Атырау облысында төрт бірдей туысын өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісіне бірқатар өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Енді сотталушыға интернет арқылы жасалған алаяқтық бабы бойынша да айып тағылып отыр. Тергеу мәліметінше, ол қаза тапқан азаматтардың банк салымдары мен есепшоттарындағы қаражатты, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін заңсыз иемденген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның өліміне қатысты іс бойынша айыптау актісі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағымен толықтырылды. Яғни, басқа қылмысты жасыру мақсатында өлтірді деген айып қосылды.
Ал Мейрамгүл Қарабалиннің өліміне қатысты айыптар қатарына дәрменсіз жағдайда болған адамды қасақана өлтіру және өзге қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатында кісі өлтіру деректері енгізілді.
Бұған дейін мал сатуға байланысты қозғалған алаяқтық айыбы да қайта қаралды. Мемлекеттік айыптаушы бұл эпизодты мал ұрлығы ретінде қайта саралап, бұрын көрсетілген жеңілдететін мән-жайларды алып тастаған.
Атыраудағы қылмыс: Сәрсемәлиев неге Индонезияға қашқанын айтты
Сот барысында прокурор бұрынғы ерлі-зайыптылардың ажырасуына қатысты мәліметтерді де жария етті. Оның айтуынша, Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның 2022 жылы заңды түрде ажырасуына айыпталушының опасыздығы себеп болған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты бұл деректің сол жылы шығарылған аудандық сот шешімімен расталғанын айтты. Құжатта Ақбаян Мұқанғалиеваның некені бұзу туралы өтінішті өз еркімен бергені, сондай-ақ Сәрсемәлиевтің опасыздық жасағанын мойындағаны көрсетілген.
Сот тараптарға жаңа айыптау актісімен танысу үшін уақыт берді. Келесі сот отырысы 7 шілдеде өтеді, онда тараптар жарыссөз кезеңіне көшеді.
«Құдайдан кешірім сұрағым келді»: Сәрсемәлиев сотта күтпеген мәлімдеме жасады
Ал мамыр айының соңында сотталушы құжаттарды заңсыз иемдену, алаяқтық және ұрлық фактілері бойынша кінәсін мойындады. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол қылмыстың ізін жасыру үшін марқұмдардың малын сатып, банк карталарындағы қаражатты иемденген.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылдың соңында Жангелдин ауылында болған. Сол кезде отбасының төрт мүшесі – ата-анасы, ұлы мен қызы із-түзсіз жоғалып кеткен.
Айыптау тарапының мәліметінше, күдікті өзіне күмән туғызбау үшін туыстары емделуге кетіп қалған деген ақпарат таратқан. Сонымен қатар марқұм болған 32 жастағы балдызы Наурыздың атынан туыстарымен хабарласып, мессенджерлер арқылы хат жазып отырған.
2026 жылғы 6 қаңтарда егде жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы сарайдан табылған. Осыдан кейін күдікті халықаралық іздеуге жарияланған.
Ақпан айының соңында Сәрсемәлиев жұбайымен бірге Индонезиядағы Бали аралында ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланды.
Қайта жүргізілген тергеу барысында ол кінәсін мойындап, әйелінің екі бауырының мәйіттері жасырылған орынды көрсеткен.