• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2015

Ұлт перзенті

431 рет
көрсетілді

Осы бір жүзі жарқын, маңдайы ашық, жолы сара перзентін барша халық біледі. Кеше кеңес заманында, бүгін егемендіктің тұсында жанкешті еңбегіне, ала білген асуларына, болашақ жолындағы арманы мен күресіне қарап Қуаныш Сұлтановты біздің заманымыздағы шоқтығы биік азамат, бірегей тұлға, қажырлы қайраткер деуге толық негізіміз бар.

Жасынан ат жалын тартып мінгеннен бастап ел ісіне белсене араласты. Жастар тәрбиесімен айналысатын, ізгілігі мол комсомол баспалдақтарында сатылап көтеріліп, іскерлігімен көптің көзіне ерте түсті. Әртүрлі мінбелерден жалынды сөзін естіп, заман талабын сезіне білген, ойы ұшқыр, құлашын кеңінен сермей алатын жас екен деп сыртынан сүйсініп жүрдік. Солай болды да. Үлкен еңбекқорлығымен, жастар арасындағы ұлағатты істерімен сол уақыттарда Қазақстан комсомолының бірінші басшысы дәрежесіне көтеріле білді.

Осы комсомол ұйымы жаңа заманда, егемендігіміздің тұсында жұмысын жалғастыра алмағанын өз басым осы күнге дейін түсінбеймін. Мен де комсомол қатарында болдым, сондықтан білемін. Ол жастарды Отанды сүюге, әділдікке шақырды, қоғам жұмысында белсенділікке үйретті, шынайы достықты мадақтады, ой, мінез, ар тазалығына, әділетсіздікпен, басқа да кемшіліктермен күресуге шақырды. Осындай шаралармен мақсатты түрде айналысатын, кешенді түрде ұйымдастыра алатын бүгінгі қоғамымызда соған ұқсас ұйым, қозғалыс не ұжым, не қызмет саласы көрінбейді. Ал жастар тәрбиесіндегі әттегенайлар орын алған кемшіліктер туралы өкінішті әңгімелерді осы күндері жиі естиміз.

Комсомол ұйымының басшылығынан халқына еңбегі сіңген біршама азаматтардың қайраткерлік жолы басталып еді. Мерейтой иесіне үлгі бола білген осы азаматтардың есімін еске алғанымыз да дұрыс болар. Ғалым, идеолог, Отан соғысынан есеңгіреп қалған елдің жастарын қажырлы еңбекке ұйымдастыра білген марқұм Әмір Қанапин, кешегі тың игеру науқанында елімізге жүздеп, мыңдап келіп жатқандардың ішінде маскүнемдер мен бұзақылар көбейіп кетті деп Мәскеудің жымысқы саясатын үлкен мінбеден сынаған, сол үшін орнынан қуылған бүгінгі абыз ағамыз Сағындық Кенжебаев, ел мәдениеті мен тарихының шынайы жанашыры, ғалым, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков, біртуар азаматтар Серік Әбдірахманов, Кеңес Аухадиев, егемен елдің сан алуан жүгін абыроймен арқалап жүрген Иманғали Тасмағамбетов – халқына адалдығымен, жанашырлығымен, ар тазалығымен өскелең ұрпаққа үлгі бола білген басшылар. Есімдерін құрметпен атайтын қыздарымыз Ғайникен Бибатырова, Мәнура Ахметова, Бірғаным Әйтімованың да қайраткерлік келбеті осы комсомолда сомдалып еді.

Міне, осылардың қатарында Қуаныш Сұлтанов та бар. Қай іске болса да жігермен араласып, халқының алдындағы парызы мен қарызын абыроймен атқарып келе жатқан азамат. Тәжірибе жинаған, білімі терең, іскер азаматты комсомолдан кейін партияның жауапты қызметтеріне тарту да орынды болды. Басшы партияның Орталық комитетінің мәдениет бөлімін, одан кейін ұйымдастыру бөлімін басқару Қуаныштың халыққа арналған қызметінің арнасын кеңейтіп, жауапкершілігін өсірді. Басшы партияның жауапты қызметкері ретінде елдің мәдени-әлеуметтік дамуына белсене араласты, талантын жегіп, терін төкті. Оның еңбектегі қарымды серпініне, мемлекеттік деңгейдегі пайымына қарап өресі биік, мәртебесі жоғары азамат, қайраткер екендігін баршамыз көріп, біліп жүрдік. Президенттің қолдауымен ЮНЕСКО 1995 жылды Абай жылы деп арнайы еске алатын оқиғалар тізбесіне кіргізіп еді. Ғылым академиясының президенті ретінде сол жылы Абай тойы тек Казақстанда ғана емес, Парижде, ЮНЕСКО-ның өзінде аталып өтуінің басы-қасында болып едім. Осыны білетін азаматтар әлем мәдениетінің шырақшысы болып отырған ЮНЕСКО сияқты құрметті ұжымға елімізден бірінші болып жол ашқан Қуаныш Сұлтанов еді деп мақтанышпен айтады.

Ол айналысқан партияның кадрларды іріктеу саясаты үлкен жауаптылығымен қатар құпия, жабық астары бар қызмет саласы еді. Жауапты қызметтерге үміткерлерді ұсынғанда олар туралы пікірталас болмады емес, болды ғой. Кімнің пікірі жеңіп, кімдікі өтпей қалды, оны біз білмейміз. Білетініміз, лауазымы биік кейбір басшылардың не ана, не мына қырларынан олқылық, бұрмалаушылық, пендешілік табылып, ел арасында айтылып жүретін. Ондай хикаяларды естіп те жүрдік. Ал Қуаныш Сұлтанов туралы бөтен әңгіме болмады. Ол қандай биік қызметте де адалдығынан, ақтығынан айнымады.

Сондықтан да халқы оны азамат деп бағалайды және бұл бүгінде екінің біріне айтылатын жайдақ қошемет емес, Қуаныш Сұлтанов сияқты ата-ананың, туған халқының үмітін ақтаған, Отан сенімін берік сақтаған, достыққа берік, жамандық жолын баспаған, адамгершіліктің туын берік ұстаған, ары таза ұлына берген ақиқат бағасы. Қуаныштың сын сағатына тірелген кездері де болды. Сонау 1986 жылы Қазақстанда партия басшысы ауысып, бұрынғы жүрген жолдың соқпағы мен бұрмасы көп болған екен деген әңгімелер әртүрлі деңгейде айтыла бастады. Айтылған сындардың бір шеті біздің азаматқа да тіреліп жатты. Осындай қиын кезеңде Қуаныш Сұлтанов өткен жолына топырақ шашпады, ешкімді сатпады, рухы биік азаматтық қалпын сақтап, өмірінің жаңа жолын таба білді. Ар, рух, мінез тек бір қиын сәттерде сыналып, анық бетпердесін сол кезде аша алады ғой. Сондай сын сағатында оның өзінің тіккен азаматтық туына берік екенін көріп, сүйсініп те едік.

Сол оқиғалардан кейін қызметі төмендеп, партияның Қарағанды облыстық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланды. Менің осы азамат ініммен тығыз араласа бас­тауым сол кезде басталып еді. Мен Целиноградта Ауыл шаруашылығы институтының ректоры, ол Қарағандыда партия басшыларының бірі ретінде М.Горбачев бастаған жариялылық, бетбұрыс, қайта құру кезеңіндегі осы өңірдегі сансыз көп жиналыстарда кездесіп, пікір алысып жүрдік. Жариялылықтың арқасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, жалпы Алаштың ардақтыларының есімдері жарыққа шығып, олардың ерен еңбектерін, болашақ үшін күресін халыққа тарату қамында жүрген кез ғой. Идеолог-хатшы ретінде, ұлтына жанашыр перзент ретінде Қуаныш осы шараларды ауқымды жүргізе алды. Сол кезде Қарағанды қаласында көп жылдар «халық жауы» деген жаламен айдауда болып, елге оралған қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі, жазушы, көне тарихтың білгірі, Алаш арыстарының көзін көрген, Әлімхан Ермековпен көп жылдар пікірлес болған абыз ақсақал Жайық Бектұров тұратын еді. Жиналыстардың бірінен қалмайтын. Қуаныш Сұлтановтың жоғарыдағы мәселелерге арналған жиындарында болып, баяндамасын тыңдап, үйіне қайтарда: «Биыл арыстар жылы ғой. Қайырымы жоқ, жаласы көп заманда өмір сүріп, ұлылықтарын таныта білді ғой олар. Осы­ны жиналғандарға тамаша түсіндіре білген обком хатшысы Сұлтановтың дайындығы жан-жақты, тарихи зердесі мықты екен», дегені есімде.

Идеолог-хатшы халықтың көп уақыт бойы көз жазып қалған тарихи, мәдени тамырларын жаңғырту керек екенін жақсы түсіне білді. Оның ұйымдастыруымен Орталық Қазақстанда туып, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған Бұқар жырау, Тәттімбет, Мәдиді еске алу шара­лары өтуі – соның айғағы. Жол түсіп Қарқаралы­да болып, Құнанбай қажы салдырған мешіт­ке тәу еткенімде, осы мешітті күрделі жөндеу­ден өткізуге қаржы тауып, ұйымдастырған ­обком хатшысы Қуаныш Сұлтанов деп еді мешіт шырақшылары.

Қарағанды қаласы, облысы еліміздегі ең ірі өндіріс ошағы. Халқының көбі шахтер, металлург, кеншілер, яғни сол заманда көңіл күйіне, тұрмысына ерекше көңіл бөлінетін жалпы жұмысшы табы. Әрбір кемшілікті жоюға, олқылықтың орнын толтыруға батыл талап қоятын да солар. Әсіресе, Қарағанды шахтерлері егер қойған талаптары орындалмаса, ұйымдасқан түрде ереуілге шығатынын да білдіріп жүрді. Қуаныш Сұлтанов бұрын осындай ортада жұмыс тәжірибесі жоқ азамат қой, жаңағыдай ауыр еңбек иелерімен жұмыс істеуі, олардың тілін табуы қалай болады екен деген күдігіміз де болып жүрді. Ал біздің жігітіміз болса олардың ортасына еркін кіріп, айтқан мұң-мұқтаждарын түсініп қана қоймай, оларды жеңілдетуге тиянақты шаралар   ұйымдастыра алатын қайраткер екенін де көрсете білді.

Ол үш жылдан кейін партияның Орталық комитетіне идеология бөлімінің меңгерушісі болып қайта шақырылғанда еліміз күрделі өзгерістердің қарсаңында еді. Коммунистік партия, оның басқару жүйесі, ұстанымдары сынға алынып жатты. Әсіресе, осы партия жүргізген саяси идеология жоққа шығарылып, «адамдық сипаты бар социализм» құрамыз деп әуреге түстік. Бірақ, оған апарар тиянақты жолдар қандай, оны құратын тетіктер неден тұрады? Оны не М.Горбачев, не басқалар айтып, дұрыс түсіндіре алмады. Идеология дегеніміз халықтың, әлеуметтік топтардың іс-әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат-мүдделерін білдіретін идеялар мен көзқарастар жүйесі ғой. Идеология керек емес, ол билік басындағылардың халық алдында өздерін жақсы көрсету үшін жасалған амал-айласының құралы деген пікірлер ашық та өктем түрде айтыла бастады. Сол кездерде идеология жағымсыз, күдікпен айтылатын сөз болып бара жатты. Жетпіс жыл қаққан қазықтай қағидаларымен дамып отырған осы жүйенің құлдырауы кімге болса да, әсіресе идеология қызметкерлеріне оңай тиген жоқ. Қуаныш Сұлтанов үшін де осы өтпелі кезеңнің қиындығы болмай қалмады. Олардан өзін тазарта алған – Сұлтановтың халқына адалдығы, жанашырлығы, елім үшін не жақсы, не жаман деп көкірегіне мықтап түйген дүниетанымы, оны қай уақытта да берік сақтай білген зердесі еді. Осы жайлар оның азаматтық болмысы адамзаттық, ұлттық құндылықтармен сусындағанын көрсетеді.

Сонымен, ескі жүйе тарих қойнауына кетті, егемен ел үлкен ауызбіршілікпен Нұрсұлтан Назарбаевты Тұңғыш Президенті етіп сайлады, ел азаматтары оның туының астына жинала бастады. Солардың ішінде алғашқы қатарда Қуаныш Сұлтанов та болды. Міне, ол осыдан кейінгі ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Елбасының сенімді серігі ретінде жаңа Қазақстан мемлекетін құрып, оны дамытуға белсене араласып келе жатқан қайраткер. Тұңғыш ел Үкіметінің баспасөз және ақпарат министрі болып, осы жаңа саланың негізін салды. «Не керекті құрал-жабдық жоқ, не жүйелі баспасөз жоқ, жаңа мемлекеттің ақпараттық ұстанымы енді ғана қалыптаса бастаған кез. Осыларды шешеміз деп жоқтан бар жасағандай болып едік», – деп еді Қуаныш Сұлтанов кейінгі бір сөзінде.

Көп ұзамай ол Қазақстан Үкіметі басшысының, одан кейін еліміздегі Жоғарғы Кеңес Төрағасының орынбасары болып, бұрынғыдан да жауапты қызмет орындарына тағайындалды. Ел басшыларының бірі ретінде оның алдында мемлекеттік құрылыстың жаңа арналарын құру, ескіден бой тартып, қатарын жаңадан түзеп жатқан қоғамның өзекті мәселелерін дұрыс шешудің жолын табу міндеті тұрды. Халық құлағын түріп, шешуін күтіп отырған өзекті, өткір мәселелер сол кезде баршылық болатын.

Сонау 80-ші жылдардың басында тек Қазақстанда ғана емес, бұрынғы одақтық республикалардың көбінде ұлттық сана буырқана көтеріліп, ұлттық қозғалыс күшейіп тұрған кез еді. Ал тоқсаныншы жылдардың басындағы Қазақстан көшкен жаңа саяси және экономикалық жүйе жағдайында ескі үміт-қиялдардан бас тарту керектігі көптеген адамдарды үлкен қиындыққа тіреді. Сонымен қатар, тоталитарлық жүйенің зардабын тартып, одан бірден арылу керек деген саяси топтар да белсенділік танытып жатты. Басқасын айтпағанда, төл тарихыңды бұрмалаудан арылту, тіл мәселесі, мәдениет, идеология, білім беру, осыларды ұлттық мүдде негізінде жаңарту, нарық экономикасына көшу, заман талабына сай мемлекеттің саяси жүйесін құру – осының бәрі ел Президентінің, Үкімет басшыларының алдында тұрды. Олардың бәрі дер кезінде шешімін тапты деуден аулақпын, бірақ олар ушығып, кейбір елдердегі сияқты, қақтығыстарға әкелмегені алдымен Президенттің, оның жанындағы сенімді серіктерінің еңбегі. Сол сардарлардың бірі емес, бірегейі Қуаныш Сұлтанов болды, өйткені идеология, тіл, мәдениет, әлеуметтік сала мәселелері соның жетекшілігімен не шешімдерін тауып, не бұрынғыдай қауіпті өткірлігін жоғалтып жатты. Осылардың қатарында жедел түрде мектептің жаңа оқулықтарын дайындап, оны қолданысқа енгізу де бар-тын.

Өзекті мәселелерді шешу жолында мемлекет басшыларының идеология мен ұлттық идеяларды ұтымды пайдалана білгендерін де айтуымыз керек. Ел серкелері жаңадан құрылып жатқан Қазақстан қоғамының тек бағыт-бағдарын, мақсат-мүдделерін ғана айқындап қойған жоқ, оларды орындау бағдарламаларын, болып жатқан құбылыстарды түсіндіріп, халықтың оларды қолдауын ұйымдастырды. Халқымызды саяси-әлеуметтік мәселелер төңірегінде топтастырып, басын біріктіріп, осы жолда ұлттық идеяны, ұлттың рухын, асқақ арманын да іске қоса алды мемлекет басшылары. Яғни, болашақ күрделі өзгерістердің рухани астарын да жасай білді. Егемендіктің алғашқы жылдарынан бас­тап, Қазақстан қоғамының бағытын өзгертпей, тұрақты дамуының негізі осыларда дер едім.

Қытай Халық Республикасында Қазақстан елшісі болған 6 жыл қызметін қоспағанда, Қуаныш Сұлтанұлы 17 жыл қатарынан халық қалаулысы, депутат қызметін атқарып келе жатыр. Алдымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде, содан кейін Қазақстан Парламентінің Сенатында, қазір Мәжілісте. Оның депутаттық қызметі сан қырлы. Жоғарғы Кеңесте оның бай өмір тәжірибесі, мемлекет ұстанымын жақсы білетіндігі, саяси-әлеуметтік мәселелерді терең түсінуге дайындығы елімізге керекті, әсіресе конституциялық һәм концептуалдық маңызы бар заңдардың сапалы болуына көмегін тигізді. Оны біздер баспасөз беттерінен оқып, көріп жүрдік. Ең алғашқы «Мәдениет туралы» мемлекет заңының негізін жасаушыларының бірі де Қуаныш Сұлтанов еді.

Парламент әртүрлі көзқарастары, әртүрлі өмір тәжірибелері бар азаматтардың тоғысқан жері. Өз сайлаушыларынан арқалаған аманаты да әрқилы. Заңдар жобасын талқылауда осы айтқандардың себебімен пікіртілас басталады, кейде ол, тіпті, ұзаққа созылып, шиеленісіп кетеді. Осындай жағдайда аталы сөз, ұтымды ұсыныс, орынды ескерту де жасай алатын беделді депутат керек. Сегіз жылға жуық Мәжіліс депутаты болғанымда осының қажеттігін өзім де байқап жүрдім. Қуаныш Сұлтановтың орны бөлекше болғанын оның Сенат депутаты, екі комитеттің төрағасы қызметінде көріп едім, қазір Мәжілістегі әріптестерімен қоян-қолтық жұмысынан да байқап жүрмін.

Ол Парламентте әбден төселген, жан-жақты дайындығы бар депутат-дипломат. Дипломаттық қызметі Қытайда елші болғанында басталып еді. Халқы көп, мерейі үстем алып көршімізбен ­саяси, экономикалық байланыстардың күшеюіне, екі ел басының, жалпы екі мемлекеттің бір-біріне сенімін арттыруға, Қазақстан мен Қытай арасындағы күрделі проблемалардың шиеленіспей шешілуіне елшіліктің, елшінің ықпалы болғанын жақсы білеміз. Екі елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминнің тікелей араласуымен ғасырлар бойы дұрыс шешімін таба алмаған Қазақстан – Қытай шекарасы туралы біздер үшін үлкен маңызы бар келісімшарт дүниеге келді. Бүгін жұмыс істей бастаған Қазақстан – Қытай мұнай құбыры, екі ел арасындағы жол қатынасы туралы келіссөздер сол кезде басталған-ды. Қытай сол кезде экономикасы өте қарқынды дамып келе жатқан ел еді, оның озық үлгісін арнайы зерттеп, көпшілік назарына ұсынған да Қуаныш Сұлтанов болатын. Сенат депутаты кезінде ЕҚЫҰ, Еуропарламент, көптеген маңызы жоғары халықаралық ұжым, форумдарда Қазақстан өкілі болып, оның мүддесін, жүрген жолын, алған асуларын әлемдік қоғамдастыққа жеткізе білді. Оның дипломатиялық қатынастарға шеберлігі, әлем саясатына тереңдігі шетелдік әріптестерінің алдында беделін өсірді. Шетелдер, халықаралық ұжымдар есімін жақсы білетін Қазақстан дипломаты дәрежесіне көтерілді. Осыдан оншақты жыл бұрын Еуропаның қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесі көтерілді. Осы реформалардың бағыт-бағдарын белгілеу үшін Еуропаның көрнекті саяси қайраткерлерінен 7 адам іріктеліп, арнайы кеңес құрылды.

Осы кеңеске жеті ақылманның (Семь мудрецов) біреуі болып Қуаныш Сұлтанов енді, ол да оның халықаралық беделінің айқын айғағы. Дипломатиялық қызмет ел мен елді таныстыруға, мына жаһандану заманында олардың бірін-бірі біліп, жан-жақты байланыс жасауына, әсіресе, бұрын әлем елдері біле бермейтін Қазақстан үшін маңызы өте зор. Қазақстан мемлекеті, қазақ деген халық бар екенін әлем елдерінің жақсы білуі Елбасының ашық саясатының, оның өзінің жеке басының, халықаралық саясат әлемінде жоғары орны бар осы қайраткердің еңбегі десек артық болмас. Жылдан-жылға әлемдегі қатынастарының ауқымы мен сапасын өсіріп келе жатқан сыртқы істер министрлігінің де, әрине, еңбегі бар. Осыларды айта келіп, өз ортамыздан Қасым-Жомарт Тоқаев, Қуаныш Сұлтанов сияқты әлем қауымдастығына өздерін таныта білген азаматтардың шыққанын да мақтанышпен айтуымыз керек. Әр жылда олардың шетелдерге жиі-жиі шығып, еліміздің жоғын жоқтап жүргенін көреміз. Ал елде болса, көптеген лауазымы биік шетел өкілдері келіп, олармен пікір алысып жатады.

Заманымыздың көрнекті саяси қайраткері ретінде Сұлтанов осы саладағы мемлекеттік іс-шаралардың бәріне белсене қатынасып жүр. Ең басты саяси оқиғалар – конституциялық реформалар хақында оның тұжырымды пікірлерін естідік. «СНЕК», артынан «ПНЕК» атты саяси топтарды ұйымдастырудың басында да Қуаныш Сұлтанов тұрды. Осының негізінде еліміздегі басшы саяси ұйым – «Нұр Отан» партиясы құрылды. Осы партияның Саяси Кеңесінің бюро мүшесі ретінде Қуаныш Сұлтанов оның жарғысын, даму бағдарламаларын, стратегиялық бағыттарын анықтауға өзінің бай тәжірибесін арнап жүрген азамат.

Осы азаматты халық сегіз қырлы, бір сырлы деп бекер айтпайды, ол қайраткер, депутат, дипломат қана емес, қаламы ұшқыр жазушы, журналист, публицист. Қуаныштың ойы терең, тілі жатық, мағынасы мәйекті шығармаларын сүйсіне оқимыз. Және де олардың көбі жаңа заман тынысын, оның күнгейі мен көлеңкесін, көздейтін көкжиегін әдеби хикая ретінде сомдаған. Қоғамдағы келелі құбылыстарға автордың пайым-пікірін аша алған оның саяси-публицистикалық мақалалары баспасөз бетінде жиі шығады. Олардан оның әмбебап дайындығын көреміз, елімізде, тіпті, әлемде болып жатқан құбылыстарға бейжай қарап қоймай, олар туралы толғаныстарын ортаға салады.

Біздер, зиялы қауым өкілдері, Қуанышты өз азаматымыз дейміз. Ғалым, ғылым докторы. Саяси ғылымдар докторы атағына ие азаматтар бізде баршылық, әсіресе, әкім-қаралардың ішінде. Осы саланың шынайы маманын біз Қуаныш Сұлтановтан көреміз. Ол осы ғылымның теория­сын тиянақты іске айналдыра білетін саясаткер, саяси қайраткер. Оның ғылымдағы еңбегін, жалпы азаматтық тұлғасын академиктер Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Әбдуәли Қайдаров, Жабайхан Әбділдин жоғары бағалады. Ғалымдар ортасында өзінің заман, кеңістік, уақыт туралы терең танымдарын ортаға сала білді. Олардың құрметіне ие болды. Академик Зимановтың әрбір бес жылда өзінің ең жақсы көріп, құрметтейтін 5-6 азаматты өзіне арнайы шақырып, олармен суретке түсетін дәстүрі бар еді. Сол арнайы шақырылған фотосессиялардың бәрінде де Қуаныш Сұлтанов болатын. Осылайша бүгін ортамызда жоқ, тоқсанға келген абыз жасында дүниеден өткен кемеңгер Сәкең Қуаныш інісінің еңбегі мен азаматтығына ризашылығын көрсететін еді.

Осы күндері Қуаныш Сұлтанов, жоғарыда айтқанымдай, жетпіс жасын игеріп, жеті асудан өтіп отыр. Зұлқарнай деген атамыз өзі тоқсанға келіп отырып: «Елу ер жігітке бел екен, алпыс – көштен қайтқан ел екен, жетпіс – дәулетті болса, сәулеті болса қоңырқай күз екен», деген екен. Ертеде айтылған өмірдің, жастың сыры ғой. Қазір заман өзгерді, өмірдің шуағы көбейді. Қуаныш ініміз бүгін аттың үстінде нық отырған, көпті көріп, біліп отырған, артындағыларға үлгі бола біліп, алдында әлі де алатын асқаралы асулары бар азамат. Алдағы өміріне сәттілік тілейік. Айтқан сөзі, жасаған еңбегі – елдің құты. Оның сөзіне қалың жұртшылық құлағын түреді әрі сенеді. Ел сенімі екінің біріне келе бермейді. Қуаныш сияқты ары таза, пендешілігі жоқ, жанашырлығы мол ел азаматына беріледі.

Кешегі жекешелендіру, мемлекеттік меншік талан-таражға түскен уақытта оның, кейбір іс басында жүрген әріптестері, басшылар сияқты, дүние-мал жинауына болатын еді. Бірақ, ол оған бармады, ар тазалығын сақтай білді. Мансап қумады, қарапайым қалпын берік ұстап жүр. Ол осындай тазалығымен мына былық-шылығы көбейіп кеткен заманда жеке-дара жүрген лауазымы биік азаматтардың бірі. Халқына осындай жан тазалығымен, ар тазалығымен қымбат.

Осы сөздерді жазып отырғанымда есіме қазақтың біртуар, кемеңгер азаматы Ілияс Омаров түседі. Бірер жыл бұрын 100 жылдығын атап өттік. Қайраткер, ғалым, мәдениеттің аса көрнекті жанашыры, кемел ой иесі еді ғой Ілияс ағамыз. Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов сияқты даналарымыз оның еліне деген қадір-қасиетін, жасампаздығын жоғары бағалап, «Сегіз қырлы, бір сырлы» азаматымыз деуші еді. Осы Ілекең өмірден өткенде ол туралы естеліктердің басын құрап «Тағылым. Раздумья» атты жинақты шығарушылардың бірі, оған арнайы кіріспе сөз жазған інісі Қуаныш Сұлтанов еді. Осы інісінің өмірінде Ілияс Омаров ағасының өмір ­жолымен көптеген ұқсастық бар. Екеуі де партияның жауапты қызметкерлері, мәдениет жана­шыры, халқына адал қызметін жасай білді, жасап та келе жатыр. Ең бастысы, адамгершілікке, әділетке, достыққа кір жуытпаған жандар. Кеше осы туды Ілияс Омаров көтерсе, бүгін оның ізбасары Қуаныш Сұлтанов берік ұстап отыр. Қазақ әлемінде осындай ізбасарлық лайым көбейе бергей.

 Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.

АЛМАТЫ.