Қарағандыдағы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларына, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жәрдемдесу орталығында «Біз ашық, мөлдір, әділ сайлау үшін» атты тақырыпта брифинг өтті.
Жергілікті журналистермен жүздесуде Қазақстан Республикасында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия филиалының төрайымы Н.Вшивцева комиссияның өңірдегі жұмысының басталуы туралы мәлім етті. Оның президенттік сайлауларды өткізуден тәжірибесі мол екені аталып, құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғылым мен білім және мәдениет қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктер жетекшілері тартылғаны хабарланды.
«Сайлауалды негізгі іс-шаралардың бірі облыстың барлық сайлау учаскелері үшін 784 байқаушы дайындалып, олармен семинарлық сабақтар өткізу басталды», деген Наталья Николаевна комиссия мүшелері мен байқаушылардың сайлау үдерісіне қатысушыларға тең құқықтар мен жағдайларды қамтамасыз етуге, сайлау заңнамасына сәйкес талаптарды сақтауға жұмыс істеуге белсенділік танытуға құштарлықтарын айтты.
Кездесуде маңызды саяси науқанды ұйымдастыру, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары, оны бұқаралық ақпарат құралдарында көрсету жөнінде түсінік беріліп, сұрақтарға жауап қайтарылды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.