• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2015

Талант – әмбебап құбылыс

480 рет
көрсетілді

«Мәңгілік Ел» мұратының қорғасындай құйылған біріктіруші идеясы мен үшін, шынын айтқанда, жаңадан ашылған аралдай болды. Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауы көңілде басқа ешқандай күмәнді сұрақ қалдырмаған сияқты еді. Өйткені, онда қазақстандық жолдың негізгі жеті құндылығы айқын көрсетілген болатын. Соған қарамастан, мұның мән-жайын тереңірек білетін адамға жүгіну қажеттілігі туды. Сөйтіп, менің белгілі сәулетші, мақтан тұтарлық «Мәңгілік Ел» Салтанат аркасы авторларының бірі Сағындық Жамболатовпен жақсы таныстығымды жайма-шуақ пайдалануыма тура келді. Оның сөздерінен ұққаным, салтанатты һәм асқақ сипатты сәулеттік кешендер сан алуан мағыналық салмақ арқалайды. Мысалы, арка иінінің сол жағында даналық символы, халық рухы мен ақыл-ойының кеніш-қазынасы – Ақсақалдың, оң жағын ала ошақ шырақшысы – Әйел-Ананың мүсіндері орналасқан. Туған ел мен жерге, тілге деген махаббатпен астасқан «Отан-Ана», «Жер-Ана», «Ана тілі» дейтін ұғымдар қазақтар үшін қасиетті. Осы мәндердің әрқайсының астарында қазақ халқының мәңгілік нысаналы нышаны жатады. Осылайша мемлекеттің мәңгілігі, бүкіл мүсіндік композиция тақырыптарының мәнділігі паш етіледі. Мен сонда сәулетші досыма бұл кешенге экскурсиялар ұйымдастырып, жастарға «Мәңгілік Ел» әліппесінің көрнекілік сабағын оқыту керек деп айтқанмын. Сондай-ақ «Мәңгілік Елдің» Жамболатов пайымындағы мән-мағынасы әрбір қарапайым адам үшін танымдық тұрғыдан аса қызғылықты. Шығармашыл тұлға, сәулетші былай деп есептейді: «Мәңгілік Елдің» ішіне индустрияны да, сәулет өнерін де, ғылымды да – бір сөзбен айтқанда, барша қызмет салаларын жатқызуға болады. Бірақ ол өркендеуге бағытталған белсенді қызмет болуы тиіс. Менің пайымымда, материалдық және мәдени құндылықтарды жасаушы адамдар да «Мәңгілік Елдің» ішіне кіреді. Өйткені, олар өз соңдарынан мәңгілік із қалдырады. Мен өз балаларыма: «Мәңгілік Елде» қалғыларың келе ме, яғни мәңгілік болғыларың келе ме? Олай болса, өз мүмкіндіктеріңді барынша жүзеге асыруға қол жеткізіңдер, ортақ іске лайықты үлес қосыңдар» деймін». Иә, Сағындық Жамболатовтың бұл талапшыл да талғамшыл ойына қосылмау қиын. Біздің арамызда осындай жоғары қазақстандық белгіге сай келетін адамдар өте көп-ақ. Мысалға осы Сәкеңнің құдасы Ғалым Құдайбергеновті алайық. Ол ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ғылымда оппоненттер саналатын академиктер Эрвин Госсен мен Мехлис Сүлейменовтің шәкірті. Екі ұстазының да жақсы қасиеттерін бойына жиып алып, астық өндірісіндегі аса мықты сарапшы және ұйымдастырушы болып отыр. Оннан астам ауыл-селоларда Жалпыға бірдей еңбек қоғамын құру үстінде. Ал мұның өзі «Мәңгілік Елдің» жасампаз идеяларын ұтымды жүзеге асырудың маңызды алғышарты емес пе. Құдайбергенов құрған ЖШС құрамына кірген Ақмола облысы Бұланды ауданының бұрынырақта тауқыметті күй кешкен Капитоновка, Журавлевка, Ярославка, Зеленое, Новодонецкий және басқа елді мекендері енді көз қуантып, жасарып, жайнап шыға келді. Бұл өңірде егістік жерлер тіпті қалмаған екен. Мың гектарға жуық жерге ғана егін егіліп келіпті. Алқаптарға ағаш өсіп кетіпті. Шынтуайтына келгенде, санаулы жылдарда екінші тың көтерілді. Ал бұл тұмса даланы жыртқаннан әлдеқайда қиын үдеріс екендігі айқындалды. Қараусыз қаңырап қалған жерлерді бірте-бірте заңдастырып тіркеп, айналымға енгізген іскер қожайын кейбір аудандар қызығып-қызғанардай ауқымды астық атырабын дүниеге келтірді. Бұл дегеніңіз – бар қуат-құнарымен жұмыс істеп тұрған, мәуелі қайтарым беріп тұрған 120 мың гектар! Қара тырнағына дейін диқан болып қалыптасқан ол өзінің сан тармақты компаниясының шеңберінде еселі егіншілік жүйесін құрды, толық циклге қол жеткізді. Сол үшін де оның қарауындағы егістік жерлер, тиімділігі жоғары техника, элеваторлар, диірмендер мен наубайханалар халыққа қызмет етеді. Оның құзырындағы мал шаруашылығы да өрлеу үстінде. Бұл саланы дамытуға ойсыз, қамсыз бірден кірісе кеткен жоқ. Алдымен жемшөптің жайын ойлады. Тоғандар мен бұлақтардың жай-күйі үшін әркімге, соның ішінде өзіне де жеке жауапкершілік жүктеп, оларды толық тазартуға қол жеткізді. Қазірде келген меймандар таңғала тамашалайтын, қазақтың атақты ақбас сиырының тұқымын жаңғыртуға негіз болған суармалы жайылымдар осылай пайда болған-ды. Өз басым үшін бұл жеке тұлғаның жарқырап ашылуының кәміл үлгісі. Өмірді ілгері бастырып, жақсылыққа қарай жол ашқан Ғалым Құдайбергенов және көптеген соған ұқсас кәсібилер сияқты, бүкіл қазақстандықтар да нақ сондай қажыр-қайратпен, нақ солай жанкештілікпен еңбек етуі керек деп білемін. Табандылық пен шынайы отаншылдыққа толы олардың өмір мектебінен тағылым алудың өзі әрі пайдалы, әрі ғанибет емес пе. Егер Ғалым Құдайбергеновтің бірінші құдасы сәулетші болса, екіншісі – құрылысшы. Ол да өз ісінде жай ғана маман емес, бас әріптен басталатын бесаспап. Елдің орталық және солтүстік атырабында негізінен аса күрделі ірі нысандар, көбіне-көп элеваторлар салды. Оның есебіндегі мұндай толағайлар ондап саналады. Элеваторды қатарға қосу дегеніміз не? Ақмола облысындағы Краснознамен элеваторын салуда оның бөлімшесі төрт жылдық жоспарды орындап шықты. Ал бұл жоспардың ішіне жатақханалар, балабақшалар, кеңселер, моншалар, қазандықтар, кірме жолдар, таразылар, тағы басқалар – жалпы жиыны 41 нысан кіргеніне не дер едіңіз. Еңбек сіңірген құрылысшының уақыттан оза ерендік танытуына еңбекті шебер ұйымдастыру ғана емес, шыңдалған табиғи болмысы, өнертапқыштық пен жаңашылдық дарыны да көмектесті. Тіпті, біз оған қатысты «Әлемде бірінші болып істеді», «Бірінші болып қолданды» деген сөздерді де айшықтап айта аламыз. Ор қазу аса қиын жұмыстардың бірі екені белгілі. Бірақ Оразбай Нұрғожин оған өзінің шығармашылық қырынан келді. Көкшетаудағы «Арша» ЖШС астық өнімдері комбинатының құрылысы – соған айғақ. Орекеңнің өзі былай дейді: «Бұл әдісті мен сонда алғаш қолдандым. 2008 жыл еді. Басты қиындық қазылатын жердің көптігіне тірелді, ал мерзім болса қысып барады. Бір қойманың ұзындығы 84 метр. Оның орта тұсынан өн бойына биіктігі үш метрлік, көлденеңі тағы үш метрлік жерасты галереясын жобалаған екен. Мықты болсаң қазып көр! Экскаватор қойсаң бір айға созылады. Одан кейін топырақ үйіндісін шығарып, бір апта бойы күрекпен тегістеу керек. Жоқ, деп ойладым. Ескі әдіс жарамайды, жаңа бірдеме ойлап таппаса болмайды. Сөйтіп, экскаватордың орнына шұңқырға автогрейдерді түсірдім. Ол қазбайды – топырақты 5-10 сантиметрлік қабаттармен күреп алып отырады. Өзі ет турағандай етіп сондай тегіс, әдемі түсіреді, одан кейін «әдіптеу» де керек емес. Ал тиегіш шөміш топырақты дереу сыртқа шығарып тұрды. Уақытты керемет үнемдеп, бар жұмысты 3-4 күнде атқарып шықтық. Мен бұл арада тіпті еңбек ресурстары мен қаржының тиімді пайдаланылуы туралы айтып та тұрған жоқпын». Мінеки, таланттың әмбебап құбылыс екендігін осындайда көреміз. Оразбай Нұрғожиннің конструкторлық қабілеті құрылыс саласымен шектелмейді. Бірнеше жыл бұрын ол қымыз піспегі деп аталған керемет тетік ойлап тауып, құрастырып жасап шықты. Бұл туындысының мәнісін автор ұғынықты етіп былай түсіндіреді: «Дәстүрлі қымыз ашыту үлкен еңбек шығынын талап етеді. Қазіргі жастар ауыр жұмыстан қашқақтайды, ал егде адамдардың күш-қуаты жеткіліксіз. Ал мен дене еңбегін механикалық немесе электрлі етіп өзгертуді ұйғардым. Сол үшін тапсырылған режімде жұмыс істейтін тетік ойлап таптым. Айталық, сауыншы бір минутта елу қимыл-қозғалыс жасайды. Редукция есебінен мен өзімнің қымыз пісетін піспегімді жаңағыға ұқсас ырғаққа қойдым. Сөйтіп, әрқайсысында мың қозғалыс-шайқау жасала отырып, қымыз таңертең және кешкілік мерзімдерде пісілуі керек. Бұл қозғалысты осындай қарқында қолмен жасауға кез келген адам бейілді бола бермейді. Немесе қолынан келмейді. Мен болсам, уақыт релесі бойынша автоматтандырылған тапсырманы іске қосамын: тәулігіне екі рет елу айналымдық жеделдікпен 20 минут жұмыс істеледі. Тағы бір айта кетері, сауыншы қандай тәжірибелі және кәнігі бола тұрса да белгілі бір көлемдегі бір ғана ыдыста жұмыс істеуге шамасы келеді. Ал біздің тетігіміз іс жүзінде кез келген көлемдегі алты немесе сегіз, тіпті одан да көбірек күбідегі қымызды пісе береді. Тек бұған шикізат жетсе болғаны». Өмір талабынан туған өнертапқыштықтың бір қыры осындай. Ең бастысы, бұл арада құдалардың шығармашылық бірлігінің әрекеті нақты нәтижеге алып келген. Оразбай Нұрғожин тетікті құрастырса, Ғалым Құдайбергенов Ярославкада қымыз өндіруді жолға қойған. Бөтелкенің сыртындағы жапсырмасында «Ярославский» деп жазылған. Аларман бір қарағанда оны Ресейдің өнімі деп қалуы мүмкін. Жоқ, олай емес, бұл – өзіміздің отандық белгі. Ал ярославтық қымыздың негізінде италиялықтар қазірдің өзінде балмұздақ шығара бастады. Өзгеше, қышқыл дәмі бар балмұздақ. Мен «Мәңгілік Елдің» озық өресі мен биік рухына сай келетін аса көрнекті жетістіктер мен жаңалықтар дәрежесіндегі, өнімді әрі шығармашыл, тиімділігі жоғары және инновациялық еңбектің үш мысалын келтірдім. Бұл мысалдар жасампаздыққа құштар, ерік-жігері мол ізденгіш адамның үлкен табыстарға жетуге қабілетті екендігін айғақтайды. Барлық қызмет салаларында өркендеп дамуға, тұтас ұлттың да, жеке тұлғаның да бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Мәңгілік Елдің» ұлттық идеясы өзіңе сенуге, өз алдыңа жаңа да жоғары мақсаттар қоюға көмектеседі. Адами мұраттың мәңгілігі мен ізгілігі де осы болса керек. Александр ТАРАКОВ.