Қазақстан Республикасының президенттігіне Қазақстан Коммунистік халық партиясынан кандидат, ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов Астана қаласында Еуразия гуманитарлық университетінің бір топ студентімен кездесті.
«Бүгін батыстық құндылықтар рухани құлдырауға, адамгершілік босөкпелікке, жеңіл пайда табу мен арсыздыққа алып келуде. Батыс елдерінде бірінші орынға өзімшілдік шығып отыр және ол қалыпты өмір ұстанымына айналған. Осының барлығы қайғылы жағдайларға алып келуде: осы елдерде жалғызілікті қарт кісілер саны уақыт өткен сайын өсе түсіп отырса, іс жүзінде туу көрсеткіші жылма-жыл төмендеуімен ерекшеленеді», деп атап өтті өзінің сөзінде Тұрғын Ысқақұлы.
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Т.Сыздықов, сондай-ақ, кездесуге қатысушылар назарын, бүгінде өзінің пікірінше, жасанды мұраттарды насихаттайтын батыстық бұқаралық мәдениеттің теріс ықпал ететін салдарларына аударды.
«Батыстық кинематографтың өнімдері іс жүзінде іріп-шірітетін қағидаттарды алдыңғы кезекке шығарады. Құндылықтардың осындай орын алмасулары ешқандай жоғары мән-мағынасы жоқ беймарал әдемі өмірге бас июшілікті насихаттайды. Ал мұның шынайы өмірге үш қайнаса сорпасы қосылмайды», деді өзінің сөзінде Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттік сайлауға түсіп жатқан Тұрғын Ысқақұлы.
Президенттікке кандидаттың пікірінше, голливудтық кино өнімдері қандай жолмен болса да табысқа қол жеткізу мақсатында еш нәрседен тайынбайтын кеудемсоқтық қағидаттарын барлық басқа құндылықтардан жоғары қояды. Ал Голливуд киноларындағы қатыгездік жоғары идеалдар деңгейіне дейін әспеттелсе, ол шынайы өмірде ешқандай жаза тартпайды дейтін өтірік бір елес қалыптастырады.
Т.Сыздықов атап өткендей, барлық батыстық фильмдерде өмір мен адамға қатысты тұтынушылық көзқарас насихатталады. Бұл насихаттың негізгі мақсаты адамды қалыпты өмір сүру үшін өзіне қажеттіден мүмкіндігінше көбірек қарпып қалуға мәжбүрлеу болып табылады. Демек, бұдан шығатын қорытынды, дейді президенттікке кандидат, басты құндылық ретінде рухани емес, материалдық байлық алдыңғы кезекке шығады.
Т.Сыздықов, сонымен қатар, батыстық тамақтану мәдениетінің теріс ықпалы мәселелеріне тоқталып өтті.
«Бір қарағанда фаст-фуд өте ыңғайлы және үнемді тамақ ретінде көрінеді. Бірақ бүгінде ондай тағамның адам ағзасына қандай зиян тигізетінін ойланатын уақыт жетті. Фаст-фуд сияқты тағам түрлерін дайындауға және сатуға құрылған бизнес оның иелеріне арзан да төмен сапалы өнім есебінен жақсы табыс әкеледі. Оның үстіне, мұндай зиянды азық кең көлемде жарнамаланып, тұтынушыға тықпаланады десе де болады», деп атап өтті өзінің сөзінде Тұрғын Ысқақұлы.
Еуразия гуманитарлық университетінің бір топ студентімен кездесу барысында, кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі Айқын Қоңыров та сөз сөйледі. Атап айтқанда, ол Т.Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасында көтеріліп отырған мәселелер егжей-тегжейлі зерттелгенін және жан-жақты ойластырылғанын мәлімдеді.
«Бүгінде екі тарап үшін де өте жемісті кездесу болды ғой деп ойлаймын. Біз Тұрғын Ысқақұлы батыстық стандарттар мен құндылықтардың теріс ықпалы мәселелерін орынды көтеріп отыр деп есептейміз. Біздің түрлі өңірлерде әлі бірқатар кездесулер өткізуіміз жоспарланған. Сол кездесулерде біз жұртшылықтың назарын, сонымен қатар, компьютерлік ойындар мен әлеуметтік желілердің зиянды ықпалына аударуды ойластырып отырмыз», деді өзінің сөзінде президенттікке кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі А.Қоңыров.
Кездесу қорытындысында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов студенттер тарапынан қойылған кейбір сұрақтарға жауап қайтарып, өзінің сайлауалды штабының әрі қарайғы жұмыс жоспарлары туралы әңгіме қозғады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.