Жалақыны қысқарта түсті
Оңтүстіккореялық Samsung Electronics компаниясы өзінің жартылай өткізгіш желілер саласындағы жағдайын нығайта түсуде. Компания қазіргі қарқынымен енді біраз уақыттан кейін осы саладағы көшбасшы америкалық Intel-дің алдына түсуі мүмкін. Бұл жайында Business Korea газеті сарапшылардың пікіріне сүйіне отырып мақала жазған. Сонымен қатар, Samsung-тың жарнама мен жалақы шығындарын азайтып келе жатқандығын да атап көрсеткен. Мақалада Samsung-ке іскерлік көрсеткіштер бойынша Intel-ден артта қалушылықты үш пайызға дейін қысқартудың сәті түскендігі жазылады. Бұған қосымша оңтүстіккореялық компания 2015 жылдың бірінші тоқсанында жартылай өткізгіш бөлімшелері бойынша операциялық пайданы 3 триллион вонаға (2,7 миллиард долларға) дейін жеткізген. Осыған орай сарапшылар енді 4-5 жылдың ішінде Samsung-тің жартылай өткізгіштер рыногында жетекші орынға ие болатындығы туралы болжам жасайды. Алайда, бұл үшін компанияға бірігу мен жұтып алу бағытында бірқатар келісімдер жасасуға, сондай-ақ жүйелік жартылай өткізгіштер мен чиптер жүйесіндегі инвестицияны арттыра түсуге тура келетіндей. Сарапшылардың мәліметі бойынша 2014 жылдың қорытындысында әлемдік жартылай өткізгіштер рыногындағы Samsung-тің үлесі 10,9 пайызға дейін жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша ол жартылай өткізгіштердің өндірістік рыногының 14,2 пайызына ие болып отырған Intel корпорациясына мейлінше таяп келді. Рыноктағы көшбасшымен сенімді бәсекеге түсу мүмкіндігіне Samsung өзінің жады микросхемалары сегментіндегі басымдық нәтижесінде қол жеткізген. 2013 жылы оңтүстіккореялық вендор 3D V-NAND флеш-жады өндірісіндегі алдыңғы қатарлы технологияны әзірлеген болатын. Мұның сыртында Samsung – 20-нм техүдерісін қолдана отырып, DRAM-жадының сериялық өндірісін жолға қойған әлемдегі жалғыз компания болып табылады. Осы ретте Samsung-тің пайданың аз болуына байланысты жарнама мен жалақы шығындарын азайта түсуге мәжбүр болғандығын атап өтуіміз қажет. Осы жөнінде жазылған хабарлар бойынша компания өз қызметкерлеріне жалақы төлеуге 2014 жылы 9,3 триллион вона (8,44 доллар) шығындаған. Бұл осының алдындағы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,3 пайызға аз. 2014 жылдың соңында Samsung-тің Оңтүстік Кореядағы қызметкерлерінің саны 99386 адамды құраған. Бұл осыдан 1 жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,7 пайызға көп. Компанияның әрбір қызметкері орта есеппен алғанда 1 жылда 93,6 миллион вона (85 мың доллар) көлемінде жалақы алған. Егер 2013 жылы бұл көрсеткіш 97,3 миллион вонаны құрағандығын еске алатын болсақ, әр қызметкердің жалақысы әжептәуір азая түскендігін байқаймыз. Samsung осының алдында өзінің барлық қызметкерлері үшін жалақыны өсірмеу жөнінде шешім қабылдағандығын хабарлаған болатын. Демек, 2015 жылдың өнбойында мұндағы қызметкерлер белгіленген шамада ғана еңбекақы таба алады. Сонымен қатар, Samsung жарнамаға кететін шығындарды да азайтып отыр. Өткен жылы ол өзінің бұл жөніндегі шығындарын 687 миллион доллар көлемінде шектеген болатын. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 26,1 пайызға аз. Қазіргі күні Samsung өзінің ең бір қиын уақыттарын бастан кешуде. Оның 2014 жылдың төртінші тоқсанындағы таза пайдасы 27 пайызға азайып кетті. Міне, осылардың барлығы жинақтала келе жарнама мен жалақы шығындарын қысқарта түсуге әсер еткен. Жұмыстан босатқаннан ұта ма? Израиль қаржы министрлігі мен осы елдің пошта компаниясының басшылығы өткен аптаның соңында өзара келісімге қол қойды. Бұл келісім Израиль пошта қызметінің рентабельділігін арттыруға, сондай-ақ, жекешелендіруді жүзеге асыру бағытындағы реформаны бастауға мүмкіндік беретін болады. Осы бойынша пошта компаниясы өз қызметкерлерінің санын 1200 жұмысшыға қысқарта түсетін болады. Бұл қызметкерлердің 650-і аталған компанияда тұрақты жұмыс орнын иеленіп келген болатын. Сондықтан қысқарту шаралары бірқатар отбасылардың жағдайына әсер етуі мүмкін. Пошта компаниясы елдегі заңдылықтармен осы жағдайды ескере отырып, жұмыстан босаушыларға тиісті өтемақы төлеуге тиіс. Мәселен, тұрақты жұмыс орнынан босайтын 650 адамның әрқайсысы мемлекеттен 700-800 мың шекелдің өтемақысын алады. Сонымен қатар, оларға компанияның өзі де олардың осында істеген уақыттарын ескере отырып, тиісті өтемақы төлеуге міндетті. Қаржы министрлігі мен пошта компаниясының арасында жасалған келісімге сәйкес оның қатарында қысқарту шараларынан кейін 3800 адам қалатын болады. Мұның сыртында тағы да 1250 қызметкерді компания өзінің тұрақты штатына қоспастан жалға алуға құқылы болып табылады. Мемлекет реформаны жүргізуге жұмсалатын шығындардың тең жартысын Израиль поштасы ақцияларын эмиссиялау арқылы, сондай-ақ компанияның мемлекет иелігіне беретін жылжымайтын мүліктерін сату жолымен қайтаруды көздейді. 2016 жылдың соңына дейін мемлекет пошта акцияларын 20 пайызға эмиссиялауды жүзеге асырмақ. Осының өзінен 150 миллион шекел кіріс кіреді деп жоспарлауда. Ал сатуға шығарылатын жылжымайтын мүлікке келетін болсақ, қазірдің өзінде бұл ғимараттар жарым-жартылай бос тұр. Оларды жалға берудің өзі тағы да 100 миллион шекел табыс қаратады деп бағалануда. Қаржы министрлігі осындай келісімге келумен қатар Израиль поштасы директорлар кеңесінің бекітуіне жаңа бас директор ретінде Дани Гольдштейннің кандидатурасын ұсынды. Егер бұл кандидатура қолдау табатын болса ойластырылған реформаны жүзеге асырудың, осы арқылы пошта қызметінің тиімділігін арттырудың барлық жауапкершілігі Д.Гольштейннің иығына түсетін болады. Келісімді жүзеге асыру үшін ең алдымен оны Кнессеттің қаржы комиссиясында бекіту керек. Бұл үшін жаңадан сайланған бұрынғы премьер-министр Б.Нетаньяху өзінің жаңа үкіметін құруы қажет. Міне, содан кейін барып қана Израильдегі пошта реформасы қолға алынатын болады. Қытай мен Тайвань үшін баж салығын енгізді Еуропалық одақ Қытай мен Тайваньнан импортталатын суық прокатты болатқа антидемпингтік баж салығын енгізбек. Бұл жайында Еуропалық одақтың ресми журналында жазылған. Осы хабарламада көрсетілгендей, Қытайдан жеткізілетін өнімге 25,2 пайызға дейін, ал Тайваньнан жеткізілетін импортқа 12 пайызға дейін баж салығы қолданылатын болады. Мұндай шешім қабылдануына Eurofer еуропалық болат өндірушілер ассоциациясынан өткен жылдың мамыр айында түскен шағым әсер еткен. Eurofer болат өндірушілер ассоциациясы Қытай мен Тайваньның Еуропалық одаққа 620 миллион еуроның суық прокатты болатын төмен бағамен жеткізгендігін, мұның өзі жалпы рыноктың 17 пайызын құрағандығын айтып шағым жасаған. Бұл оқиға 2013 жылдың ішінде орын алған көрінеді. Оның үстіне, ассоциациядағылар 2010-2014 жалдар аралығында аталған елдерден жеткізілген осы өнім көлемі 3 есе артқандығын мәлімдеген. Міне, осы жағдайды ескере келген Еуропалық одақтың тиісті органдары Қытай мен Тайваньнан жеткізілетін суық прокатты болаттың импорттық өнімдеріне тиісті баж салығын қолдануды жөн деп тапқан. Әрине, бұл жағдайдың Қытай мен Тайвань болат өндірушілерінің Еуропа рыногындағы бәсекелестік қабілетін біршама шектей түсетіндігі анық. Дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
•
01 Сәуір, 2015
Бәсеке дүрбелеңі
363 рет
көрсетілді