• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2015

Халықаралық байқаушылар іске кірісті

268 рет
көрсетілді

«Достық» үйінде орналасқан шет мем­лекеттердің, халықаралық ұйымдардың бай­қау­шыларына, бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдеріне жәрдемдесу орталы­ғының жергілікті бөлімшесі өз жұмы­сына қызу кірісіп кетті. Бүгінде еліміз бойынша 236 халықаралық байқаушы аккре­ди­тациядан өтсе, олардың екеуі Қызыл­жар өңіріне баруды ұйғарыпты. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ атынан теріскейге атбасын тіреген шетелдік қонақтар Кирстен Сакс Ингер (Австрия) мен Милаш Стоя Гинович (Сербия) облыстық әкімдікте өткізілген жылы шырайлы кездесуден кейін орталықтың жұмысымен танысты. Алда аудандарға бару жоспарланып отыр. – Шетелден келген қос байқаушы сайлауға дейін осында болып, сайлаушылармен, сайлау комиссиясы мүшелерімен жүздеседі. Олардың кезектен тыс сайлауға қатысты мәселелермен жан-жақты танысуына барлық мүмкіндіктер жасалады. Бұлайша тәжірибе алмасу екі жаққа да тиімді болары анық, – дейді шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларына, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жәрдемдесу орталығы облыстық филиалының жетекшісі Валерий Евдокименко. Миссия сарапшыларының бірі Кирстен Сакс Ингер Қазақстанда сайлау науқаны барынша ашықтықпен өтетініне, демократиялық сайлаудың қағидаттары сақталатынына се­нім білдіріп, солтүстікқазақстандықтардың қонақ­жай пейіліне алғысын жеткізді. Алда Ресейдің Қорған, Түмен, Омбы облыс­тарынан 40-қа тарта байқаушы келеді деп күтілуде. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.