Жаһандық футбол додасының тартысы күн өткен сайын күшейіп келеді. Турнирдің шешуші кезеңдеріне жақындаған сайын фаворит атанған құрамалардың өзі күтпеген жерден жарыс жолынан шығып қалып жатыр. Сейсенбіге қараған түні өткен кездесулер де жанкүйерлерге мол эмоция сыйлап, бірнеше сенсациялық нәтижемен есте қалды. Әлем назарын өзіне аударған аламанда әр ойынның бағасы артып, қателікке жол жоқ екені тағы бір мәрте дәлелденді.
АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы «NRG Stadium» аренасында Бразилия мен Жапония құрамалары өзара күш сынасты. Кездесу өте тартысты өтіп, оңтүстікамерикалықтар матчтың соңғы секундтарында жеңісті жұлып алды.
Ойын басталысымен бразилиялықтар допты бақылауға алып, қарсылас қақпасына шабуылдаумен болды. Дегенмен қорғаныста сауатты ойнап, қарымта шабуылдарға иек артқан жапон футболшылары алғашқы болып есеп ашты. Матчтың 29-минутында Кайсю Сано алыстан дәл соққы жасап, Бразилия қақпашысы Алисон Бекерді қапы қалдырды.
Есепте алға шыққан Жапония құрамасы қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, қарсы шабуыл арқылы қауіп төндіруге тырысты. Алайда Бразилияның қысымы нәтижесін берді. 56-минутта Каземиро таразы басын теңестіріп, команданың үмітін қайта жандырды. Негізгі уақыттың соңына дейін есеп өзгермей тұрғанымен, бас төреші Маурицио Мариани қосқан бес минутта Габриэль Мартинелли жеңіс голын соқты. Осылайша, Бразилия 2:1 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Түннің басты сенсацияларының бірі Германия мен Парагвай арасындағы матчта тіркелді. Көпшілік әлем чемпиондарының бірі саналатын Германия құрамасы сенімді жеңеді деп болжағанымен, Парагвай күтпеген тосынсый жасады.
АҚШ-тың Фоксборо қаласындағы «Gillette Stadium» аренасында өткен кездесудің негізгі және қосымша уақытында жеңімпаз анықталмады. Алғашқы болып 42-минутта Парагвай жартылай қорғаушысы Хулио Энсисо мергендік танытса, екінші таймның басында Кай Хаверц есепті теңестірді. Қалған уақытта екі команда да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, есеп өзгеріссіз қалды.
Матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Он бір метрлік соққыларда Парагвай футболшылары 4:3 есебімен басым түсті. Германия сапындағы негізгі уақыттағы гол авторы Кай Хаверц шешуші сәтте пенальтиден мүлт кетіп, оның соққысын Парагвайдың 26 жастағы қақпашысы Орландо Хиль қайтарды. Осыдан кейін неміс футболшыларының жігері бәсеңдеп, капитан Йозуа Киммихтің әріптестерін жігерлендіруге жасаған әрекеті де нәтиже бермеді. Сөйтіп, «неміс машинасы» атанып кеткен Германия құрамасы турнирмен күтпеген жерден қоштасты.
1/16 финалдың тағы бір кездесуі де пенальти сериясына дейін созылды. Мексиканың Гуадалупе қаласындағы «BBVA Stadium» алаңында Нидерланд пен Марокко құрамалары жолықты.
Кездесу барысында еуропалықтар жеңіске бір табан жақын тұрған еді. Матчтың 72-минутында Коди Гакпо есеп ашып, Нидерландты алға шығарды. Алайда бразилиялық төреші Вилтон Сампайо қосқан алты минуттық өтем уақытында Марокко қорғаушысы Исса Диоп таразы басын теңестіріп, ойынды экстра-таймға ұластырды.
Қосымша уақытта да жеңімпаз анықталмаған соң, бәрі пенальти сериясына тірелді. Бұл жолы жүйкеге салмақ түскен сәтте марокколық футболшылар дәлдік танытып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Марокко құрамасы 1/8 финалға жолдама алып, келесі кезеңде алаң иелерінің бірі Канада құрамасымен кездеседі.
Жарыстың шешуші кезеңдері жақындаған сайын сенсация көбейіп, әр матч нағыз мінез бен төзімділіктің сынына айналып келеді. Фавориттердің сүрінуі мен аутсайдерлердің батыл ойыны турнирдің тартымдылығын арттырып, жанкүйерлерді жаңа тосын нәтижелерді күтуге мәжбүр етуде.