Созақ ауданы әлімсақтан мал өсіруге ынғайлы, аграрлы аймақ. Уақытында 12 ірілендірген совхозда төрт түлік мал басы 50 мыңға дейін жетіп, жазда Арқа бойын, Қаратау етегін жайлап, қыста құм сағасын мекен ететін. 90-шы жылғы тоқырауда мал шаруашылылығы тұралады. Алайда, уақыт өте келе шаруалар етек-жеңін тез жиып, мал басын көбейтіп, мемлекет бөлген несиені тиімді пайдаланып шағын мал бордақылау алаңдарын ашты. Мәселен, өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында «Мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған іс-шара жоспарын» жүзеге асыру мақсатында Созақ ауданы бойынша 197,1 млн. теңге, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ ОҚОФ арқылы 168,9 млн. теңге, «Ырыс» МҚҰ ЖШС арқылы 28,2 млн. теңге несие беріліп, 1210 бас ірі қара мал бордақыланды. Шаруалар мал бордақылаудан 1 бас ірі қара малдан 33 000 теңге көлемінде таза табыс тапты. Мұның бәрі еліміздің ауыл шаруашылығына үлкен қолдау жасалып отырғанының нәтижесі.
Қазіргі таңда кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамыту, олардың нәтижелі жұмыс жасауына барынша қолдау көрсету және неғұрлым қолайлы жағдайлар туғызу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Десек те, елімізде, облыс деңгейінде, аудан көлемінде кәсіпкерлік, агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту және оларға қолдау көрсету бағытында бірқатар шаралар іске асырылып келеді. Алайда, бұл салаларды дамыту ісінде атқарылар жұмыстар ауқымы кең. Шешімі табылмай келе жатқан мәселелер де жетерлік. Елімізде 12 мың тонна ет өнімдері өндірелетін болса, Президент тапсырмасына сәйкес, жақын болашақта 60 мың тоннаға жеткізу міндеті тұр. Себебі, елімізде ет өнімдерін өндіруге мол мүмкіндік бола тұра, Австралия, Голландия, Бразилия елдерінің дайын ет өнімдерін тұтынудамыз.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Созақ ауданының әкімі А.Аймұрзаев ауыл шаруашылығы саласында ірі мал бордақылау кешені жобасын іске асыруға байланысты инвестиция тартуға күш салды. Болашағы зор, халыққа қызмет ететін кешеннің салынуы үшін уран өндіретін «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны басшылығымен жүргізген келісім нәтижесінде «525 бас ірі қара малды бордақылау мал шаруашылығы кешенін» салуға қол жеткізді. Аталған жобаны ғылыми тұрғыдан негіздеуге Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары тартылды.
2012-2020 жылдары іске асатын бұл жобаға «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны инвестиция құймақшы. Жалпы құны 2 млрд. теңге болатын тың жобаны аудан шаруаларына таныстыру шарасы өтті. Кездесу қорытындысында аудан әкімдігі, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары және «КАТКО» кәсіпорны басшылығының қатысуымен үш жақты меморандумға қол қойылды. Жаңа нысан «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасына сәйкес салынады. Алдағы уақыттары ауданға шетелдік 525 асыл тұқымды мал басы әкелінеді. Аталған жоба аудан экономикасына жаңа серпін бермек. Ауылшаруашылық нысанының құрылысы «КАТКО» ЖШС-нің инвестициялық жобасы бойынша жүргізілмек. Нысан құрылысында 525 ірі қара малға арнап 3 бордақылау ғимараты, жемшөп дайындайтын цех салынады. 760 гектар жайылымдық жер де қарастырылған. Қосымша мал дәрігерлік лабораториясы мен мал сою алаңшасы да қамтылған. Аудандағы шаруалардың мұндай үлкен кешенді нысан салуға мүмкіндігі жоқ. Ұлттық аграрлық университеттің маман ғалымдарының зерттеуі нәтижесінде арнайы кешенде малды бордақылауға болатынын дәлелдеді.
Он бес жылдан астам уран өндірісі саласында кәсібін дөңгелетіп жүрген француздық компания осы уақытқа дейін әлеуметтік салаларға көмегін көрсетіп жүр. Компания бұл жолы елімізде тұғыш рет ауыл шаруашылығына қатысты жобаны қаржыландыруға қол созды. «КАТКО» БК ЖШС-нің директоры Жерар Фриес «Қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының «Арева» АК-нің жергілікті жердің әлеуметтік және ауыл шаруашылығы салаларына көмек көрсету жөнінде талабы бар. Біз сол талап үдесінен шығып келеміз. Бүгінде тиімді келісімшартқа қол қойдық», дейді.
Жоба туралы Созақ ауданы әкімі А.Аймұрзаев «Ауданда шаруашылықпен айналысып жүрген адамдардың үлкен кешен салуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, сырттан инвестиция тарту мәселесін қолға алдық. «КАТКО» БК ЖШС-іне ұсынысымыз олардың тарапынан қолдау тапты. Бұл жоба бойынша алдағы уақыттарда аналық бастан тараған төлдерді бордақылауға қоямыз. Ұрғашы ірі қара мал басын келешекте 1000-2000-ға дейін көбейтеміз деген жоспар бар. Ауданның ет өнімдеріне деген сұранысын толықтай қанағаттандырады. Тіпті, өзге өңірлерді ет өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз болады», дейді.
Жақын болашақта іске асатын жобада 50 адам жұмыспен қамтылып, мамандар Франция елінде арнайы оқытылатын болады.
Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы.