• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2015

Еуропалық банктің Қазақстанмен ынтымақтастығы

252 рет
көрсетілді

Биылғы VIII Астана экономикалық форумы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «P4D: кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер» атты панельдік сессиясы өткізіледі. Сессия жұмысына үкіметтердің, халықаралық беделді ұйымдардың, академиялық және іскерлік орталардың өкілдері қатысады. Төменде солардың бірі Еуропа Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстанда және Моңғолияда шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасының басшысы Хольгер Вифельдің мақаласын жариялап отырмыз. Еуропа Қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) 2015 жылы Қазақстанда ауылдық аймақтар мен шағын қалаларда бірқатар кешенді жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. ЕҚДБ-ның негізгі мақсаты кеңес беру және инновациялық қаржылық көмек көрсету арқылы Қазақстанның экономикалық жаңғыруы үшін жағдай жасау болып табылады. Біздің банктің Қазақстанмен ынтымақтастығының басым бағыты – шағын және орта бизнесті қолдау. Еуропа Қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Орталық және Шығыс елдердегі экономикалық қайта құруды қолдау мақсатымен 1991 жылы халықаралық келісімшарт негізінде дүниеге келген болатын. Осы жылдар ішінде ЕҚДБ жүзеге асырған сәтті жобаларының бірегейі 1998 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесе отырып жасаған «Қазақстандағы шығын бизнесті қолдау» бағдарламасы болып табылады. Қазақстан Үкіметі мен ЕҚДБ осы жоба негізінде қажетті институттық құрылымдарды және несие беру методикасын дамыту арқылы елдегі шағын бизнес субъектілері үшін барлық қаржы мүмкіндіктеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге басымдық берді. 2010 жылы Қазақстан ЕҚДБ тарапынан шағын бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламаны қаржыландырған бірінші ел болды. «Іскерлік кеңес беру қызметі бағдарламасы» `(BAS) аясында 2013 жылдың қорытындысы бойынша BAS-тың 10 жобасы, «Даму» қоры үшін-Модуль1 рыногын дамыту жөнідегі 14 шара жүзеге асырылды. Ал 2014 жылы ЕҚДБ Қазақстанда барлық өңірлердің жергілікті кеңесшілерін тарта отырып, 142 жобаны іс жүзіне асырды. Ал 2015 жылдың 1 мамырына дейін тағы да 37 жоба жұмыс істей бастады. Жалпы алғанда, 2015 жылы Қазақстанда BAS-тың 148 жобасын іс жүзіне асыру белгіленген. Қазақстан Үкіметінің қолдауымен іс жүзіне асырыла бастаған аталмыш бағдарлама жұмыс істей бастағаннан бері жалпы құны 1 799 888 44 еуро болатын 198 жоба іске қосылған. Оның ішінде клиенттердің үлесі 888 322 86 еуроға тең болды. Консалтингтік қызмет рыногын дамыту жөнінде 24 кешенді шара жүзеге асырылды. ЕҚДБ-ның BAS бағдарламасы жергілікті және шетелдік кеңесшілердің ақыл-кеңес беру қызметіне субсидия беру арқылы шағын және орта бизнес субъектілеріне көмек көрсетеді. Сонымен бірге, банк барлық қаржы институттары арқылы бизнес субъектілерін қаржыландырумен айналысады. Біз жергілікті банктерге және шағын қаржылық инс­ти­туттарға шағын және орта бизнес кәсіпкерлерін қаржы­ландыру мүмкіндігін кеңей­туге барынша қол­дау жасаймыз. Олар­дың қаржылық инфрақұ­ры­лы­мына техникалық көмек көр­сетеміз. Сонымен бірге, әйел кәсіпкерлерге және аграрлық саланың кәсіп­керлеріне атаулы қаржылық көмектер жасаймыз. ЕҚДБ жұмыс істейтін елдерде жыл сайын шағын және орта бизнеске несие беру үшін 1 миллиард еуродан астам қаржы бөлінеді. Банк жергілікті қаржылық институттармен және жекеменшік инвестициялық қорлармен жұмыс істей отырып, шағын және орта бизнес субъектілері үшін қаржылық тәуекелді азайтады. Яғни, банк жергілікті қаржылық институттарға шағын және орта бизнес субъектілеріне қосымша несие бере отырып, мүмкін болатын тәуекелдерден қорғайды. Ұзақ мерзімді несие пакеттері арқылы жергілікті банктерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, ЕҚДБ жергілікті қаржы институттары үшін шағын және орта бизнесті қаржыландыру мәселелері бойынша үздік әлемдік тәжірибені пайдалануға және осы үздік технологияларды өндіріске енгізуге жағдай жасайды. ЕҚДБ-ның «Қазақстандағы шағын бизнесті қолдау» бағдарламасы Қазақстанның бірқатар өңірлерінде жұмыс істейді. Бұл жобаны одан әрі дамытуға Астана, Алматы, Қостанай, Шымкент және Өскемен қалаларында ашылған өңірлік офистер жан-жақты қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, ЕҚДБ Қазақстанның шағын және орта бизнес субъектілеріне 2001 жылдан бастап, бизнес-кеңес алуы үшін кепілдік береді. Бүгінгі таңда, бұл бағдарламаны қаржыландыратын негізгі донорлардың қатарында Қазақстан Үкіметін, АҚШ үкіметін, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ, «Би Джи Қазақстан» компаниясы мен Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасын және басқаларды атап өткен орынды. Алдағы уақытта да ЕҚДБ Қазақ­станның шағын және орта бизнесін да­мытуға барынша қаржылық қолдау көрсететін болады. Сонымен бірге, біз жергілікті органдарға кеңес беру, шағын бизнесті дамыту жөніндегі әлемнің озық тәжірибелерін енгізуді жалғастыратын боламыз. Хольгер ВИФЕЛЬ, ЕҚДБ-ның Қазақстанда және Моңғолияда шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасының басшысы.