Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің ақпараттық-насихаттық тобы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын насихаттау үшін және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар аясында Арқалық қаласында болып, «Торғай өңірінің таланттары» айдарымен концерт қойды. Науырзым, Жангелдин, Амангелді аудандық және Арқалық қалалық ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлері осы өңірдің ағартушы, өнер тұлғалары туралы айтып берді.
– Біздің облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері Президент Жолдауларында айтылатын қазақ тілін дамыту ісін жүзеге асыру бағытында жұмыстың жаңа формаларын қарастыруда. Ең бастысы, жұртшылық арасында полиция беделін қалыптастыруды мақсат тұтып отырмыз. Бүгінгі концерт соның дәлелі, – деді Қостанай облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Ералин.
Арқалықтық көрермендер назарына полиция қызметкерлері өздерінің атақты жерлестері пайдаланған жәдігерлерден көрме ұсынды. Науырзымдықтар тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтің суреттері мен спорттық жарыстардан алған вымпельдерін көрсетті. Олар концертке келгендерге Шаяхметовтің суреті салынған және ол туралы ақпаттар жазылған альбом таратты.
Сонымен қатар, жерлесі, атақты сатирик Сейіт Кенжеахметовтің «Екі саңыраудың әңгімесі» атты интермедиясын сахналады. Амангелді ауданының тәртіп сақшылары жазушы Сәбит Досановты, ақын Ғафу Қайырбековті, Сырбай Мәуленовті мақтан тұтатындықтарын көрсетті. Ал Жангелдин аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың Семей түрмесінен анасына жазған хатын сахналауы шараның нағыз шарықтау шегіне айналды. Осылайша, облыстық ішкі істер департаментінің ақпараттық-насихаттық тобы енді бұл жұмысын облыстың өзге өңірінде жалғастырмақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
АРҚАЛЫҚ.