Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданында 1918 жылы 18 мамырда Ойыл уәлаяты атты уақытша үкімет Орал қазақтарының төртінші съезінде дүниеге келіп, ал ол іле-шала сол жылы 8 қыркүйекте Батыс алашорда үкіметі болып қайта құрылғаны, осылайша Алашорда үкіметі екі бөлікке – Шығыс алашорда және Батыс алашорда болып өмір сүргені жұртқа тарихтан жақсы мәлім. Батыс алашорданың жетекшісі Жаһанша Досмұхамедов туралы соңғы жылдардағы жарық көрген зерттеу еңбектерін көңілге қанағат тұтқанымызбен, ал бірақ қайраткермен қатар қазақ үшін қалтқысыз қызмет еткен басқа алашордашылардың тағдыр-талайы талай жыл тасада қалып қойғаны ащы да болса, анық ақиқат. Халқымыздың сондай аяулы азаматтарының бірі, Батыс алашорда үкіметінің белсенді мүшесі Төлеген Иманғазиев есімін бүгінде біреу білсе, енді бір адамға ол теңіздің түбіндегі тылсым әлем сияқты беймәлім тұлға. Міне, осы бір азамат жайында сақталған кейбір деректерге жіті көз тігер болсаңыз, қазақтан шыққан небір марқасқа тұлғалардың сауатты ұрпақ тәрбиелеу жолында, педагогикалық қызметтер бағытында қыруар іс тындырғанын көреміз.
Анығы, Батыс алашорда үкіметінің негізгі іс-әрекеті қазақ халқын сауаттандыруға бағытталған, ол үшін біріншіден, қазақтың ұл-қыздарын жеті жастан бастап білім алуға тартумен айналысқан. Екіншіден, мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету ісін алғаш рет қолға алған олар мұнымен қатар мектепке дейінгі мекемеде жұмыс істейтін тәрбиешілерді Орынбор қаласына арнайы оқытуға жіберіп отырған. Үшіншіден, Орал қаласындағы қыздар училищесіне қазақ қыздарын оқыту жұмысын алғаш ұйымдастырған осы ұйым. Төртіншіден, қаладағы қолөнер училищесі негізінде қазақ балаларына арнап оқу орнын ашқан. Бесіншіден, Жымпиты қаласында юнкерлік мектеп ашып, мұнда тәртіп сақшыларын оқытып шығаруға күш жұмсаған. Және де Ойыл қаласында 6 айлық кавалерия атты әскер полкінде қызмет ететіндерді тәрбиелеген. Алтыншыдан, мұғалімдер съезін өткізуге барынша ден қойған. Жетіншіден, осы мұғалімдерді даярлау үшін жоғары мектептерді ашуды назардан тыс қалдырмаған. Осылайша, батыстық алаш ардақтылары өңірді сауаттандыру ісіне өте-мөте қатты мән берген. Он жеті ай ғана өмір сүрген үкімет ел үшін қыруар іс тындырса, ал енді одан бөлек Сібір, Орал казачестволарымен, Самара басшыларымен, сонымен қатар большевиктер басқарған кеңес үкіметімен келіссөздер жүргізу нәтижесінде Алаш автономиялық үкіметін мойындатуға қол жеткізген.
Оларды қызыл әскер өзге өңірдегі әріптестері секілді қарудың күшімен басып алып көзін жойған жоқ, бұлар өз еркімен 1920 жылы наурызда Кеңес өкіметінің билігін мойындады.
Батыс Қазақстан облыстық қауіпсіздік комитеті департаменті қорынан табылған материалдар бойынша, Төлеген Иманғазыұлы Иманғазиев 1874 жылдың 16 наурызында сол кездегі Орал облысы Ілбішін уезі Қалдығайты болысының №2 ауылында дүниеге келген. Әкесі Иманғазы Орал-Жымпиты-Ойыл жолы бойындағы Қарақұдық деген жерде лау ауыстыратын бекет ұстаған дәулетті кісі болған. Тегі Байұлына жататын алаша руының Өтеулі бөлімі десек, шешесі Бозша үй шаруасындағы әйел болған.
Төлеген Иманғазыұлы 1887 жылы Гурьев уезіне қарасты Есбол (Индер) 2 кластық болыстық мектебін тәмамдаған, 1888 жылы Орал қалалық 2 кластық орыс-қазақ училищесіне түсіп, мұны 1890 жылы бітіріп шыққан. Сол жылғы 10 маусымда Орынбор орыс-қазақ мектептері мұғалімдері мектебінде оқып, төрт жылдан кейін халық мұғалімі дипломын иеленген.
1894 жылғы 24 маусымда Орынбор оқу округінің бастығының №2712 бұйрығымен Торғай облысындағы Әулиекөл болыстық орыс-қазақ мектебінде, Алшыбай ауылында мұғалім, (1894-1896 ж.ж.), Орынбор орыс-қазақ мектептері мұғалімдері мектебінің дайындық класының оқытушысы (1896-1904 ж.ж.) қызметін атқарды. Ал, 1904-1917 жылдар аралығында елде оқу-ағарту ісімен айналысты. 1904 жылы Жымпиты уезі Соналы болысының управителі болып сайланды. 1917 жылы Ақпан революциясынан соң жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру, земстволық оқу-ағарту ісін жолға қою ісіне белсене қатысқан ол Батыс алашорда оқу-білім комитетіне мүше болды. 1918 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен 3-ші Орал облыстық қазақ съезінің делегаты болып сайланды, Алаш милициясының Ойыл мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды. 1920-1929 жылдар аралығында ауыл шаруашылығымен шұғылданғаны қайраткердің жан-жақтылығын айғақтайтын тағы бір тарихи құжатқа жатады. Алаш азаматының бір емес, бірнеше салаға жетіктігі мен зеректігі оның 1929-1938 жылдары Жақсыбай орта мектебінде жағрафия, орыс тілі және еңбекке баулу пәндерінен қатар сабақ берген тәжірибесінен анық аңғарылады.
Тарихи құжаттан оны өктем үкімет 1937 жылы 2 ақпанда бұрын болыс болып, «Батыс алашорда қызметіне қатысқаны үшін», «Діни қайраткерлер Құрманғали Қуанышқалиев, Хасан Нұрмұхамедовпен байланыс жасады, панисламизмді насихаттаушы, белсенді алашордашыл» деген айыппен тұтқынға алғаны мәлім. 1938 жылы РСФСР ҚК 58-ші, 58-2 баптарына сәйкес, УНКВД-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша үштігі соттаған, 15 ақпанда түнде атылған. Төлеген Иманғазыұлы Иманғазиев туралы бұл деректер Батыс Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің № 2368 ісі бойынша берілді десек, ал осы іс қаралған кездегі тұтқын Төлеген Иманғазиевтің жеке анкеталық парағындағы отбасының құрамы жазылған мына бір дерек айрықша мәнге ие:
Әйелі Иманғазиева Жанот – 57 жаста, ұлы Төлегенов Хасан – 26 жаста, ұлы Төлегенов Ғұсман – 20 жаста, ұлы Төлегенов Әсет – 15 жаста, ұлы Төлегенов Қали – 9 жаста, келіні Төлегенова Батима, қызы Хұсайынова Зияда.
Мұндағы Хұсайынова Зияда деп отырғаны Төлеген Иманғазиевтің інісі Хұсайынның қызы, әкесі 1932 жылы қайтыс болған соң, Төлеген Иманғазиевтің отбасы асырап алған еді.
Төлеген Иманғазиевтің ұлы Төлегенов Хасан 1961 жылы 29 мамырда Батыс Қазақстан қауіпсіздік комитетіне әкесінің 1937 жылы 2 ақпанда тұтқындалғанын, осы уақытқа дейін хабар-ошарсыз кеткенін жазып, өтініш білдірген екен. Соған байланысты Төлеген Иманғазиев ісі қайта қаралады. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық соты президиумының қаулысымен 1961 жылдың 21 қыркүйегінде Т. Иманғазиевке тағылған айып-істің негізсіздігіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылғаны айтылған. Сөйтіп, Төлеген Иманғазиев 1991 жылғы 26 сәуірде толықтай ақталады.
Иманғазиевтер әулетінен шыққан ұстаз-мұғалімдер өте көп. Мысалы, немересі, елімізге белгілі өлкетанушы, журналист Қайыржан Хасанов бүгінде Орал қаласында тұрып жатыр. Ағартушы-педагог, Алаш партиясының мүшесі Төлеген Иманғазиевтің туғанына 140 жыл толды. Алаш қайраткерінің мерейтойы өзінің қызмет істеген жерінде кеңінен атап өтілгелі жатыр. Осы мерейтойға арнап, немересі Қайыржан Хасанұлы атасы Төлеген Иманғазиев туралы кітап жазып шықты. Қазақта: «Орнында бар – оңалар» деген қанатты қағида бар емес пе? Сол айтқандай, осыдан бір ғасыр бұрын азап шеккен, қазақ халқының болашағы үшін күрескен Алаштың абзал азаматының есімі бүгінде ұрпақтары арқасында ардақталып жатқаны біз үшін үлкен мерей.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Сырым ауданы әкімдігінің қаржылай қолдау көрсетуімен Жымпитыда Алаш аллеясының ашылуы арыстарымызға жас ұрпақтың, туған халқының шексіз құрметі деп түсінеміз. Бұл бүгінде Алаш рухына арналып ашылған республикадағы бірден-бір жалғыз аллея болып табылады. Мұнымен қатар 2012 жылы Батыс алашорда жетекшісі Жаһанша Досмұхамедовтің 125 жылдығына арнап осы ауданда Алаш мұражайы ашылған болатын. Үш қабатты мұражайда Алаш көсемдері тұтынған тарихи жәдігерлер көптеп кездеседі. Соның бірі – Халел Досмұхамедов киген тері плащты кезінде әйелі өз қолымен әкеліп тапсырған екен. Басында ол «немістің зиңгер фабригінде тігілген киім» деген атпен түсіндіріліп келсе, ал кейінгі ашылған ақиқат бойынша, Халелдің қызы Қарашаш апайдан біз бұл жәдігерді жары Сәбира апай 1959 жылы әкеліп тапсырғанын естіп-білдік. Тағы бір алдағы асқаралы міндеттің бірі – 2017 жылы Алаш қозғалысына 100 жыл толады. Осыған дейінгі атқарылып жатқан іс-шараларды халыққа жеткізу мақсатында Ж.Досмұхамедов атындағы қоғамдық қордың ұйымдастыруымен конференциялар өткізілуде, «Алаш жүріп өткен жол» атты тарихи танымдық саяхат әзірленуде. Алаштың ардақты ұлы Жаһанша Досмұхамедовтің сүйегі Мәскеу түбіндегі Бутово селосында жатыр. Бұл да сол күйінде қалдыра салатын шаруа емес. Сондықтан, Алаш зиялысы жерленген қабірдің топырағын Жымпитыдағы Алаш аллеясына әкеліп жерлеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Ал бүгінгі әңгімеде біз ең бастысы, халқының жарқын болашағы үшін жанын пида еткен Алаштың тағы бір арлы ұлы, Жайықтың жайсаң перзенті Төлеген марқұмның рухын тірілтуге тырыстық. Бұл бір қазған сайын қадау-қадау ой табылатын қабаты қалың қазына.
Жазып алған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.