• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2015

Ұлттық Өнер академиясы бұрынғысынша қалыпты жұмыс жасап жатыр

797 рет
көрсетілді

АЛМАТЫ. 2 сәуір. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы бұдан бірқатар уақыт бұрын оқу ғимаратында орын алған өрт оқиғасына байланысты туындаған қолайсыздықтарға қарамастан, оқу процесін бұрынғысынша жалғастырып жатыр. Бұл туралы академия баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Үстіміздегі жылдың 20 наурызында Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы ғимаратында электр желісінің тұйықталуы салдарынан өрт оқиғасының орын алғаны белгілі. Қазір осыған байланысты мұнда ғимараттың бүліншілікке ұшыраған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүруде. «Оқу корпусында осындай төтенше жағдай орын алып, бірқатар қиындықтар мен қолайсыздықтар туғанына қарамастан, ондағы оқу процесі тоқтатылған жоқ. Магистратура мен бакалавриат курстарында әдеттегідей барлық сабақтар өтіп жатыр. Қолдан келгенінше олардың дәрістерді бұрынғысынша оқи алуларына барлық жағдайлар жасалуда. Бұған қоса, осы аралықта академия өмірі үшін аса маңызды саналатын бірнеше жаңалық та болып үлгерді. Атап айтқанда, актер бөлімінің 1-2 курс студенттері 25-27 наурыз күндері Грузияның астанасы – Тбилиси қаласында Украина, Армения, Қазақстан, Литва мемлекеттері  арасында өткен халықаралық этюдтар фестивалінде Гран-при жүлдесін алып қайтты. Осы аралықта Мәскеу қаласындағы ГИТИС-те өткен VIII ғылыми-тәжірибелік конференцияға режиссерлік бөлімнің 4-курс студенттері қатысып, өз деңгейлерін танытты. Ал суретші Сәуле Бапанова бастап барған 1-2 курс көркем тоқыма өнері студенттері Біріккен Араб Әмірлігінің орталығы – Дубай қаласындағы АRТ-фестивальде жүлделі орын алып, әлем елдері ішінде үлкен танымалдылыққа ие болды», – делінген хабарламада. Шынында да осының бәрі академияда бұрыннан қалыптасқан оқу-тәрбие процесіндегі тиянақты жұмыстардың өз жалғасын тауып келе жатқанын көрсетсе керек. «Біз өз кезегімізде сол сабақтасқан желінің үзіліп қалмауын қамтамасыз етіп, оның бұдан әрі кең өріс тауып, дами беруі үшін қызмет ете беретін боламыз», – деді осы орайда академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова. Қазіргі таңда оқытушы-профессорлар құрамы жаңашылдық талаптары аясында шеберліктерін шыңдай отырып, шығармашылық қызметпен белсене айналысуда. Оған оқу орны ұстаздарының қол жеткізген ерекше шығармашылық жетістіктері куә бола алады. Біздің 70-ден аса оқытушымыз Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, халықаралық және республикалық фестивальдер мен сайыстардың дипломанттары атанған. «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуін басшылыққа ала отырып, оқу орнының ұжымы өзінің барлық күш-жігерін XXI ғасыр талаптарына сай мамандар дайындауға жұмсайды. Бұл ұлттық өнердің дәуірлеуіне қызмет ететін өнер элитасы болмақ», – деп атап өтті Бибігүл Нұрғалиқызы сөзінің соңында. Талғат Сүйінбай. Дерек: egemen.kz. Сурет: Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы.