Ақсу ауданының Көшкентал ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл – Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Жетісу өңірінде пайдалануға берілген бесінші өрт сөндіру бекеті. Жаңа нысанның іске қосылуы бір ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің қауіпсіздік жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Бүгінде табиғи өрттердің жиілеуі, ауа температурасының көтерілуі мен құрғақшылықтың күшеюі төтенше жағдайлардың алдын алу жұмысын жаңа деңгейге көтеруді талап етіп отыр. Осындай кезеңде шалғай ауылдарда орналасқан өрт сөндіру бекеттері алғашқы минуттарда жедел әрекет етіп, тілсіз жаудың кеңінен таралуына тосқауыл қоя алады. Бұл – тұрғындардың өмірі мен денсаулығын, тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарын ғана емес, табиғат байлығын қорғаудың да тиімді жолы. Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбековтің айтуынша, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірегей бастама.
«Шалғай елді мекендерде жедел әрекет ететін қызметтің болуы аса маңызды. Осы тұрғыда «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының нәтижесінде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі артып отыр. Бағдарламаның басты мақсаты – шалғай ауылдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу, халыққа дер кезінде көмек көрсету жүйесін жетілдіру», дейді департамент басшысы.
Жаңа өрт сөндіру бекеті орналасқан Көшкентал ауылдық округінде 1 350 тұрғын бар. Осыған дейін қандай да бір төтенше жағдай орын алса, арнайы қызметтердің жетуіне біршама уақыт кететін. Енді жаңа бекеттің іске қосылуының нәтижесінде өртке қарсы алғашқы іс-қимылдар жедел ұйымдастырылады. Қауіптің алдын алу мүмкіндігі айтарлықтай артады.
Жалпы, қазіргі таңда өрттің алдын алу – оны сөндіруден де маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе ауылдық жерлерде егістік алқаптары, шабындықтар мен жайылымдардың көп болуы, жазғы аптаптың күшеюі өрт қаупін бірнеше есе арттырады. Мұндай жағдайда әрбір минуттың бағасы қымбат. Сондықтан өрт сөндіру бекеттерінің дәл ауылдардың өзінде орналасуы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең тиімді шешімдерінің бірі.
Жетісу облысында бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Ескелді ауданындағы Ақын Сара, Қаратал ауданындағы Алмалы ауылдарында, сондай-ақ Кәлпе мен Көпбірлік ауылдарында өрт сөндіру бекеттері ашылған. Көшкенталдағы жаңа нысан – осы жүйелі жұмыстың жалғасы.
Өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу ісіне басымдық берілуі – халықтың қауіпсіздігіне жасалған нақты қамқорлықтың көрінісі. Себебі қауіпсіз ауыл – тұрақты ауыл. Шалғай елді мекендерде ашылған осындай бекеттер материалдық шығынның алдын алып, тұрғындардың сенімін нығайтады.
Жетісу облысы