Облыс әкімі ірі сауда орталықтарын аралады
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған штаб мүшелері қаладағы бірқатар ірі сауда орталықтарын аралап, тауар бағаларымен танысты. Штаб мүшелері алдымен «Сырдария» сауда орталығында болды. Ондағы «ТехноДом» сауда орталығында баға бірқалыпты. Дүкен меңгерушісі Мадияр Тоқмағамбетов түрлі акциялар ұйымдастырылып жатқандығын айтты. Мұнда тұрмыстық техниканың соңғы үлгілерінің барлығы бар. «Айтбек», «Small» сауда орталықтарындағы баға да өзгеріссіз. – Азық-түліктің әлеуметтік маңызды деген 33 түрінің бағасын бақылауда ұстау үшін штаб құрылып, жедел іске кірісті. Қазір аталған тауар түрлеріне шектеулі баға белгіленген. Сол межеден асырмауымыз қажет. Бұл бағытта кәсіпкерлеріміз де әлеуметтік жауапкершілік танытып отыр. Облыста жалпы жағдай тұрақты деді, – облыс әкімі Қ.Көшербаев. «Small» сауда орталығының меңгерушісі Ұлболсын Жақыпова өтпелі кезеңнің бағаға әсері болмағанын айтты. Мұндағы негізгі өнімдердің басым бөлігі отандық. Жалпы, штаб мүшелері бағаға күніне екі рет бақылау жүргізуде. Бұл жұмыстар жалғаса беретін болады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.Барлық шаралар қарастырылуда
Облыс әкімі, арнайы штаб төрағасы Сергей Кулагин жұмыс кеңесін өткізіп, тиісті қызметтер басшылары мен аудан, қала әкімдерінің алдына бағаның негізсіз көтерілуіне жол берілмеуі жөнінде шұғыл міндеттер қойды. Ол өз сөзінде Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының әлемдік дағдарыстың алдын алу, экономиканың тұрақтылығын сақтап, халықтың тұрмыс деңгейін бірқалыпты ұстауға бағытталған қажетті шара екендігін атап көрсетті. Теңгенің еркін бағамға жіберілуіне байланысты бастапқы кезде бағаның негізсіз өсірілуіне ұмтылыстардың болуы мүмкін. Тиісті ведомстволар мен мемлекеттік органдар алғашқы сәттен бастап бұл мәселені өз бақылауларында ұстап, сауда орындарында бағаның көтерілуіне жол бермеулері керек. Құрамына түрлі ұйымдар мен мекемелердің басшылары, БАҚ өкілдері кіретін штаб сағат сайын және күнбе-күн азық-түлік бағалары мен басқа да тауарлардың бағасына мониторинг жүргізіп отырады. Осындай штабтар барлық аудандар мен қалаларда да құрылып, жергілікті жерлерден баға жөніндегі бүкіл ақпарат облыстық штабқа келіп түседі. Мұнда Сall-орталықтары құрылып, сенім телефондары орнатылған. Бағаның негізсіз көтерілуіне жол берілген жағдайларда бірден тексеріс жүргізіледі. Облыста баға тұрақтылығын сақтау үшін жалпы құны 25 миллиард теңгеге пара-пар азық-түлік өнімдерінің қоры жасалды. Бұл жұмыс одан әрі де өз жалғасын таба түсуде. Қазір халық абыржитындай негіз жоқ. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.Бұл сын бизнеске дем береді
Қарағанды облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік САНАУБАЕВТЫҢ «Теңгенің құбылмалы бағамын күшпен ұстап тұру саясатына тұншыққан бизнесті аман сақтап қалады», деген пікірімен санаспасқа болмайды. Төменде өңірлік кәсіпкерлер басшысының біздің тілшімізге берген сұхбатын ұсынып отырмыз. – Серік Мәлібекұлы, Қазақстан экономикасын доллардың құбылмалы бағамы- на бұдан бұрын көшіру керек еді деген пікірге қосылар ма едіңіз? – Рас, біздегі кәсіпкерлердің негізгі бөлігі Ресейде рубль құлдыраған кезден бастап теңгенің еркіндікте жүргізілгенін қалаған. Неге десеңіз, рубль «құлаған» кезде қазақстандық кәсіпорындар үшін көршімізбен сауда-саттық жасау тиімсіз болып шықты. Біз өзіміздің бәсекеге қабілеттілігімізді жоғалттық. Баға жағынан олар бізді тұқыртып тастаған болатын. Мысалы, Қарағандыда ЖШС «Сантехпром» деп аталатын фирма бар. Ванна, жылу радиаторы, себезгі қорабы сынды түрлі өнімдер шығарады. Осы кәсіпорынның жыл басынан бері өнімдері өтпей, қоймада үйіліп жатыр. Анығында, бұлардағы ваннаның өзіндік құны 10 мың теңге болса, ресейліктердікі жеткізіп беру, тағы да басқа шығындарын есепке алғанда бар-жоғы 8 мың теңге ғана тұрады. Әлбетте, тұтынушы арзан затты сатып алады. Мұндай жағдайда қандай бәсекелестік болмақ? Нәтижесінде кәсіпорын тұралап қалды. Таяуда «АрселорМитталТеміртау» металл бағасын 50 долларға көтеріп жіберді. Ал, «Сантехпром» болса олармен арадағы келісімшарт бойынша импорттық арзан металды ала алмайды, тек қазақстандық өнімді ғана тұтынуы керек. Бүгінгі күнде «Сантехпромда» 350-ге тарта адам жұмыс істейді. Әзірге қысқарту жоқ. Дегенмен, жағдай жан алқымнан алып тұр. – Теңгенің еркін бағамының біздің кәсіпкерлер үшін пайдасы көп пе, әлде зияны басым ба? – Қазір «Сантехпром» фирмасының басшылығына тұтынушылар телефон соғып, хабарласа бастады. Өйткені, көп ұзамай кәсіпорын тауарларының бағасы Ресейдегімен теңесе бастайды. Бұл дегеніңіз – енді олар қазақстандық нарықта ғана жұмыс істемейді, шетке де тауар шығара бастайды деген сөз. Тағы бір мысал. Қарағандылық «Найдоровское» деген серіктестікті алайық. Фирма астық өнімдерін шығарумен айналысады. Енді бұл кәсіпорын да бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік алып, өзінің тауарларын шетке сата бастайды. Кәсіпкерлердің айтатыны бір ғана сөз: «Бізге көмектеспей-ақ қойыңыздар. Тек әділетті жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздерші». Шынында да, Беларусь девальвация жүргізді, Ресейдің рублі «құлады», басқа да елдер доллар бағамына түзетулер енгізді. Ал біз болсақ, бұл шараны күні бүгінге дейін сағызша созып келдік. – Бүгінгі экономикалық саясатқа сын айтып, байбалам салып жатқан кәсіпкерлерге қандай уәж айтар едіңіз? – Рас, қиыншылықты сынға алып жатқан кәсіпкерлер де жоқ емес. Өйткені, олардың қолында доллармен бекітілген келісімшарттар бар. Дегенмен, кәсіпорындардың негізгі бөлігі үшін бүгінгі ұстаным қажетті шара. Бұл әлемдік тәжірибеде бар дүние, оны айналып өту мүмкін емес. Әрине, Қазақстан доллар бағамын ұстап тұруға тырысты. Бірақ бұл жағдай мемлекетке де тиімсіз еді. Өйткені, бұдан бюджет тек қана шығынға батты, зиян шекті. Егер де жағдайға зер сала қарайтын болсақ, облыс кәсіпорындарының 70-80 пайызы теңге бағамына түзету енгізілгеннен кейін еңсе тіктеп, бәсекелестіктің жаңа белесіне шығады. Бизнес үшін, әсіресе, өндіріс үшін бұл жағдай сауықтырушы рөл атқарады. Негізі біздің экспорт Ресей мен Қытайға бағытталған. Ал сыртқа тауар шығарумен айналысатын кәсіпорындар үшін бұл қолайлы жағдай. Тек бұл саясатты сәл бұрынырақ жүргізгенде оңды болар еді. Мен ғана емес, көптеген кәсіпкерлер осылай деп санайды. Өз басым Елбасының сөзімен толық келісемін, қазіргі жағдайда білекті сыбанып жұмыс істеу керек. Тығырықтан алып шығар жол мен амал-әрекетті іздеп тапқан жөн. Бұл жағдайда Ұлттық және өңірлік кәсіпкерлер палаталары және салалық қауымдастықтар бизнеске көмек қолын созуы тиіс. Бүгінгі күнде кәсіпорындарда жұмыс істеп жүрген халыққа жағдайды жан-жақты талқылап, түсіндіруіміз керек. – Қарапайым халықтың дегбірін алған өткен аптадан кейінгі тірлігімізге қандай болжам жасай аласыз? – Теңгені еркін айналымға жіберу – жарқын болашаққа иек артқан стратегиялық шешім. Тап қазір, күні ертең жағдайым аяқ астынан оңалып кетеді деу бекер шаруа. Ең бастысы, бәрін екшеп-текшеген есеп керек. Есебі мықты кәсіпкер бұл сынақтан сүрінбей өтеді. Жасыратыны жоқ, егер де бұрынғыдай болғанда біздің шығынға белшеден батып, тақырға отырып қаларымыз сөзсіз-тұғын. Кәсіпорындар күн көру үшін жұмысшыларын шетінен қысқартып, тұралап та қалар еді. Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдау бағдарламасы аспаннан алтын жаудырса да көмектесе алмайтыны анық. Тек бюджет қаржысы құмға сіңген судай жоғалады. Өйткені, қолдағы барды қиратып, жаңадан салу деген қашанда қиынның қиыны. Мәселе – бәсекеге қабілетті болуда. Ал мұнай мен металл бағасы қашан көтерілер екен деп тосып отыру өзің отырған бұтаққа балта шапқанмен бірдей. Сондықтан экономикамыздың теңгенің құбылмалы бағамына көшуі өте дұрыс және аса қажетті шешім деп санаймын. Ең бастысы, мемлекет қазынасын салықпен қамтамасыз етіп жатқан кәсіпкерлердің басым көпшілігі мұны қолдап отыр. Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.Басты мақсат – тұрақтылықты сақтау
Қазіргі таңда әлем экономикасында бірнеше өзгерістер болып жатыр. Бұл үдерістер біздің елімізге де өз әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Себебі, Қазақстан әлем саясатындағы, әсіресе, экономикасындағы өзіндік орны бар мемлекет. Осындай жағдайдың бірі доллар бағасының өсуі арқылы теңгенің еркін реттелу тәртібіне көшуінде. Шұғыл түрдегі шешімді қажет ететін бұл мәселе үш мүмкіндікті көздеді. Соның бірі теңгенің нарықта еркін реттелу тәртібіне көшіру мүмкіндігі. Бұл мүмкіндікті Елбасы жан-жақты пайымдап, қолдады. Мүлде ешқандай іс-әрекет жасамай, құр отырып, жағдайдың жақсаруын күту, ел экономикасына қауіп төндіретіні белгілі. Әсіресе, ішкі өндірістің қысқаруына және жұмыс орындарының азаюына әкеліп соғатыны анық. Осыған орай, Қазақстан Үкіметі ел экономикасының одан арғы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңге бағамын еркін айналымға жіберіп, нақты қадамдар жасады. Үкімет басшысы әлемдік экономикадағы негізгі қолайсыз өзгерістер жағдайындағы жаңа экономикалық саясат, яғни ақша-несие саясатының жүргізілуін талап етті. Бұл инфляциялық таргеттеу, яки мақсатты түрде көздеу режіміне негізделген. Оны іске асыру үшін валюта бағамының дәлізі алынып тасталып, теңгені айырбастаудың еркін бағамына көшіріледі. Аталмыш экономикалық саясат, бірінші кезекте, өндірістің құлдырауын, инвестициялық және несиелік белсенділіктің азаюын, жұмыссыздықтың артып, халықтың әл-ауқатының төмендеуін болдырмау үшін әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталады. Бұл шара экономика өсіміне серпін беріп, несие және инвестициялық белсенділіктің артуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына өз септігін тигізеді. Осыған байланысты Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе отырып, нарықтағы төл теңгені мемлекеттік реттеуден босатты. Демек, бұдан былай теңгенің долларға шаққандағы құны арнайы қаржы орталығының бақылауында болмай, әлемдік нарықта өзіндік орнын табады. Нақтырақ айтқанда, теңгенің айырбас бағамы нарықтағы сұранысты негізге ала отырып, ішкі және сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере келе қалыптасады. Алайда, қаржылық тұрақсыздық қаупі туындаған жағдайда, ішкі нарықтағы валюталық интервенцияға мемлекет әсер ете алады. Нарықтағы өзгерістерге қарамастан, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сақтап қала бермек. Ендігі жағдайда әрбір азамат қор биржасының қозғалысын күнделікті бақылап отыру арқылы теңгенің шетелдік валюталарға шаққандағы айырбас құнын біліп отырады. Қазақстанның қазынасы қара алтын саудасына тікелей байланысты екені белгілі. Бұл ретте Үкімет мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай көлемде төмендеуіне жол бермейтінін мәлімдеді. Мамандардың сараптауынша, Қазақстан жаңа ақша-несие саясатына көшіп, инфляциялық таргеттеу режімін орнатқан соң, экономика біртіндеп долларсыздандырыла бастайды. Бұл тәжірибе Австралия, Жаңа Зеландия, Польша және Ресей елдерінде жасалған екен. Яғни, болашақта Қазақстанда доллар бағамына тәуелділік деген түсініктің тіпті, жоғалуы ықтимал. Бұл да болса, ел экономикасының жаңаша дамуының бір белгісі. Сәулет САХИЕВ, «Сыр медиа» ЖШС жанындағы ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі. Қызылорда облысы.