Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысында депутат Серік Ақылбай Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдады. Онда аса көкейкесті мәселе көтеріліп, былай делінеді:
«Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Депутаттық сауалымның себебі, жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесі болып табылады. «Жол жүрісі туралы» Заңның 54-бабына сәйкес, жол-көлік оқиғасы кезінде оған қатысы бар жүргізуші болған оқиға туралы жақын жердегi iшкi iстер органына дереу хабарлауға, оны көргендердiң тектерi мен мекенжайларын жазып алуға және iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң келуiн күтуге міндетті. Алайда, кей кезде автокөлік кузовының ұсақ зақымдануына байланысты ІІО қызметкерлерін ұзақ уақыт күтіп, жолдағы көлік құралдарының қозғалысына бөгет болып бірнеше сағат бойы тосып отыру керек. Өкінішке қарай, жеңілдетілген әдіс бойынша ұсақ жол-көлік оқиғасын реттеудің нақты тетігі жоқ. Статистикаға жүгінсек, 2014 жылы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырмалы түрде жол қозғалысы саласында тіркелген құқық бұзушылықтардың деңгейі 24%-ға артыпты (2013 – 1 млн. 868 мың, 2014 – 2 млн. 321 мың). Дегенмен де, аталған статистикаға оқиға қатысушыларымен шешілуі мүмкін ұсақ жол-көлік оқиғалары қосылған. Осы орайда, залалды тікелей өтеу және жол-көлік оқиғасын рәсімдеудің жеңілдетілген тәртібі жүйесінің әрекет ету тетігін енгізу мәселесін қарастыру қажеттігі туындап отыр. Бұл «жол-көлік оқиғасын рәсімдеудің жеңілдетілген рәсімі» немесе «Еуропалық хаттама» деп аталады. Оның міндеті барлық жол қозғалысына қатысушылардың уақытын үнемдеу, ІІО қызметкерлерін шақырмай-ақ ұсақ жол апатын дереу рәсімдеп, осылайша, жолдағы кептелісті төмендету болып табылады. Бұл ретте, аталған тетік егер: көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершіліктерін міндетті сақтандырудың қолданыстағы шарттары болған жағдайда, жол-көлік оқиғасы нәтижесінде адамдардың өмірі мен денсаулықтарына зардап келтірілмеген жағдайда, жол-көлік оқиғасы екі көлік құралының қатысуымен (одан аз да емес, көп те емес) және жол-көлік оқиғасына қатысушылардың жол-көлік оқиғасына қатысты пікір таластары болмаған жағдайда қолданылатынын көздеу керек. Осы айтылған тетік «Жол жүрісі туралы», «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңдарға және басқа да заңнамалық актілерге толықтырулар енгізуді қажет етеді. Егер Біртұтас экономикалық кеңістіктегі елдердің халықаралық тәжірибелерін қарастыратын болсақ, мұндай тетік Ресей Федерациясында 2009 жылдан бастап, Беларусь Республикасында 2010 жылдан бері қолданыста, ал Францияда (бұл елде еурохаттама алғаш енгізілген) полиция адамдар жарақаттанған және қаза болған жол апаттарына ғана барады. Мұндай шара жол-көлік оқиғасына қатысушылардың құқықтарын дербес бекітуге, аталмыш мәселені мемлекеттік органдардың қатысуынсыз реттеуге, залалды өтеу тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік жасап қана қоймай, қоғамдық құқықтық сананы бекітеді. Жоғарыда баяндалғанды ескере келе, көтерілген мәселенің маңыздылығын назарға ала отырып, сізден аталмыш бастаманы іске асыру мәселесін ағымдағы заңнамалық қызмет аясында қарыстыруыңызды сұраймын».
Сурет: kazinform.kz