• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2015

Ауыл еңбеккерлерімен емен-жарқын әңгіме

392 рет
көрсетілді

Қазақстан Коммунистік халық партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерімен кездесті. Кездесу барысында президенттікке кандидат ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы Т.Сыз­дықов өзінің сайлауалды тұғыр­на­масының басты екі бағыты – ком­му­нистік партия қызметінің негізгі қағи­даттары және батыстық мәдениет пен батыстық өмір сүру салтының кері әсері туралы әңгімелеп берді. «Батыстық әлем жүйесі дағдарысқа ұшырады: жаңа қоғамдық даму пішіндері іздестіріліп жатыр. Қазіргі заманғы Батыстың келбеті экономикадағы, қаржы саласындағы трансұлттық корпорациялармен, қоғамның кедейлер және байлар болып бөлінуімен айқындалатын дамудың постиндустриялық кезеңіне, жаһандану дәуіріне аяқ басуымен сипатталады. Шектен шыққан демографиялық үдерістер, босқындардың қалың толқыны гуманитарлық апатқа ұшыратуы мүмкін», – деді президенттікке кандидат кездесу кезінде. Кандидаттың сайлауалды тұғыр­намасында атап өтілгендей, «жаһандық компьютерлендіру мен батыстық электронды БАҚ қоғамның сана-сезімін улап, адамдардың арасына іріткі салу үшін индивидуализм қағидатын насихаттауда, бұл ғаламшардың мәдени тұтастығының құлдырауына алып келуі мүмкін». Тек коммунистер ғана емес, сондай-ақ, ірі саясаткерлер, экономистер, ғалымдар да батыстық қоғам әділетсіз деген пікірді қолдайды. Дамушы коммунистік идеялардың көмегімен ғана адамзатты құтқаруға болады. Ол өз кезегінде халықтардың тең құқықтығымен, адам мен табиғаттың мүддесін үйлестіруге мүмкіндік береді. Батыстық мәдениет пен батыстық өмір сүру стандарттарының кері әсері жайында сөз қозғаған Тұрғын Ысқақұлы келесі мәселелерге тоқталып өтті: Оның пікірінше,«Батыстық мәдениеттің түйткілдері қазір әркімге аян. Ол маңызды құндылықтарынан айырылып, бағытын жоғалтқандықтан, мүлдем абдырап қалды. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, батыстық қоғамда шексіз баю мен жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру өмірдің басты мәніне айналып барады. Батыстық фильмдерде насихатталатын бейқам өмір – адам-тұтынушы тәрбиелеп шығаруды мақсат тұтатын ақиқаттан алыс елес қана». Одан бөлек, президенттікке кандидат аграршылар жұмысының, сонымен қатар, дұрыс тамақтанудың маңыздылығын атап өтіп, батыстық фаст-фудтың зияны мен сапасыздығына кеңінен тоқталды. «Мұндай тағамды тұрақты тұтынудан туындайтын зиян ішімдіктің немесе шылым шегудің салдарынан кем түспейді. Алайда, фаст-фуд салынған пакеттің сыртында денсаулыққа келтіретін зияны туралы ешқандай ескерту жоқ. Дұрыс тамақтану мәселесі әркез өзекті болып қала бермек, ол – денсаулық негізі. Батыс елдерінде халықтың фаст-фудқа деген қызығушылығы семіздікке шалдыққан адамдардың санын еселеп жатыр. Сондықтан да, батыста жүрек-қан тамырлары аурулары адам өлімінің басты себебіне айналған», – деді Т.Сыздықов. Өз кезегінде ҚКХП облыстық комитетінің жетекшісі С.Мартемьянов жиналған жұртты аймақтық сайлауалды штабтың жұмыс жоспарымен таныс­тырды. «Біздің штаб кандидатты қолдау бойынша үгіт жұмыстарына кірісті. Сенім білдірілген адамдар белгіленіп, насихат материалдарын тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Плакаттар ілініп, баннерлер орнатылды, кәсіпорын жұмысшыларымен алғашқы кездесулер ұйымдастырылды. Жалпы, жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді, баспасөзбен де тығыз байланыс орнатылған», – деді С.Мартемьянов. Кездесуді қорытындылаған Тұрғын Сыздықов басқосуға келгендерге алғысын білдіріп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді, сонымен қатар, ауылшаруашылық өнім өндірушілеріне жағымды ауа райы мен сәтті егістік науқанын тіледі. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы.