• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2015

Солтүстік полюске сапар

511 рет
көрсетілді

Қазақ географиялық қоғамы Жердің солтүстік полюсіне экспедиция жұмысын бастады. Жиһангерлер сапар барысында табиғаттың ең суық нүктесіне Қазақстан Республикасының Туы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын тігіп, Солтүстік полюсті бағындырғалы отыр. Алматы қаласынан Норвегияның Осло қаласына ұшақпен жетіп, одан әрі Шпицберген аралында қосын құрып, мұз құрсанған Барнео түбегінен Солтүстік полюске шаңғымен басталатын сапар құрамында Қазақ географиялық қоғамының төрағасы Нұрлан Абдуов, Қазақстандық блогерлер альянсының жетекшісі Ғалым Байтоқ, Voxpopuli.kz фоторепортаждық сайтының бас редакторы Жанна Ахметова, «Shejire DNA» ғылыми жобасының жетекшісі Нұрбол Баймұхановтар бар. Жиһангерлерді бейбіт сапарға шығарып салу рәсімінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бір топ мүшелері Алматыдағы Достық үйінде салтанатты шара ұйымдастырып, сапарға аттанып бара жатқан топ мүшелеріне қазақтың ұлттық бас киімі тұмақ пен суық табиғатта сеп болатын құрал-жабдықтар сыйлады. Шпицберген аралы – Солтүстік мұзды мұ­хитта орналасқан полярлық арал. Норвегия әмірлігінің ең шеткі солтүстік бөлігіне ор­на­ласқан арал тұрғындарының саны 2600 адам. Олардың қатарында норвегтер, орыс­тар, украиндар мен поляктар бар. Барнео мен Полюске дейінгі 200 шақырымдық аралықты қазақстандықтар тәулігіне 20-25 шақырым шаңғымен жүру, мұздақтар арқылы өту, мұз­таудың жарылған тұстарынан арнайы қысқы шана секілді қиындықтарға қарсы тұра отырып, жүріп өтетін болады. Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін әлемнің алыс аймақтарына насихаттаумен қатар экспедицияның тағы бір міндеті, планетаның ең суық нүктесінде орналасқан халықтың қандық-тектік құрамын анықтау, адамзат шежіресінің тамырын тереңдету болып отыр. Экспедиция өзіне жүктелген міндетті атқара отырып Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясына дейін елге оралуға тиіс. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.