ТАРАЗ. 20 тамыз. «Қазақстан халықтарының тілдері күні» мерекесі қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Оңтүстік аймақтық департаменттер арасында «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» байқауы өткізілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Байқаудың мақсаты – мемлекетті тіл саясатын іске асыру, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік тілге, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметті арттыру, қызметкерлердің қазақ тілін білу және жұмыс бабында пайдалану деңгейін анықтау, мемлекеттік тілді пайдаланудың ауқымын кеңейту және мамандардың шығармашылық әлеуетін шыңдау болып табылады.
Байқауға «Қыран», «Жетісу жастары», «Жалын», «Тіл жанашырлары» және «Тілсауыт» топтары қатысты. Олардың әрқайсының мәдени бағдарламалары, ұраны мен белгілері болды. Сайысқа қатысушылар пікір сайыстырып, қызметшілер туралы үздік бейнероликтер ұсынып, патриоттық әндер шырқап, ұлттық сал-дәстүрден көріністер көрсетті.
Нәтижесінде үшінші орынды Алматы облысынан келген «Жалын» тобы иеленді. Екінші орын Жамбыл облысының атынан бақ сынаған «Қыран» тобына табыс етілді, ал Алматы қаласынан келген «Жетісу жастары» бірінші орынға ие болды.
Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен сыйлықтар беріліп, ерекше өнер көрсеткен қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, сурет: egemen.kz.