатындығын, оның өзге де міндеттемелерін қоса алғанда, барлық қолданылатын құқығына қатысты жоғары заңдық күші бар екенін көрсетеді, – дейді Ү.Шапақ.

Әділетті Қазақстан құру бағы­тын­дағы саяси өзгерістердің алғы шебінде тұрған жаңа Ата заңымыздың қабылдануы түптеп келгенде құқықтық базасы, заңды сыйлау мәдениеті қалыптасқан классикалық құқықтық мемлекет құру жолындағы бастамамыз деу­ге болады. Шынтуайтында, құқықтық мемлекет құру бір күнде немесе бір ғана реформамен реттеле қоятын жедел әрі оңай шаруа емес. Бұл – үздіксіз жалғасатын үдеріс. Ал осы жолдағы елдің ең сенімді тұс-бағдары Конституция болуы керек. Себебі ол қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етіп, адам құқығының берік қалқаны болып қала бермек.