• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2015

Үкіметтік емес ұйымдар – мемлекет қолдауында

485 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Үкіметі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) Өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Оған Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты. Мемлекет пен ҮЕҰ-ның өзара әрекеттестігі жөніндегі өзекті мәселелерді Үкіметтік деңгейде талқылаудың маңызды үнқатысу алаңы болып саналатын Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда аталған бағыт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға жалпы шолу жасай отырып, жекелеген түйткілдерге назар аударды. – Үкіметтік емес ұйымдар негізінен аз қамтылған отбасы­лар­дың, мүгедек, жетім балалардың мәселелерін шешуге тырысып жатады. Осының барлығын біз де түсінеміз. Сондықтан, үкіметтік емес ұйымдарға әрдайым қолдау көрсетеміз. Соңғы үш жылдың көлемінде мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін қаржы 16 пайызға артып, ол 16 миллиард теңгені құра­ды. Қазіргі таңда еліміздің 8 миллионға таяу тұрғыны үкіметтік емес ұйымдардың қызметтерімен қамтылған, – деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, ол барлық жергі­лікті атқарушы билік орындары аталған салаға қаражат бөліп келе жатқанын, алайда, бұл бағытта ойландыратын мәселелер де бар екенін жеткізді. – Әрине, жыл сайын 700 миллион теңгеден астам қаржы бағыттап, барынша қолдау көрсетіп жатқан облыстар да жоқ емес. Солардың бір шоғырын атап өтер болсам, олар – Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар облыстары. Өкінішке қарай, жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінетін ақшалай шығысты қысқартып отыратын өңірлер де баршылық. Мысалы, биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бар болғаны 91 миллион теңге қарастырылған. Сол сияқты, Энергетика министрлігі де, Білім және ғылым министрлігі де үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін шығысты азайтып отыр. Ауылдарға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеуде. Дәлірегі, аудан, ауылдарда үкіметтік емес ұйымдардың қызметі дұрыс жолға қойылмаған. Мұндай жағ­дай Шығыс Қазақстан, Солтүс­тік Қазақстан облыстарын­да байқалуда, – деді Премьер-Министрдің орынбасары. Жиын барысында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайыновтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында мемлекеттік орган­дардың әлеуметтік маңызды мем­лекеттік қызмет түрлерін азамат­тық қоғам институттарына біртін­деп тапсыру жөніндегі хабарламасы тыңдалды. Ол қазіргі таңда арнайы құрылған Жұмыс тобының аталған бағытта атқарып жатқан шараларынан хабардар етті. Сонымен қатар, басқосуда Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілханов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, Ақтөбе облысы әкі­мінің орынбасары Сара Нұрқа­това және «Қазақстанның Азамат­тық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің (ЗТБ) вице-президенті Артур Платонов мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылы, әрекеттестігі жөнінде баяндады. Бұған қоса, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ-ның атқарушы директоры Иль­дар Катенов мемлекеттік әлеу­меттік тап­сырыстың лоттар тақырып­та­рын қалыптастыру бойынша түс­кен ұсыныстар жөнінде айтып өтті. Басқосуды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев аймақ басшыларына, Мәдениет және спорт министрлігіне, өзге де орталық мемлекеттік органдарға үкімет­тік емес ұйымдармен ынтымақ­тас­тық тәжірибесін жетілдіруге және әлеуметтік саладағы азаматтық бастамаларды жүзеге асыруға қатысты хаттамалық тапсырмалар берді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».