• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2015

Бұл – қоғамдық құқықтық сананы бекітетін қадам

247 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалығымен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысында депутат Серік Ақылбай Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдады. Онда аса көкейкесті мәселе көтеріліп, былай делінеді:

«Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Депутаттық сауалымның себебі, жол қозғалысы қауіпсіздігі сала­­­сын­дағы заңнаманы одан әрі жетіл­діру мәселесі болып табылады. «Жол жүрісі туралы» Заңның 54-бабына сәйкес, жол-көлік оқи­ғасы кезінде оған қатысы бар жүргізуші болған оқиға туралы жақын жердегi iшкi iстер органына дереу хабарлауға, оны көргендердiң тектерi мен мекенжайларын жазып алуға және iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң келуiн күтуге міндетті. Алайда, кей кезде автокөлік кузовының ұсақ зақымдануына байланысты ІІО қызметкерлерін ұзақ уақыт күтіп, жолдағы көлік құралдарының қозғалысына бөгет болып бірнеше сағат бойы тосып отыру керек. Өкінішке қарай, жеңілдетілген әдіс бойынша ұсақ жол-көлік оқиғасын реттеудің нақты тетігі жоқ. Статистикаға жүгінсек, 2014 жылы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырмалы түрде жол қозғалысы саласында тіркелген құқық бұзушылықтардың деңгейі 24%-ға артыпты (2013 – 1 млн. 868 мың, 2014 – 2 млн. 321 мың). Деген­мен де, аталған статистикаға оқиға қатысушыларымен шешілуі мүмкін ұсақ жол-көлік оқиғалары қосылған. Осы орайда, залалды тікелей өтеу және жол-көлік оқиғасын рәсімдеудің жеңілдетілген тәртібі жүйесінің әрекет ету тетігін енгізу мәселесін қарастыру қажеттігі туындап отыр. Бұл «жол-көлік оқиғасын рәсімдеудің жеңілдетілген рәсімі» немесе «Еуропалық хаттама» деп аталады. Оның міндеті барлық жол қозғалысына қатысушылар­дың уақытын үнемдеу, ІІО қызмет­керлерін шақырмай-ақ ұсақ жол апатын дереу рәсімдеп, осылайша, жолдағы кептелісті төмендету болып табылады. Бұл ретте, аталған тетік егер: көлік құралдары иелерінің аза­маттық-құқықтық жауапкерші­ліктерін міндетті сақтандырудың қолда­ныс­тағы шарттары болған жағдай­да, жол-көлік оқиғасы нәти­же­сінде адамдардың өмірі мен ден­сау­лықтары­на зардап келтірілмеген жағдайда, жол-көлік оқиғасы екі көлік құралының қатысуымен (одан аз да емес, көп те емес) және жол-көлік оқиғасына қатысушылардың жол-көлік оқиғасына қатысты пікір таластары болмаған жағдайда қолданылатынын көздеу керек. Осы айтылған тетік «Жол жүрісі туралы», «Көлік құралдары иеле­рінің азаматтық-құқықтық жауап­кершілігін міндетті сақтандыру ту­ралы» заңдарға және басқа да заңнамалық актілерге толық­тырулар енгізуді қажет етеді. Егер Біртұтас экономикалық кеңістіктегі елдердің халықаралық тәжірибелерін қарастыратын бол­сақ, мұндай тетік Ресей Федера­ция­сында 2009 жылдан бастап, Беларусь Республикасында 2010 жылдан бері қолданыста, ал Фран­цияда (бұл елде еурохаттама алғаш енгізілген) полиция адамдар жарақаттанған және қаза болған жол апаттарына ғана барады. Мұндай шара жол-көлік оқиға­сына қатысушылардың құқық­тарын дербес бекітуге, аталмыш мәселені мемлекеттік органдардың қатысуынсыз реттеуге, залалды өтеу тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік жасап қана қоймай, қоғамдық құқықтық сананы бекітеді. Жоғарыда баяндалғанды ескере келе, көтерілген мәселенің маңыздылығын назарға ала отырып, сізден аталмыш бастаманы іске асыру мәселесін ағымдағы заңнамалық қызмет аясында қарыстыруыңызды сұраймын».

Сурет: kazinform.kz