Әнебір жылғы әйелдер мерекесінде қызылордалық кәсіпкер сүйіктісіне миллион тал раушан гүлін сыйлап есте қалған» еді, биылғы 8 наурызда өскемендік жігіт өз сүйіктісіне 555 тал раушан гүлін сыйлауға ниеттеніп отыр, деп жазады yk-news.kz.
Шығыстағы шаһардың гүл саудалайтын дүкеніндегілер ер азаматтардың негізінен 101 тал раушан гүліне тапсырыс бергенін айтады. Сөзімізді нақтылайтын болсақ, мереке күндері облыс орталығындағы 70 жігіт өз сүйіктілеріне 101 талдан раушан гүлін сыйламақшы екен. Ал тек бір азамат қана бірден 555 тал раушан гүліне тапсырыс беріп кетіпті. Жігіттің бұл «жомарттығына» сатушылар әлі аң-таң.
«Кеше бізге бір жас жігіт келіп, 555 тал раушан гүліне тапсырыс берді. Бұл шамамен 240 мың теңге тұрады. Әрине, мұндай тапсырыстар өте сирек кездеседі. Негізінен, тұтынушыларымыз 101 тал раушан сыйлағанды ұнататын», – дейді «Империя» гүл салонының директоры Ануар Мұхамадиев.
Ал «Цветочная лавка» дүкенінің иегері Дарья Наквасина қалада ағаштан жасалған қораптардың ерекше сұранысқа ие екендігін жеткізген. Бұндай қорапшаларға тілек жазылған ашықхаттар мен ойыншықтар, болмаса бір бөтелке аққайнар салуға да болады екен.
Көгілдір көктемнің айтулы күнінде креативті сыйлық жасағысы келгендер кондитерлік өнімдерден жасалған жұмсақ ойыншықтар мен түрліше безендірілген гүл шоқтарын сыйлауды әдетке айналдырған.
«Егемен-ақпарат».