АСТАНА. 1 сәуір. Ресейдің Калининград қаласында қоғамдық көлікте есірткі заттарын саудалаған кондуктор әйел қолға түсті. Бұл туралы ntv.ru хабарлады.
«Кондуктор саудасын тек жұмыс мезгілінде жасап келді. Ол тұтынушыларына есірткіні жол жүру билетімен бірге беріп отырған. Қоғамдық көліктегі адамның көптігі бүгінге дейін олардың бұл әрекеттерін бүркемелеп келді. Себебі, көптік кезінде адамдар мұндай жайттарға назар аудармайтыны белгілі», – дейді Калининград қаласы ішкі істер басқармасының өкілі.
Құқық қорғау органдарының назарына ілінген есірткі сатушы біраз уақыт арнайы бақылауда болған. Кезекті сауда кезінде тәртіп сақшыларының қолына түсті.
Мамандардың айтуынша, ол негізінен героин есірткісін сатып келген. Қазір осы бағытта арнайы сараптама жұмыстары жүруде.
Есірткі сатып ұсталған әйелдің жасы бар болғаны 26-да. Соған қарамастан, осыған дейін бір мәрте істі болған. «Бұл әйел 2010 жылы пәтер тонағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірақ одан ешқандай сабақ алмағаны байқалады. Екінің бірінің қолы жете бермейтін қаладағы ірі көлік компаниясында жұмыс істейді. Соны азсынып, жолаушыларға есірткі сатумен айналысқан», – деген тәртіп сақшысы алдағы уақытта қылмыстық іс қозғалатынын айтты.
Еламан Қоңыр.
Дерек: ntv.ru.
Сурет: 39.mvd.ru.