М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында еліміздің мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жүргізіліп отырған транзиттік-көлік стратегиясын талқылаған ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Отандық тасымал және көлік мәселесін тереңірек қозғаған бұл жиынға теміржол саласының ардагерлері, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының, Халықаралық автомобиль тасымалы одағының, «ҚазжолҒЗИ» акционерлік қоғамы мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылары мен мамандары қатысып, елімізде салынған автомобиль жолдары мен әуе және теміржол тасымалының өзекті мәселелерін ортаға салды.
Конференция барысында Бейнеу – Жезқазған, Арқалық – Шұбаркөл теміржол жобалары мен еліміздің шығысы мен батысын байланыстырған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі және Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы қатынасты реттейтін кіріс-шығыс қақпа қызметін атқарып тұрған маңызды жоба турасында нақты деректер келтіріліп, ел экономикасын арттыратын көліктік логистика саласын одан әрі дамыту мәселесі көтерілді.
Еліміздің көліктік логистика инфрақұрылымын ілгерілету мақсатында Астана қаласында ашылған негізгі хаб-жүйесі аймақтарды өзара байланыстыра отырып, автомагистраль, теміржол және әуе қатынастары арқылы жедел де жеңіл түрде байланысу мүмкіндігіне қол жеткізіп үлгерді. Жұмысын жаңа бастаған шығыс аймағын батыс облыстармен байланыстыратын логистикалық хабтың аяқ алысы мен теңіз жолдары арқылы тасымал жасау инфрақұрылымын дамыту мәселесіне мемлекет ерекше назар аударып отыр.
Келелі кеңесте көлік ісінің мамандары мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасында баса көңіл бөлінген бұл саланы дамыту арқылы ел экономикасын жандандырумен қатар, қазақстандықтарды жұмыспен қамту, халықтың тұрмыстық әлеуетін көтеру секілді ұлттық саясатты да өз мерзімінде сауатты жүргізуге негіз болады деген пікір білдірді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.