• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2015

Көпжақты пішімдегі үнқатысу

234 рет
көрсетілді

Орталық Азиядағы өңірлік мәселелерді, атап айтқанда, қауіпсіздік, экономика, су ресурстарын пайдалану және экология­ны қорғау, транзиттік-көліктік әлеуетті дамытуы мен дүниежүзі шаруашылығының байланыстарына өңірдің тартылуы деңгейін арттыру салаларындағы мәселелер шешімінде Қазақстан үшін Германиямен және Франциямен ынтымақтастықты кеңейтудің елеулі әлеуеті бар. Бұл туралы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанада өткен Германия мен Францияның Орталық Азия, Ресей, Қытай, Ауғанстан елдеріндегі және Еуропалық одақ жанындағы елшілерінің бірлескен конференциясы барысында мәлімдеді. Еуропалық сыртқы әрекеттер қызметінің (ЕСӘҚ) жоғары лауазымды өкілдері қатысқан іс-шарада сөйлеген сөзінде Е.Ыдырысов «Қазақстан-2050» Стратегиясының, Қазақстан Президентінің «Нұр­лы Жол – болашаққа бас­тар жол» Жолдауының негізгі басымдық­тарын атап көрсетті. Осы кең ауқым­ды бағдарламалардың жүзеге асырылуы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық сапалы дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірлік мәселелердің, соның ішінде Орталық Азиядағы бес елдің құрлық қоршауында қалу мәселесінің кешенді шешілуіне өз септігін тигізеді, деді қазақстандық министр. ҚР СІМ басшысы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтіп, бүгінде ЕО Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және еліміздегі ең ірі инвестор екенін де баса айт­ты. Министрдің ойынша, ынтымақ­тастықты одан әрі дамыту әлеуеті үсті­міздегі жылы қол қою жоспар­ланып отырған ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімде жатыр. Сыртқы істер министрі өз сөзінде Еуропа мемлекеттерімен жаңа қауіп-қатерлерге жауап беру тұрғысынан ынтымақтастықты тереңдете түсудің маңызы жоғары екенін айтты. Мұндай қауіп-қатерлерге халықаралық коалиция күштерінің шығуына байланысты Ауғанстандағы саяси ахуалдың шиеленісуі, «Ислам мемлекеті» деген лаңкестік ұйымның белсене түсуі, сондай-ақ, Украинадағы жағдай жатады. Кездесу барысында аймақтық мәселелерді шешуде Еуропа мем­лекеттерінің белсендірек қатысуы мен көмек көрсетуі оң фактор бо­лып табылып, өзара тиімді уағда­ластықтарға қол жеткізуге жете­лейтіндігі туралы айтылды. ГФР Федералды үкіметінің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орта­лық Азия бойынша уәкілетті елшісі Корд Майер-Клодт Қазақ­стан­ның ЕО-ның Орталық Азияға қатысты жаңартылған стратегиясын жасаудағы ерекше рөлін атап өтті. Неміс дипломаты бұл құжатта аймақтық және елдік тәсілдер үйлесетін болады, сондай-ақ, Қазақстан оны жасауға сүбелі үлес қосты дегенді алға тартты. Өз кезегінде Францияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігінің құрлықтық Еуропа департаментінің директоры Эрик Фурнье Қазақстанның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер үдерісіне және Украинадағы жағдайды реттеуге қосып отырған үлесін атады. Оның пікірінше, бұл жайт елдің аймақтық және жаһандық мәселелерді шешуге араласуымен қатар, жауапты халықаралық серіктес ретіндегі беделінің артуын көрсетеді. Жалпы алғанда, қатысушылар конференцияны Астанада өткізу­дің өзіндік орны бар екені туралы айтып, мұның Еуразия құрлы­ғының мәселелерін жақсырақ түсінуге, сонымен қатар, Еуропа мемле­кеттерімен әрі қарай ынтымақ­тасудың жолдары мен болашағын айқындауға мүмкіндік беретіндігін алға тартты. Сәулебек БІРЖАН.