• RUB:
    6.14
  • USD:
    480.72
  • EUR:
    548.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер Бүгін, 08:53

Бір ғасыр бұрынғы суреттер

Осыдан бір ғасыр бұрын қазақ даласын суретке түсірген фото­граф­тар­дың бірі – Сергей Прокудин-Горский. Бір таң­ға­ларлығы, оның сурет­тері негізінен түрлі-түсті.

Прокудин-Горский Ресей­дегі ғана емес, әлемдегі ал­ғаш­қы түрлі түсті фотосурет шығарушылардың бірі сана­лады. Себебі ол фотограф қана емес, химик һәм өнер­тапқыш еді. Атақты химик Дмитрий Менделеевтің өзінен дәріс алған. Кейін Германия, Франция секілді Еуропа ел­де­ріне барып, фотохимия мен түрлі түсті фотография тех­­но­­логияларын меңгерген. Соның арқасында қалыпты ақ-қара түстен арылып, түрлі түсті фотосурет шығаруға ден қойған.

Оның фотосуреттерін көрген адам бірден «бұлар кейін қолдан бояған суреттер» дейтіні анық. Алайда ешқайсысына бояу тимеген, бәрі де түпнұсқа фотосуреттер. Прокудин-Горский фотосуреттерін арнайы технология арқылы түсірген. Ол уақытта қазіргі цифрлық камералардағыдай бірден түрлі түсті сурет түсіру мүм­кін­дігі болған жоқ. Сол себепті фотограф бір көріністі бірнеше рет түсіріп шыққан. Бірін қызыл, енді бірін жасыл, тағы бірін көк сүзгілер (RGB) арқылы түсіретін әдісті қолданған. Сосын осы үш негативті бір-біріне дәл келтіріп, қосқан кезде табиғи түрлі түсті фотосурет шыққан. Қазір машақаты көп жұмыс көрінгенімен, ол уа­қытта суретті дәл осындай тә­сіл­мен түсіру озық технология саналды.

Түрлі түсті фотосурет тү­сіруге әбден машықтанып ал­ған соң, Прокудин-Горский Ресейдің өңірлерін суретке түсіруді алдына мақсат етіп қояды. Тіпті оның бұл идеясын сол кездегі Ресей патшасы II Николай да қолдайды. Сөйтіп, оған қолдау ретінде арнайы жабдықталған темір­жол вагонын береді. Фото­граф сол вагонды өзінің зертханасына айналдырады. Осылайша, 1909–1915 жылдары фотограф Ресейдің түкпір-түк­пірін аралап, қалалар мен ауылдарды, мешіттер мен шіркеулерді, теміржолдар мен зауыттарды, табиғат көрініс­терін, әртүрлі ұлт өкіл­де­рі­нің тұрмыс-тіршілігін, тарихи ескерткіштерді суретке түсіреді. Оның арманы мектеп оқушыларына елдің тарихы мен мәдениетін түрлі түсті фотосуреттер арқылы таныстыру болатын. Осы арманына қол жеткізіп, ХХ ғасыр басындағы Ресей халықтарының өмі­рін бейнелейтін бірегей фото­жинағын жарыққа шы­ға­­­­рады. Альбомда қазақ тұр­мы­­­­сына қатысты суреттер де бар.

Прокудин-Горский осыдан 110 жыл бұрын, яғни 1911 жылы қазіргі еліміздің біраз өңірінде болған. Түркістан өлкесіндегі, Сыр бойындағы қалаларды, сәулет ескерткіштерін, сондай-ақ қазақ халқының тұрмысы мен этнографиясына қатысты суреттер түсірген. Сол себепті оның фотомұрасы қазақ зерт­теу­шілеріне де құнды. Бү­гін­де оның суреттері АҚШ-тың Конгресс кітапханасында сақтаулы.

Соңғы жаңалықтар