Кейде адамның жасын төлқұжаттағы сан емес, жүрегіндегі жалын айқындайды. Анталия төрінде өткен халықаралық «Dance with your soul!» байқауында Астана қаласының биші ата-әжелері дәл осыны өнер тілімен дәлелдеп қайтты.
Халықаралық өнер додасына Түркия, Грузия, Ресей және Қазақстаннан би ұжымдары қатысып, барлығы 115 конкурс нөмірін ұсынды. Еліміздің намысын қорғаған астаналық «Қыздар-ай» халық ансамблі мен «Аңыз» хореография ансамблі ұлттық және заманауи билерді орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқау қорытындысында «Аңыз» хореография ансамблі «Сезім әуені» биімен бас жүлдені жеңіп алды. Ал «Қыздар-ай» халық ансамблі «Кең дала» ұлттық биі және «Жан симфониясы» классикалық биі үшін екі бірдей Гран-при иеленді. Сонымен қатар ансамбль «Шаттық би» заманауи композициясымен І орынға лайық деп танылды.
Айта кетейік, елордалық өнерпаздар «45+ сеньорлар» санатында өнер көрсетті. Олар халықаралық байқауда жоғары орындаушылық шеберлігімен, ұлттық би мәдениетін сахнада лайықты таныта білуімен ерекшеленді. «Қыздар-ай» халық ансамблі мен «Аңыз» хореография ансамблінің жетекшісі – хореограф Ирина Смағұлова. Оның жетекшілігімен өнер көрсеткен ұжымдардың халықаралық байқаудағы жеңісі елорданың шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, еліміздің абыройын халықаралық деңгейде асқақтатты.