• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2015

Ата Заң – Мәңгілік Ел құрудың кепілі

474 рет
көрсетілді

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген мақсатпен 1995 жылдың 30 тамызында еліміздің негізгі заңы – Конституция қабылданды. Конституцияны қа­был­­дай отырып, Қа­зақ­­­стан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті. Әрине, барлық мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының басты мақсаты халыққа қызмет ете отырып, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады. Өйткені, Конс­титуцияның 13-бабы 2-тармағына сәйкес, әркімнің өз құ­қықтары мен бостандықтарының сот ар­қылы қорғалуына құқығы бар. Бұл аза­маттардың құқықтарын қалпына келті­рудің тағы бір тәсілі ретінде сотқа жүгіну мүмкіндігі бар екендігінің белгісі. Сот-құқықтық реформа­лардың жүргі­зілуі мемлекетте тәуелсіз әрі жоғары сот билі­гінің орнығуына әкелді. Сотқа азамат­тардың сенімінің артқандығын жыл сайын сотқа жүгінген азаматтар арыздарының артуынан көруге болады. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, сотпен азаматтардың талап-арызының қанағаттан­дырылуы оның құқықтарының қалпына келтірілуінің кепілі болып табылмайды. Осы жерде азаматтық іс жүргізудің негізгі сатыларының бірі – сот актісін орындау барысына толығырақ тоқтауды жөн көріп отырмыз. Мәселен, азаматтық және қылмыстық (сома өндіріп алуға қатысты) құқықтық қатынастардағы соңғы саты ретінде заңды күшіне енген сот актісінің мерзімінде әрі толық орындалуы жоғарыда аталған Конституция нормасын шынайы жүзеге асыру болып табылады. Өкінішке қарай, сот актісінің мерзімінде әрі толық орындалуы бүгінгі таңда көкейкесті мәселе екендігі ешкімге де құпия емес. Осыған орай, бұл мәселені шешу мақсатында сот орындаушылар институтын жетілдіру үшін аталған қатынастарды реттеуге бағытталған еліміздің заң шығарушы органы заңнамаға толықтырулар мен өзгертулер енгізу жұмыстарын жүргізуде. Өйткені, Конституцияның 83-бабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ, заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады. Осы орайда прокуратура органдары заңдардың Конституцияға сәйкес дәлме-дәл әрі біркелкі орындалуына қадағалау жүргізуші жоғарғы орган болғандықтан заң бұзушылықтар туындауын көрген жағдайда, қарама-қайшылықтарды болдырмауды прокуратура органдарының тікелей міндеті деп білуге болады. Атап айтқанда, Қылмыстық атқару кодексінің 51-бабына сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде айыппұлды төлемеген және өзiнiң кірістерін не мүлкiн мәжбүрлеп өндiрiп алудан жасыратын сотталған адам айыппұл төлеуден жалтарып жүр деп танылады. Айыппұл төлеуден жалтарып жүрген сотталған адамға қатысты сот орындаушысы сотқа Қылмыстық кодекске сәйкес айыппұлды жазаның басқа түрiне ауыстыру туралы ұсыну жібереді. Аталған норманың мазмұнынан сот орындаушысына айыппұлды өндіріп алу туралы атқару құжатын орындау үшін бір ай мерзім берілгендігін түсінуге болады. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орын­даушысының мәртебесі туралы» Заңның 39-бабының 1-тармағына сәйкес, мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжат­тарды қоспағанда, сондай-ақ, заңнамалық акті­лермен орындаудың өз­геше мерзімдері белгi­ленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс. Аталған екі норманың арасында қарама-қайшылық бар екендігін ескере отырып, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушысының мәртебесі туралы» Заңның 39-бабының 1-тармағына «мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде, ал соттың үкімдері бойынша айыппұл өндіріп алу туралы  атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап бір айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс», деген толықтыру енгізу қажет деп есептейміз. Елімізде заңнамаға енгізіліп жат­қан өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның негізгі идеялары мен қағидаларын құқықтық мемлекет құрылымының жаңа кезеңінің аясында өмірімізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру және тиісінше ұлттық құқықтың тұрақтылығы, құқықтық реттеудің пәрменділігі мемлекеттік биліктің барлық тармағының сындарлы өзара іс-қимылына, билік органдары қабылдаған шешімдердің сапасына және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне байланысты. Айнұр ИБРАЕВА, Алматы аудандық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры. Астана.